Шынар Меджанова, кәсіпкер: Мақсатым — әйелдердің өмірін жеңілдету

"ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК КӘСІПКЕРІ - 2024" БАЙҚАУЫ
view 406
news

Сурет: Салтанат Есенқұлова

Астаналық  кәсіпкер Шынар Меджанованың есімі көпшілікке  әлеуметтік  желі,  теледидар  арқылы алғаш  таныс болды.  Жастайынан  еңбекке құштар  Шынар Ержанқызы қазір  өзінің "Tompaq_food" жартылай дайын өнімдері арқылы жеке кәсібін  дөңгелетіп,  нарықта орын алуға талпынып жүр.  Бұл талпыныс тек қана табысты көздемейді.  Кәсіпкердің мұраты өзі жақсы көретін  іс арқылы қаржы таба отырып, әйелдердің өмірін жеңілдетуге үлес қоспақ.  Яғни, ас үй ханшайымдарына жедел көмекке келетін  Шынардың "Tompaq_food" жартылай дайын өнімдері қазір бас қалада сұранысқа ие бола бастады.
"Tompaq_food – балаларға арналған қауіпсіз тағам бренді.  Балалардың күнделікті ас мәзірін тексерілген, сапалы және табиғи өнімдерді дайындау арқылы қауіпсіздігін қамтамасыз ету - басты мақсатымыз дейді. Тұтынушыларды қызықтырып отырған  бірінші себеп —өнімнің сапасы, тазалығы мен  тіл үйірер ерекше дәмі.
—Үнемі ізденісте жүргенді жақсы көретін  жанмын, —деп бастады Шынар Ержанқызы бізбен  әңгімесін,  — Бұл менің айналысып жатқан  бесінші кәсібім екен.  Түрлі саланың «құлағынан ұстап», ыстығын да, суығын да көру арқылы тәжірибе жинап келемін.  Ал, бұл саланы нағыз өзімідікі деп айта аламын.  Неге десеңіз, кішкентайымнан  ас әзірлеуді ұнататынмын және сертификатталған  аспаз бойынша мамандығым да бар.  Бірақ,  осы қабілетім  бір күні кәсібіме айналады деп ойламаппын.  Барлығы да өмірлік қажеттіліктен туындады. Өздеріңіз білетіндей, мен жалғызбасты анамын. Үй жұмысына да, түз тіршілігіне де  бірдей өзім жүгіретін болғандықтан кейде асүйде ыстық астың иісі мен дәмін шығарып, дайындауға үлгермей қаламын.  Осындайда аспаз жалдасам ба деген де ой мазалады.  Бірақ,  аспаз дайындап кеткен бір қазан асты бір апта жылытып жей беруге зауқымыз соқпасы анық әрі ол денсаулыққа да зиян. Күнделікті асүйден хош иістің танау жарып тұрғанына не жетсін? Сөйтіп, аспаз жалдау туралы ойымнан бір сәтте айныдым. Осындай қажеттіліктен,  уақыт тапшылығынан   дүкеннен  жартылай дайын  өнімдерді әкеп,  жей саламыз. Бірақ,  дәмі үйдікіне жетпейді.  Осылайша үйдің дәміндей жартылай дайын өнім жасап, неге сатпасқа деген  ой туды.  Осы ойды жүзеге асырып, кәсіпке айналдырдым.  Басында франшиза ретінде бастадық, оған  қомақты қаржы құйдық.  Бірақ,  уақыт өте бөлініп шығып,  өзіміздің жеке  брендімізді қалыптастыру жолына еңбек еткенді дұрыс деп  таптым. 
"Табыс адамдарға қызмет ету арқылы келеді" деген қағиданы ұстанған Шынар Ержанқызы өз кәсібін осы мақсатта жүргізіп келеді. Қазіргі таңда ол психолог мамандығын меңгеріп, бұл бағытта да көпшілікке пайдалы болуды көздейді.
Тұтынушылардың ризалығы — ең басты жетістігіміз.  Біздің ең бірінші мақсат өнім көптің көңілінен  шығатындай ету, ол үшін  үйдегідей дәмді етуге барынша тырысудамыз. Көбінесе  дүкендерде жартылай дайын өнімдердің сақталу мерзімі ұзақ болсын  деген  оймен  түрлі қоспалар  қосып жатады,  түшпаралардың арнайы аппаратпен  жасалатыны көрініп тұрады. Ал, бізде түшпараны өзіміздің зейнеттегі қаракөз әжелеріміз  қолдан түйіп  дайындайды.  Тіпті,  «магги», «галина блонка» сияқты түрлі зиянды дәмдеуіштер қосылған  қара суға қайнатпасын деген  оймен  қайнатылған  еттің сорпасын  қосып ұсынамыз.  Білгенге, жартылай фабрикаттар қашан да ыңғайлы, жылдам, пайдалы және дәмді. Дайын өнім алтындай қымбат уақытыңызды үнемдейді.
Біз премиум жартылай фабрикаттардың кең ассортиментін ұсынамыз. Олар - самса, манты, пельмен, вареник, котлет және тефтел, тағы басқалар.  Өнімдер барлық стандарттарға сай жарақтандырылған арнайы цехта жасалады. Өндіріс барысында сиырдың балғын етін, сондай-ақ жоғары сапалы ұн пайдаланамыз. Біздің жартылай фабрикаттар құрамында ГМО немесе зиянды компоненттер жоқ,  барлығы тазалық  талаптарына сай тексерістен  өтіп  тұрады және сертификатталған.  Барлық өнімдер қолмен дайындалады. Содан кейін небәрі бірнеше минуттың ішінде жедел мұздатуға жіберіледі. Бұл әдіс өнімнің дәмін қаз-қалпында сақтайды, ет құрылымының өзгеріссіз қалуын қамтамасыз етеді.
Әрине,  өнім түрі неғұрлым көп,  ауқымды болса  табыс та жоғары.  Сондықтан,  алдағы уақытта  ассортиментті көбейтуді жоспарлаудамыз.  Жоғарыда айтқанымдай біз табыс табуға жұмыс істеп отырғанмен, өнімнің сапасы мен  тұтынушы денсаулығы да назарымыздан тыс қалмайды. Өзім Үндістанда біраз уақыт тұрып келгендіктен,  аралас ас мәзірін  дайындауды қолға алудамыз.  Қазіргі уақытта біраз  адам ет жеуден  бас тартып  жатқандықтан,  тауықтан, ірімшіктен  жасалатын  тағамдар  сұранысқа ие. Осы сұранысты ескере отырып, алдағы уақытта тибет мантысын ас мәзіріне енгізуді жоспарлап отырмыз. Ал,  бұған дейін  ешқайда болмаған  тағы бір жаңалығымыз,  дайын  сорпа өнімін қатырып,  ұсынудамыз.  Әдетте жартылай фабрикаттар  ұннан  жасалатын  қою тағамдар  болып  келеді де, сұйық тағам ішкісі келетіндер қытайдың лапшасын сатып алады.  Он бес минутта дайындалатын біздің мұздатқышта қатырылған  сорпа арнайы қалташада сақталады.  Жанында қажетті көлемде тартылған еттен  фрикадельки, сәбіз, пияз бен лапшасы бар. Ал, ашытылған қамырдан  кесіліп, қатырылған  күйдегі қамырды ыстық майға қуырып  алсаңыз  тез арада бауырсағыңыз дастарқанға шаймен  бірге келе қалады. Тапсырып берушілер менеджер-кассирге вацап нөмірі арқылы хабарласып, көрсетілген  мекен-жайға дейін  жеткізіп  беру қызметімен алдыра алады. 
Бұдан  бөлек дүкендерге де таратылады. Бүгінде Астанадағы он шақты дүкеннен біздің өнімдерді алып, дәм татуға болады, алдағы уақытта бұл нүктелерді кеңейтіп, көбейту жоспарымызда бар.  Ал, «Өзгеше» кофеханасында өнімдеріміз дайын түрде ұсынылуда. Біздің басты тұтынушыларымыз  жас отбасылар мен  студенттер.  Олардың көшеден  тез дайындалатын  фастфуд өнімдерінен жартылай дайындалған  үй тағамдарына қызығушылықтары артуы бізді қуантады.  Өйткені,  «ас —адамның арқауы» десек, сапалы азық—денсаулықтың кепілі. Тағамдарымызда арнайы мәзірлер төрт түрге топтастырылған.  Біріншісі  құны 5 мың теңгелік, үш тағамнан  тұратын мәзір. Екіншісі құны 10 мың теңгелік балаларға арналған 6 тағамнан тұратын мәзір. Үшіншісі 15 мың теңгелік  7 түрлі кешкі астан  тұратын мәзір. Бір рет алып қойсаңыз, 7 күн бойы жұмыстан  асығып  кеш келгенде тамақ әзірлей бересіз. Төртіншісі 20 мың теңгелік ең үлкен мәзіріміз қонаққа жайылатын  дастарқанды қамтиды яғни арнайы қонақ күтуге дайындалған мәзір.
Айта кетейік балларға арналған мәзірде  бауырсақ, ірімшік,  тауық етінен  котлет сияқты тағам түрлері де ескерілген.  
 Мектеп асханаларына да өнімдерімізді жеткізудеміз, алдағы уақытта үлкен  компаниямен  келіссөздер  жүргізілуде. 
Өзім де бала тәрбиелеп , өсіріп отырған  ана болғандықтан,  тағамның сапалы,  қауіпсіз болғаны мен үшін  аса маңызды.  Өнімдеріміз аптадан артық дүкен сөрелерінде жатпайды, құрамында минералдары мен дәрумендер толық сақталған.  Күніне 100 килодай өнімді нарыққа шығарамыз.
Егер жартылай фабрикат неғұрлым ұзақ сақталса соғұрлым зиянды қоспасы мол деген сөз. Шикізат та бұл ретте аса маңызды.  Біз  ұннан  жасалатын  тағамдардың салмасына,  котлет, фрикадельки өнімдеріне тауықта шетелден  емес,  өзіміздің отандық өнімді қолданамыз.  Бұл сенімді. Ал, етті соғыммен аламыз да сүйегін қатырылған сорпаға, етінен  манты, түшпара, тағы басқа ас әзірлейміз. Ешқандай дәмдеуіштер қоспайтындықтан біз жас малдың етін  аламыз. Жас малдың еті дәмді әрі тез, жұмсақ болып піседі. Тапсырыспен жеткізілетін шикізаттардың барлығы тексеріледі.  Ол үшін  арнайы келісім-шарт құжаты түзілген.  Бірде қаппен әкелінген  пияздың бір жақ шеті босап,  жарамсыз болып  қалғаны анықталды.  Оны жеткізушіге тез арада қайтарып,  басқасын  әкеп беруді талап еттік.  Яғни, сапасыз шикізат бізде тиісті құжаттармен ресімделіп, ауыстырылады. Мамыр айынан  басталған  кәсібіміз Аллаға шүкір адамдардың сеніміне, тұтынушылардың риза көңіліне ие болып  жүр.  Біз осы сенімді үлкен  цехқа айналдырғымыз келеді.
Қазіргі уақытта жаңа цехқа көштік. Цехта қызметкерлерге де, тұтынушыларға да ыңғайлы болуы үшін санитарлық талапқа сай барлық жағдай жасалған.  Ең жоғарғы сөрелерге дейін  залалсыздандырып,  тазартылған.  Қазір өзге саладан  тапқан  қосымша қаржыларым да осы кәсіпті кеңейтуге жұмсалып  жатыр.  Ал,  мемлекеттен  берілетін  мүмкіндіктерге енді иек артып,  құжаттар  жинап, қатысқымыз келеді.  Қамыр жайғыш, екі мұздатқыш, тағы басқа қондырғыларымыз бар,  — дейді Шынар ханым.
Шынардың  өмірлік мұратын да айқындап,  оны табысқа да айналдырып  жүрген, жас та болса  іскерлік  қабылетімен  танылған  еңбекқорлығы үлгі. Асүй ханшайымынан кәсіпкер леди болуға дейінгі ұмтылысың сәтті болсын дейміз! 
 
Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *