Зорлыққа жол берілмейді
Жастар арасында қылмыс, өрескел мінез таныту, ашушаңдықтың туындау себебін саралаған эксперт психолог Лола Сергеевна: – Бүгінгі семинар қоғамдағы өзекті тақырыпты қозғап отыр. Алдымен жастар арасындағы өзара келіспеушіліктің орын алуының негізгі себебіне тоқталып өткен жөн болар. Білім мен ақпарат ағынының мол заманында білімді, ой-танымы жоғары жастардың арасында болатын келіспеушіліктің салдары отбасылық жағдайға да кері әсерін тигізетіні белгілі. Алаңдайтын статистикадан мысал келтірсем. «Діни экстремистік-тераристік бабы бойынша 600 сотталушы түрмеде отыр. Олардың арасында ең жасы 17 жаста болса, ең үлкені 48 жаста. Қарап отырсаңыз, агрессия, ашушаңдық жастар арасында белең алып отыр. Қаңтар оқиғасынан-ақ қаншама жастардың қылмыстық әрекетке барғандығын мысал етуге болады. Психолог ретінде бозбала шақты кризистік, ауытқымалы, қиын уақыт дер едім. Өз бетімен шешім қабылдаймын, өзім білемге салған жастардың біразы қате әрекетке барып жататындығы да жасырын емес. Осы жаста көпшілігінің мінезі ауытқымалы, өзгермелі, тез еліктегіш келеді. Тез ашуланғыш жастармен жұмыс істерде, байланысқа түсерде мынаны еске сақтағандарыңыз абзал. Адам ашуланғанда алғашқы 20 минутта оны мұқият тыңдаңыз, бүкіл негативінің сыртқа шығуына мүмкіндік беріңіз. 20 минуттан кейін адамның ашуы бәсеңдеп, логикасы іске қосылады. Осы сәтте сіз оны түсініп тұрғаныңызды айтыңыз. Содан кейін ғана өз ойыңызды білдіре аласыз. Ашу үстіндегі адам «жоқ» деген сөзді естігісі, қабылдағы келмейді. Сондықтан «иә, сенікі жөн, дұрыс айтасың» деп қолдау танытқандай болып, содан кейін ғана «бірақ» деген сөзді қолдану ұтымды. Бұл тәсіл психологияда «айкидо» деп аталады. Біз адамдар әртүрліміз. Әрқайсысымызда мінез бар. Сөз көтере алмау да болады. Бұған қосылатын қосымша ашу тудырғыш нәрсе ол синтетикалық нашаға тәуелділік. Егер мен айтқан тәсілдер әсер етпесе, онда психотерапевттің көмегіне жүгінген абзал. Жағдайдың ушығуына жол бермеңіздер!- деп маман ретінде кеңесімен бөлісті.
Сөз тізгінін алған Қосшы қаласының бас имамы Төлеген Арғынбайұлы: – Біз қандай ортада болсақ та жас-кәріге қарамай, қолымыздан келгенінше имандылық тақырыбында кез келген мәселені оң шешуге тырысамыз. Бүгін жақсы тақырып қозғалып отыр. Адам баласы бұл өмірге бір нәрсені алуға, бір нәрсені беруге келеді. Біз не үйренуші, не үйретуші ғана болааламыз. Үшінші топ жоқ. Отбасылық жағдайды дамыту жолында атқарылар іс қыруыр. Екеуара түсіністік, сыйластық болған жағдайда бәрі де оңынан шешілері белгілі. Сүйіспеншілік пен мейірімділік болған жерде бір-бірін сыйлап, қолдап тұратын жұп құрылады. Кез келген қиын мәселені ізгі жолмен шешуге болады. Жанымыздағы жарымыз, серігімізге қиянат көрсетпек түгілі, тіпті үйдегі жануарға да зәбір көрсетуге қақымыз жоқ. Бұл үлкен күнә. Бізге берілген амантқа қиянат келтіру кешірілмес дүние. Ең жақсы адам жарына адал, амалына берік адам. Сондықтан сүйген жарларыңызды еркелетіп, қолдан келгенше қолдап, сыйластық танытуға тырысайық. Сауапқа ие құл болғысы келген жан отбасыларында әйелдерімен жақсы болуы керек екендігі қасиетті Құранда да анық келтірілген, – деп байсалды кейіппен жастарға әдемі ой салып, ізгі амалға шақырды.
Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)