Әлем чемпионаты Астанада өтеді

Спорт
view 311
news

Бокстан 2024 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионаты Астанада өтеді. Бұл ақпарат Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ресми сайтында жарияланды. 2016 жылы Астанада әлем чемпионаты ұйымдастырылған еді. Сол жарыста Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп, 4 алтын мен 2 қола медаль олжалаған-тын. Атап айтсақ, Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Валентина Хальзова және Ләззат Күнгейбаева теңдессіз деп танылса, Жайна Шекербекова мен Айжан Қожабекова үшінші сатыға табан тіреді. Дәл осы көрсеткіштің арқасында жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте көш бастады. Аталған жарыста бізден бөлек, тағы бес мемлекеттің әнұраны шырқалып, 19 елдің туы көкте желбіреді. Сол кезде АИБА басшылығы чемпионаттың ұйымдастырылу деңгейіне өте жоғары баға беріп, меймандар қазақтың қонақжайлығына тәнті болып қайтты. – Қазақстан секілді аса күшті бокс державасы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын қайта қабылдағалы жатыр. Біз оған ризамыз. Осыдан жеті жыл бұрын төрткүл дүниенің теңдессіз былғары қолғап шеберлері Астанада жиналған еді. Ол кезде жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Келесі жылы да біз бұрымдылар арасындағы керемет спорттық іс-шараның куәсі болатынымызға күмәніміз жоқ, – дейді IBA президенті Умар Кремлев. Қазірдің өзінде Астанадағы жарыстың жүлде қоры белгілі. Ол 4,8 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Соған сай бас жүлдені олжалаған боксшыға 200 мың доллар берілсе, күміс медаль иеленгендер сол соманың тең жартысын алады. Ал қола жүлдені еншілегендерге 50 мың доллар тиесілі. Ең кейінгі әлем чемпионаты биылғы наурыз айында Үндістанның Нью-Дели қаласында өтті. Бұл жарыста 64 мемлекеттен келген 324 бұрымды бақ сынады. 2 күміс пен 4 қола иеленген Қазақстан құрамасы жалпы есепте сегізінші сатыға жайғасты. Ол кезде Карина Ибрагимова (57 кило) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 кило) финалға дейін жетсе, Алуа Балқыбекова (48 кило), Надежда Рябец (66 кило), Валентина Хальзова (75 кило) және Фариза Шолтай (81 кило) қола медальді мойындарына ілді. Командалық сайыста Үндістан құрамасы (4+0+0) үздік шықты. Екінші және үшінші орындарды Қытай (3+1+3) мен Ресей (1+1+1) олжалады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *