Амангелді Кеңшілікұлы Тоқаевқа хат жазды

Редакция таңдауы
view 3274
news

Фотосурет ашық дереккөзден алынды

 
ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ
 
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
 
Сіз жазушының, мен ақынның баласымын. Совет заманында өмір сүрген біздің әкелеріміз елдік мүддені ойлап, адамгершілік пен мейірімділікті, әділеттілік пен ізгілікті бәрінен биік қойып, ұлтқа адал қызмет етті. Әкем марқұм Кемел ағамыздың парасатты, мәдениетті, білімді, көреген, көшелі кісі екенін айтып, аузынан тастамай, мақтап отыратын. Қайтыс болғанда бір кітабына рецензия жазып, детектив жанры дарабозының шығармашылығына жоғары баға берді. Ол мақаланы осыдан жеті жыл бұрын көмекшіңіз арқылы сізге жеткізгенмін.
 
Бала кезімде менің сәбилік қиялымның бесігін тербетіп, әдебиет әлеміне жетелеген бір жазушы болса, ол – Кемел Тоқаев. Торғайда жүргенде әкеңіздің шығармаларын дүкеннен таба алмай, кітапханаға түскен туындыларын бүкіл ауыл кезекке тұрып оқыдық. Он жасымда Алматыға келгенімде ең бірінші сатып алған кітабым «Сарғабанда болған оқиға» болды. Бір сөзбен айтқанда, әдебиеттің рухымен тәрбиеленген біздің ұрпаққа әкеңіздің шығармалары қатты әсер етті.
 
«Әке туралы ой-толғау» атты кітабыңызда «Арманына жете алмай, өмірден ерте озған талантты ақын Кеңшілік Мырзабековке арнайы тоқталғым келеді. Ол жазушылар одағында жұмыс істеп жүргенде әкеме өте жақын болды. К.Тоқаевтың жеке мұрағатында екеуінің іссапарлар кезінде бірге түскен суреттері сақталыпты», - деп жаздыңыз. Жазып қана қоймай, әкемнің 60 жылдық, 70 жылдық мерейтойларында арнайы құттықтау жолдап қолдау көрсетіп отырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін.
 
Әкемді ғана емес, менің де әдебиетке сіңіріп жатқан еңбегімді ұмытпай, 50 жылдық мерейтойымда Кемел ағамыз туралы жазған кітабыңызды сыйға тарттыңыз. (Мен ол кітапты сүйсініп оқып шықтым). Былтыр «Құрмет» орденімен марапаттадыңыз. Президент стипендиясын бердіңіз. Көп-көп рахмет, сізге.
 
Өзіңіз жақсы білесіз. Ең алғаш Президент сайлауына түскен кезіңізде, сіздің штабыңызда күні-түні жұмыс істеп, сайлауда жеңіске жетуіңізге өз үлесімді қостым. Күнде-күнде посттар жазып, сізге дауыс берсек, ұлт келешегінің жарқын болатынына елімді сендіруге тырыстым. Менің сөзіме сенген торғайлықтар өз дауысын сізге берді.
 
Қазақта «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» деген сөз бар. Бірақ осы сөздің мән-мағынасын дұрыс түсінбегендер Президентті күнде жамандап, мұқатып, кекетіп, неше түрлі былапат сөздерді айтып жатады. Менің ойымша бұл дұрыс емес. Шын дос күнде-күнде емес, сын сағатта ғана жылатып айтады. Өз басым Мемлекет басшысы мен ел арасында ынтымақ пен ауызбіршілік болып, сонымен бірге сын сағатта айтылатын шындық та болуы тиіс деп есептеймін. Бұл істе зиялы қауым өкілдері елдің мұң-мұқтажын жеткізетін алтын көпірге айналса, билік пен халықтың арасында болып жататын көптеген теке-тірестерге жол бермей, қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді дау-дамайға жеткізбей шешудің жолын табуға болады. Осыған орай, Назарбаев басқарған отыз жылда бағы ашылмай қойған Торғай елінің қайғы-қасіретін Сізге жеткізуді азаматтық парызым санаймын.
 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Торғай топырағы Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Жайсаңбек Молдағалиев, Ақан Нұрманов, Сейіт Кенжеахметов, Сабыржан Шүкірұлы, Шәміл Мұхамеджанов, Төлен Әбдікұлы, Қоғабай Сәрсекеев, Қойшығара Салғараұлы, Кеңшілік Мырзабеков, Серік Тұрғынбекұлы, Қонысбай Әбіл сияқты біртуар тұлғаларды туғызған қасиетті де, киелі өлке. Мен өзіме жақын саланың өкілдері ақын-жазушыларды ғана айтып отырмын. Ал, бір кішкентай Торғайдан шыққан баһадүр батырлар, атақты ғалымдар, өнерпаздар қаншама. Совет одағы кезінде Торғай өз алдына жеке отау тігіп, экономикасы өркендеген, мәдениеті гүлденген облыстардың бірі болды.
Тәуелсіздік алған жылы, президент болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен киелі Торғай топырағына келіп, елдің батасын алды. Үйіп-төгіп уәде берді. Бірақ берген уәдесін тез ұмытып, көп ұзамай Торғайды жауып тынды.

 
Облыс жабылған соң Торғайдың жағдайы, әсіресе, Амангелді мен Жангелдин сияқты шалғай аудандардың ахуалы жыл өткен сайын нашарлаған үстіне нашарлай түсті. Бір сөзбен айтқанда Торғай тозып кетті. Ел күйзеліске ұшырап, халық елді-мекенін тастап, үйлер түгіл, мәдени мекемелер қаңырап бос қалды. Жұмыссыздық қалыпты жағдайға айналды. Назарбаевтың солақай реформасының кесірінен тәуелсіздік жылдарында нағыз ақтабан-шұбырындыны басынан кешкен бір ел болса, ол осы – Торғай.
 

Торғайды Қостанайға қосқанымен, отыз жылдан астам уақыт ішінде біздің облыс дұрыс басшыға жарымай қойды. Әкім болып келгендердің бәрі шетінен жеке бастарының қамын ойлап, Амангелді мен Жангелдин аудандарының жағдайын түзеуді қаперіне алмайды. Тіпті, Торғайдан 500 шақырым қашықтықта болған өртті сылтауратып ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойын өткізбей қойды.

 
Құрметті Қасым-Жомарт аға!
Айта берсем, Торғайдың проблемасы шаш-етектен. Егер мені қабылдай алар мүмкіндігіңіз болса, олардың бәрін сізге жеткізуге дайынмын. Мынау соңғы болып жатқан табиғи апаттың кесірі маңдайының соры бес елі Торғай халқын да айналып өткен жоқ.
 
Бүгінгі таңда Тасқын судың кесірінен Қостанай облысы Амангелді және Жангелді аудандарында жарық (электр энергиясы) өшіпті. Амантоғай ауылы маңайында электр бағандары құлап қалыпты. Қазір 2 аудан халқы жарықсыз әрі байланыссыз отыр.
 
Амангелді және Жангелдин аудандарының бірқатар ауылдарын су басу қауіпі бар деген хабар келді. Өкінішке қарай, су басып жатқан елдегі жағдайды білу мүмкін болмай отыр.
 
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бүкіл Торғай халқының атынан Сіздің осы мәселеге ерекше назар аударуыңызды сұраймын. Малдан басқа тіршілік көзі жоқ елдің мына апаттың салдарымен күресуге күші жетпейді.
 
Құрметпен: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *