«Мақсатымыз — 100 миллионға дейін  қайырымдылық жасау»: кәсіпкер Әлия Жанәділова мен Дидар Келгенбай

"ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК КӘСІПКЕРІ - 2024" БАЙҚАУЫ
view 874
news

janabastau.kz

Қазақ нақылы «Кәсіп ет те нәсіп ет» деген.  Бүгінде «екі қолға бір  күрек»  тауып қана қоймай,  қаншама жанды жұмыспен  қамтып,  мұқтаждардың мұң-қайғысын  сейілтіп  жүрген  азаматтар  арамызда баршылық.  Солардың бірі,  Астана қаласының тұрғындары,  жомарт жандар  Жанәділова Әлия Хайырсанқызы мен  Келгенбай Дидар Ақашұлы. 

 Бүгінде жазғы маусымда құлпынай мен  таңқурай сатып,  астаналықтардың жидекке сұранысын  өтеп отырған  кәсіпкерлермен  сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.  
— Әлия Хайырсанқызы,  өздеріңіз айналысып  жатқан  жидек сату кәсібі туралы айтып  берсеңіз.  Қазір маусым кезінде тұрғындардың сұранысын  өтей алып жатсыздар ма?
Әлия Хайырсанқызы: 
— Шүкір, Астана қаласында сатылып жатқан  әрбір  үш жәшіктің екеуі біздің сатылымдағы өнімдер.  Бұл барлық өнімнің 70 пайызын  және тұрғындар  сұранысының  70-80 пайызын  құрайды. Шарын  көтерме базарына таңғы үштен  бастап  жүк көліктеріміз келіп  тұрады.  Дәл қазіргі кезде жидектер  Қырғызстаннан  және Алматыдан  жеткізілуде. Негізі Қазақстанға барлығы сегіз мемлекеттен  жидектер  тасымалданады. 
Біздің жігіттер  әкелінген  өнімдерді сұрыптап,  Сауран, Көктал, Шапағат базарларына жөнелтеді.  Түнгі үштен  басталған  өнімді еңбек таңғы жетіде аяқталып, көліктерді босатуымыз тиіс. Күндігіне 20-25 тоннаға дейін,  ал сенбі-жексенбі күндері 25-34 тоннаға дейін  тауар қабылдаймыз. Соның бәрін  түске дейін  таратып,  сатуымыз керек. Өйткені,  өздеріңіз  білесіздер,  түстен  кейін  жидектер  суы ағып,  езіле бастайды. 
— Жазғы маусым нағыз  сұраныс кезеңі,  қазір жұмыстарыңызда қандай ерекшелік  бар?
— Рас айтасыз,  тосап  жабу маусымы қызған  сәт. Осыған  сәйкес құлпынайдың да түрлері көп. Қырғызстаннан келетін  жидек сулы,  нәрлі болса, Алматынікі етті болып  келеді. Сондықтан қырғыз ағайындардың жидегін тосапқа пайдаланса, жергілікті өнімді мұзда қатырып сақтау үшін  сатып алады. Алматының өнімі суы ағып кетпейді, әрі дәмді. Жоғарыда айтқанымдай, сұрыпталған  өнімдердің жақсысын  ірі базарларға жөнелтіп, қалғанын  көтерме бағаға сатамыз және қаладағы кішігірім дүңгіршектер  сату үшін екі-үш жәшіктен алып кетеді.   Бұдан  бөлек, қала сыртынан,  Көкшетаудан  келіп  алады. 
— «Еңбек түбі — береке» демекші,  осындай нәсіпті кәсіптің  өзіндік  қиындықтары да бар  шығар? 
— Иә,  кедендік кедергілерге байланысты кейде жүк көліктері кешігіп келеді. Жидектер тез бұзылатын өнім болғандықтан,  бұл кәсіпте тәуекелге жиі бас тігеміз. Кейбір тасымал кезінде  3-4 миллион теңгеге дейін  шығынға ұшырап  қаламыз, мұздатқыш істемей қалады немесе өнім сатылмай қалады дегендей...Бірақ,  қиындықсыз еңбек жоқ.  Осының барлығын  командадағы жігіттермен  бірге еңсерудеміз. Қоластымыздағы жігіттердің барлығы да қарапайым еңбек адамы,  шаруа отбасынан,  ауылдан  келген  жастар  болғандықтан  темірдей тәртіпке  үйренген.  Қазір барлығы 60-65 адам жұмыс істейді,  еңбекақыларын  тұрақты төлейміз.  Арнайы пәтермен  қамтамасыз етіп,  үш мезгіл тамақ беріледі. Бұдан  бөлек жігіттерге мотивация болсын  деп  демалыс орындарына аптасына екі рет апарып  тұрамыз.  Команда өте ұйымшыл, жат әдеттерден  аулақ.  Алған  еңбекақыларын  ата-аналарына апарып,  кредиттерін  төлеп,  оқуға керек-жарақтарын  түгендеп,  отбасын  қуантып  жатады.  
—Дихандар  бізге өнімін  алты ай бойы үздіксіз жіберіп  тұрады.  Жұмыс тәртібі қатаң екенін  айтып  өттім.  Жазғы маусымда жұмысшылар  қатарын  каникулдағы студенттер  мен  оқушылар  толықтырады. Жүргізушілерге бір рейске 750 мың теңге беретіндіктен,  олар аптасына үш рет келіп,  нәпақа тапқылары келіп тұрады. Жалпы құлпынай бизнесімен  Шарын  базарында айналысып  жүргенімізге он бес жылдай уақыт болып қалды.  Біздің күнделікті сүрінгеніміз,  қайта тұрғанымыз,  барлығы осындағы базаршылардың көз алдында. Бұл кәсіп  не бар , не жоқ қылатын  бизнес.  Қарызға да белшеден  батып,  мойымадық. Кейде шығынға жұмыс сітейтін  кездер  болады, оның барлығын  сыртқа білдірмегенмен,  сауданың заңы солай.  Көндіккен істейді,  көндікпеген  қолын  бір сілтеп  кетеді.  Түнгі онда үйге барып,  таңғы үште қайта оянып жұмысқа келеміз,  яғни үйдің бетін  көрмей жұмыс істесең ғана оның нәтижесі болады. Ұжымға да талап  солай,  қарашада тек бір  ай демалады,  қалған  уақытта сұрануға рұқсат жоқ. Жер еміп,  тер төгіп отырған  диханшылардың да еңбегін  ақтауымыз керек.  
—Алдағы мақсат-жоспарларыңыз қандай?
—Жыл сайын  ТМД аумағына қаншама жүк көлігімен  жеміс-жидек тасымалданады. Олар  әрбір  көліктің есебін  алып,  тіркеп отыратыны белгілі.  Міне,  осы көрсеткіш бойынша біз соңғы үш жылда бірінші орындамыз.  Кеденнен  арнайы мамандар  хабарласып,  бізді бұл жетістігімізбен  марапаттамақ та болады. Бірақ,  өздеріңіз білетіндей,  қазір нағыз жұмыстың қызған  шағы,  тастап  кете алмаймыз. Бұның барлығы адал еңбектің арқасы деп ойлаймын.  Қазір  серіктесім Дидар  екеумізді көпшілік танып қалды.  Соңғы екі жылға дейін  жұмысты офлайн атқарсақ,  кейінгі кезде онлайн жұмысты да қолға алдық.  Нәтижесінде,  сұраныс та артып,  серіктес болуға ниет білдіргендер  көбеюде. Турция, Египеттен де ұсыныстар  болды.  Қазақстанда қазір барлығына белгіліміз деп  ойлаймын,  арман-мақсат көп.  Қыста жылыжай өнімі жеткіліксіз болғандықтан,  Астанадан өзіміз жылыжай ашып,  сұранысты өзіміз қамтамасыз етсек дейміз. 
—Сіздерді көпшілік қайырымды жан  ретінде де біледі.  Қаншама мұқтаждарды қуанышқа кенелтіп жүрсіздер.  Мұның сыры неде?
—Қолыңнан  келсе  адамдарға қайырлы болғанға не жетсін? Дидар  Ақашұлы екеміз бұрыннан  қайырымдылыққа құмармыз.  Былтыр өзіміздің 50 миллион теңгеге дейін  қайырымдылық  жасаймыз  деген  жоспар-ниетіміз болды,  ал биыл  бұл межені 100 милллионға жеткізсек дейміз. Саудада жүргендіктен    елдің батасымен  көгереміз,  содан  шабыт аламыз. Жұма сайын  бір мал  сойып,  етін  мұқтаждарға таратамыз. Жақында жасы жетпіске  таяған,  мүгедек қызы бағып отырған тоқсан жасқа келген  қарияға Астанадан баспана әпердік.  Бұл екі әже бұған  дейін бес жыл  бойы қамқорлығымызда болған,  тамағы, пәтерақысын төлеп тұратынбыз.  Сондай-ақ, жыл сайын  300-400 адамға ауызашар беріп,  қазақтың ұлттық ойындары мен  өнерін  паш етемізх. Бұл төрт жылдан бері дәстүрге айналдырған  шарамыз.  Былтыр  күз айында жиын-терім аяқталғанда сабан той ұйымдастырып,  жастарға насихаттадық.  Ұмыт болған  ұлттық  құндылықтарымызды осылай ұрпақ жадына сіңіруге үлес қоссақ дейміз.  
—Дидар Ақашұлы, жас та болсаңыз іргелі істердің басынан  көрініп жүрсіз.  Сіздің ойыңызша табысты болудың мәні неде?
 
Дидар  Келгенбай:  
— Өте орынды сұрақ  деп ойлаймын. Менің де өмірдегі мақсатым  тек ақша табу емес,  жалпы адамзатқа пайдалы болу. Бұл сұрақ мені жастайымнан  ойландыратын  десем артық айтқаным емес.   Бүгінде Аллаға шүкір, кәсіппен  айналысып,  алақанымызға береке  дари бастаған  соң осы арманды жүзеге асырудамыз.  Алғашында қайырымдылық шарасын  екі жүз мың теңгемен  бастағанбыз.  Кейін  бұл істі нақты жоспарға айналдырдық. Қарап  тұрсаңыз, елімізде барлығы 6500-ден аса ауыл бар екен.  Оның жоқ дегенде тең жартысының жағдайы ортадан  төмен. Егер   әр азаматтың Отан алдындағы өмірлік  миссиясы дұрыс әрі   пайдалы болса жан-жағымызға жақсылық  жасауға болады. Өйткені әр мұқтаж  адамның  жылы ықыласын  естіген  сайын  жүрек нұрланып,  сергіп, күш-қуат аламыз. Бұл өзіме  қатты ұнайды.  Біз алдағы уақытта жылына бес жүз-алты жүз миллион теңгеге дейін  садақа беруді жоспарлап отырмыз.  Бұрын  табыстың  он пайызын  қайырымдылыққа жұмсасақ,  енді отыз-қырық пайызға дейін  көбейтуді ойлаймыз. Мәселе садақаны қанша бергенінде емес,  қандай ниетпен  беруде. 
Негізі көпшілігі ойлайды,  егер ақша тауып алсақ, арман-мақсатымыз содан  кейін  пайда болады деп... Бірақ шындығында адамда  бірінші ниет-жоспар  болса, сол   мақсаттың жолында ақша табылады деп  ойлаймын. Мысалы дәл қазір менде  егер бір жылда алты жүз миллион  тапсам,  оның жаратылу жоспары дайын.  Өзім айналама пайдам тимесе  де зияным тимесін  деген  ұстанымдамын. Адамдар  әркез жақсылықты жариялап,  адами құндылықтарды насихаттау керек деп ойлаймын. Сонда өзгелер де жақсылыққа ұмтылады.  
 
—Әңгімелеріңізге рақмет!
 
 Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА

Оқи отырыңыз

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *