Ұлы Отан соғысының ардагері 102 жастағы Нұрқасым Әжітаев референдумда дауыс берді
Фото: Қосшы әкімдігі
Ақмола облысы Қосшы қаласының №750 сайлау референдум учаскесінде Ұлы Отан соғысының ардагері Әжітаев Нұрқасым атамыз өз таңдауын жасап, дауыс берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Елдің болашағы үшін әрбір қазақстандық референдумда өз дауысын беруге міндетті. Бүгінгідей ел еңсесін тіктеген шақта ауызбірлігіміз мықты болуға тиіс, – деді қарт майдангер.
Сондай-ақ, қарт жауынгер референдумға келушілерге, комиссия мүшелері мен байқаушыларға бүгінгідей маңызды саяси науқанның сәтті өтуіне тілектестігін білдіріп, ақ батасын берді. Жалпы, қосшылықтардың референдумға деген белсенділігі жоғары деңгейде байқалуда.
Айта кетейік, Нұрғасым Әжітайұлы 1925 жылы 1 қаңтарда Семей облысы Абралы ауданының Сарықамыс деген жерінде дүниеге келген. Қазақ даласын жайлаған ашаршылық жылдары Құлжабасыға, кейін Семейге отбасымен қоныс аударады. 1938 жылы еңбек ұжымшары құрылып, 7 жылдық мектеп ашылуына орай 13 жасар Нұрқасым мектеп табалдырығын аттайды. Нұрқасым Әжітайұлы әскер қатарына 1943-інші жылы қаңтар айында Жаңасемей аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен қабылданады. Өрімдей жігіт бір жылдың ішінде Новосібір қаласындағы мергендер мектебін үздік тәмамдап, нысана көздеуден алдына жан салмай, қолына берілген үш оқты да дөп тигізеді.
Басшылықтың назарына іліккен сарбаз бірден жолдамамен Мәскеу түбіндегі шайқасқа аттанады. Құралайды көзге атқан мерген кейін Маршал Малиновскийдың қолбасшылығымен Керчь қаласын жау қолынан азат етуге қатысады. Берлинді алуда және Курск доғасындағы шайқаста авиациялық қызметтің атқыштар сапында жауынгер болды. Жеңісті қарсы алысымен, 1945-інші жылы тамыз бен қыркүйек айларында Жапониямен соғысатын жауынгерлерге ілесіп, 293-інші атқыштар дивизиясымен келесі қан майданға аттанады.
Квантон әскерімен кескілескен ұрыста Нұрқасым Әжітаев асқан ерлігімен көзге түсіп марапатталады. Соғыс аяқталғаннан кейін майдангер Читадағы училищеде ұстаздық етіп, жастарды әскери қызметке баулиды. Әскери әуе ұшақтарында моторист болып, еңбекқорлығымен талмай қызмет атқарады. Сондай-ақ, Владивастоктың Артем қаласының комсомол ұйымында жетекші болып, Краснояр өлкелік съезге екі рет делегат болып қатысты.
Туған елге тек араға сегіз жыл салып, 1951-інші жылы оралады.
Абыралы ауданы оқу бөлімінде әскери инспектор болып еңбек еткен Нұрқасым Әжітаев отбасымен Шар қаласына көшіп, темір жолдың Шаған станциясында кезекші болды. Кейін Кеңшар директорының шақыруымен Қайнарда ағаш шеберханасында меңгеруші болып 20 жыл еңбек етеді. Әке-шешеден де ерте айырылып, ащы тағдыр тезімен таласып өскен майдангер отбасы құндылығын жоғары бағалайды. Нұрзиләт Құсайынқызымен шаңырақ көтеріп, бүгінде жеті баласынан он немере, тоғыз шөбере сүйіп отыр.


Пікірлер (0)