Жалақы мен зейнетақы: Зейнеткерлер неге жұмысын жалғастырғысы келеді

Жаңалықтар
view 115
news

Коллаж: дереккөз

Қазақстанда зейнет жасы мен зейнеткерлердің еңбек ету құқығы қоғам назарында тұрған өзекті мәселе. Әлеуметтік кодекске сәйкес, зейнет жасына жеткен азаматтар жұмыс күшінің құрамына кірмегенімен, өз қалауымен еңбек етуге құқылы, деп хабарлайды baq.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай адамдар үшін ешқандай шектеу жоқ екенін айтады. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те бұл – әр азаматтың жеке шешімі екенін атап өтті.

Ал елімізде бүгінде шамамен 2,5 миллион зейнеткер бар, олардың басым бөлігі Алматы, Түркістан және Қарағанды облыстарында тұрады. Зейнеткерлердің бірі “жастарға жол берейік” десе, енді бірі “тәжірибе мен күш-қуат барда еңбек ету – парыз” дейді.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, Әлеуметтік кодекс пен Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарына сәйкес, жұмыс күші қатарына жұмыспен қамтылған және жұмыссыз халық жатады. Ал зейнет жасына жеткен азаматтар жұмыс күшінің құрамына кірмейді, бірақ өз қалауы бойынша еңбек етуге құқылы.

Сонымен қатар, зейнет жасына жеткен қызметкермен еңбек шарты оның кәсіби және біліктілік деңгейі жоғары болып, еңбекке қабілеттілігін сақтаған жағдайда жыл сайын шектеусіз ұзартылуы мүмкін.

Осылайша, зейнет жасына жеткен адамдардың еңбек қызметін жалғастыруына ешқандай шектеу қарастырылмаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: БЖЗҚ зейнетақы жүйесін жаңартуды ұсынды: не өзгереді?

Қазақстанда 993 мың теңге зейнетақыны кім алып отыр? – БЖЗҚ мәліметі

Қазақстандағы әр төртінші азамат зейнетақысыз қалуы мүмкін

Қазақстандықтар зейнетке неше жастан шығады?

Зейнет жасы – көптеген елде маңызды тақырып және Қазақстан да одан қалыс емес. Ғаламдық экономикалық және демографиялық өзгерістер талабымен зейнет жасын көтеру халықаралық тәжірибеге айналуда. Өмір сүру ұзақтығының өсуі және халықтың қартаюы жұмыс жасайтын азаматтарға салмақ салады.

Қазақстандағы жалпы белгіленген зейнет жасы:

  • Ерлер: 63 жас.
  • Әйелдер:
  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жас;
  • 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жас;
  • 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жас;
  • 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жас;
  • 2031 жылғы 1 қаңтардан бастап – 63 жас.

ҚР Әлеуметтік кодексінің 207-бабына сай кейбір азаматтардың бюджет қаражаты есебінен жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін жеңілдетілген жасы бар, олар жалпыға белгіленгеннен өзгеше болуы мүмкін.

«Зейнет жасына жеткен адамның жұмыс істеу-істемеуі – оның өз шешімі»

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтен зейнетке шықса да, жұмыс істеп жүрген азаматтарға қатысты ойын білдік.

Бұл – әр азаматтың жеке шешімі. Егер мемлекет тарапынан мұндай адамдардың жұмыс істеуін шектейміз десек, менің ойымша, ол дұрыс болмайды. Өйткені адамдар зейнет жасына еріккеннен жетіп, жайдан-жай жұмыс істеп жүрген жоқ қой. Иә, егер олардың қаражаты жеткілікті болып, қазіргі баға мен күнкөріс деңгейінде өмір сүруге мүмкіндігі болса, әрине, демалуға да болады. Бірақ шын мәнінде, қазір жағдай басқаша. Егер бәрі тек “зейнетке шықтым” деп үйде отырса, онда кім жұмыс істейді? Сондықтан “жастарға жол ашайық, ал үлкендер үйде отырсын” деп біржақты айту оңай, бірақ менің ойымша, бұл жауапкершілікті көзқарас емес, – деді депутат.

Оның сөзінше, бұл – азаматтардың заңмен берілген құқығы. Егер бір адам өзінің жұмыс істеуге шамасы бар деп санаса, біліктілігі мен тәжірибесі жеткілікті болса және жұмыс орны бар болса, неге жұмыс істемеске? Бұл – жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы мәселе.

Мысалы, кейбір мекемелерде жас мамандарды көбірек тартқысы келетіндер бар, ол да дұрыс. Ал кейбір өңірлерде, әсіресе ауылдарда, керісінше кадр тапшылығы сезіледі. Мәселен, білім саласында математика, физика, химия пәндерінен мамандар жетіспейді. Мұндай жағдайда біз өзіміз де бұрын зейнетке шыққан мұғалімдерге қайтадан жұмыс істеуді ұсынғанбыз. Кейбірі “мен жұмысымды атқардым, енді демалам, немерелерім бар” дейді, бірақ кейде шын мәнінде маман жетіспей тұрған кезде оларды тағы бір жылға, тіпті бірнеше жылға шақырамыз. Ал кейде керісінше, адам өзі кеткісі келмей, жұмысын жалғастырғысы келеді. Бұл да қалыпты жағдай, – деп айтты Аймағамбетов.

Депутат атағандай, әр жағдайды жеке қарастыру қажет. Бұл – әрі азаматтың, әрі жұмыс берушінің құқығы. Мұнда белгілі бір тепе-теңдік болуы тиіс.

Асхат Аймағамбетовтің пайымдауынша, әрине, жастарды қолдау мәселесі де маңызды. Бірақ жас – жалғыз өлшем емес. Маңыздысы – маманның кәсібилігі. Егер ол, мысалы, мықты мұғалім болса, ол жас болсын немесе зейнет жасындағы адам болсын – бәрібір, ең бастысы, ол өз ісін жақсы атқаруы керек.

Дегенмен, егер жас маман білікті әрі қабілетті болса, оған басымдық беру де орынды. Сондықтан мәселе адамның жасында емес, оның мамандығында, тәжірибесінде және кәсіби шеберлігінде.

Зейнеткерлер қай өңірде көп?

“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының дерегінше, қазіргі таңда Қазақстанда зейнет жасындағы шамамен 2,5 млн адам тіркелген.

Зейнеткерлер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр – мұнда зейнет жасынан асқан 260 364 адам тұрады.

Екінші орында – Түркістан облысы (206 065 зейнеткер), ал үшінші орында Қарағанды облысы (186 093 адам).

Зейнеткерлердің ең көп саны тіркелген өңірлердің ондығына сонымен қатар:

  • Алматы облысы – 173 706 адам,
  • Астана қаласы – 153 911 адам,
  • Жамбыл облысы – 143 378 адам,
  • Қостанай облысы – 142 276 адам,
  • Шығыс Қазақстан облысы – 141 676 адам,
  • Павлодар облысы – 125 474 адам,
  • Ақмола облысы – 118 905 адам кірді.

Мәліметтерге қарағанда, ел халқының зейнет жасындағы айтарлықтай бөлігі ірі қалалар мен экономикалық тұрғыдан дамыған өңірлерде тұрады. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы демографиялық және әлеуметтік ерекшеліктерді айқын көрсетеді.

Қорытындылай келе, зейнеткерлердің кейбірі “жастарға жол беру керек” деп санаса, басқалары күш-қуаты барда еңбек ету – парыз дейді. Мысалы, медицина мен білім саласында тәжірибелі мамандардың қызметін жалғастыру қоғам үшін маңызды. Қорытындысында, зейнетке шығу – бұл тек формалды мәртебе, ал еңбек ету мүмкіндігі мен құқықтары заңмен қорғалған.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жалақының төмендігі халықты қосымша жұмыс істеуге мәжбүрлеп отыр

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *