Әлеумет сауалы – әкім жауабы
Гайдар Қабдоллаұлы
Ақ арай таңда, көк орай белде құлашын кеңге жайған Қосшы қаласына – 1 жыл. Бұлттардың арасынан кекілі желбіреген күн секілді Арқаның төрінде жарқырап шыққан қаламыздың қазақ жеріне шашар шуағы көп болсын деген тілегіміз және бар. Ақмола облысы, Қосшы қаласы қала болып құрылғанына 1 жыл толуына орай, қала басшысы Гайдар Қасенов мырзаны әңгімеге тартқан едік. Көкейде жүрген әлеумет сауалына әкім жауабы төмендегідей болды.
– Гайдар Қабдоллаұлы, қаламыздың құрылғанына бір жыл толып отыр. Әңгімеміздің әлқиссасын Қосшы қаласы қалай құрылды және мұндай экономикалық серіктес қалалардың маңызы жөнінде бастасақ...
– 2021 жылы 27 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы жарлығы шықты. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы заңының 9-бабына сәйкес, Ақмола облысының Целиноград ауданын одан Қосшы ауылын бөлу жолымен қайта ұйымдастыру туралы қаулысы жарияланды. Онда «Ақмола облысы Целиноград ауданының Қосшы ауылы «облыстық маңызы бар қала» санатына жатқызылсын. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы жарлықтың 1 және 2-тармақтарын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын. Осы жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» делінген. Міне, бұл Қосшы тұрғындары үшін тарихи сәт. Содан бері бір жыл өтті. Ең бірінші қаламыздың құрылғынына бір жыл толуына орай, барша қала тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын. Қазір қала халқының саны артып, оған сай экономикасы да өсіп келеді. Бір жыл көп те, аз да уақыт емес. Тарих үшін бір секунд болуы мүмкін. Сондықтан бір жылда көптеген нәрсені өзгеріп жіберу де оңай шаруа емес екені баршаға түсінікті. Алда әлі де атқарылар жұмыстар көп. Ал енді экономикалық серіктес қалаға келсек, қазіргі қазақ жеріндегі ортағасырлық қала мәдениетінің іздерінде де негізгі қаланың іргесінде шағын қалашықтар болғаны тарихтан белгілі. Мұны тарихшылар «жазғы қала» деп атайды екен. Сонымен қатар, қазір мұндай серіктес қалаларды әлемнің көптеген ірі мегаполистерінен байқауға болады. Сондықтан да Елорданың іргесінен орын тепкен Қосшы қаласының маңызы қала тұрғындарына ғана емес, еліміз үшін де ерекше екені сөзсіз.
– Сіз үшін ауыл Қосшы мен қала Қосшының айырмашылғы неде?
– Оның жауабы қарапайым деп ойлаймын. Есіңізде ме, бір жазушы ағамыздың мақаласында бір әже ұршық иріп отырып, социализмнен капитализмге өтіп кеткенін байқамай қалыпты деп әзілдейтіні (күлді). Сол ағамыз айтқандай, Қосшы бір-ақ сәтте қалаға айнала салған жоқ. Елорданың айналасындағы елдімекендердің қай-қайсысымен салыстырсаңыз да, қалашық болуға Қосшының преспективасы дайын еді. Ал айырмашылығы – қала деген өркениет. Бірақ кез келген өркениеттің өз пробемалары оның көлеміне сәйкес келетінін ұмытпағанымыз жөн.
– Қала болып өзгергеннен кейінгі Қосшы тұрғындарының әл-ауқаты қаншалықты артты деп ойлайсыз?
– Қосшының қала мәртебесіне ие болуы аймақтың инвестициялық әлеуетін арттырды. Оны қалада көптеп ашылып жатқан бизнес объектілерінен және инвесторлардың қызығушылықтарынан байқауға болады. Мәселен, биылғы қаңтар-сәуір айларында қала экономикасына 5,1 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны айтарлықтай өсті. Бұл көрсеткіш 37%-ға артып, 1,6 мың бірлікті құрады. Кәсіпкерлік нысандарының ашылуы қаладағы бөлшек сауда айналымының соңғы уақытта 1,1 млрд. теңгеге жетуіне негіз болып отыр. Биыл өнеркәсіп өнімінің көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өсіп, 2,9 млрд. теңгені құрады. Кәсіпкерлікті дамыту аясында құны 1 млрд. теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылуда. 103 жаңа жұмыс орнының ашылуына себепкер болды. Биыл Қосшы қаласында 571 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланса, оның 341-і тұрақты жұмыс орны болады (бүгінгі таңда 279 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде 241-і тұрақты). Қазір қаланың бас жоспары әзірлену үстінде. Ол кемінде 100 мыңнан астам қала халқын есепке ала отырып жасалатын болады. Қалада мемлекет меншігіндегі жерлер мүлде жоқ десе де болады, сол себепті, қаладағы нысандардың құрылысы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда қалада 29,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27% өсімді көрсетеді. Әлеуметтік көмекке келетін болсақ, ағымдағы жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 80 отбасын қамту көзделіп отыр. Оның 55-не осы жылдың бірінші тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек берілген және 250 кепілдендірілген әлеуметтік пакет таратылған.
– Қаланы қала ететін қалалық мәдениет. Осы ретте, қаламыздағы өнер ошақтарының дамуы қандай? Болашақта қалалық театр, кинотеатр, кітапхана, филармония секілді мекемелер ашылуы мүмкін бе? Жалпы қаланың бас жоспары жайында айта кетсеңіз.
– Иә, ондай жоспарлар бар. Себебі кеш болса, қаламыздан Нұр-Сұлтанға қарай ағылатын көліктің ағыны көбейіп кетеді. Жастар саябаққа, демалыс орындарына, кионтеатрларға барады. Біз соны да қолға алмақпыз. Бүгінде қаламызда жеке кәсіпкердің күшімен ірі сауда орталығы бой көтеріп жатыр. Сол орталықтың ішінде кинотеатр болады деп ойлап отырмыз. Керісінше, астанамыздан бізге қарай жастар келіп, біздегі мәдени шараларды тамашаласа екен деген үміттеміз. Қосшыдан болашақта мықты өнерпаздар шығып, тек қаланың ғана емес, еліміздің абыройын талай додада қорғайтын болады деп сенеміз. Себебі бізде халық мол шоғырланған. «Ел іші – өнер кеніші» дейді. Сан бар жерде сапа шығатыны анық. Осы мақсатта қазірдің өзінде жақсы нәтиже беріп жатыр. Сонымен қатар, Қосшы қаласында елімізге белгілі мәдениет саласының мамандары, зиялы қауым көп шоғырланған. Міне, сол кісілер біздің қаламыздың мәдениетін көтеріп, қаламыздың даңқын шығаратын.
– Қазір қаламыздың газеті және электронды басылымы бар. Алда қалалық телеарна ашылуы мүмкін деген де әңгіме айтылып жатады. Бұл қаншалықты рас?
– «Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, өзіңіз басқарып отырған «Jana Bastau» басылымы жаңалықтың жаршысы болуына зор үміт артамыз. Газетке жазылушылар саны көбейіп, қаламыздың тыныс-тіршілігін тап басып айта алатын іргелі басылымға айналуына тілектеспін. Ал, телеарна мәселесіне келсек, рас ондай әңгімені құлағымыз шалып қалады. Бірақ қазір қаламызда одан да маңызды мәселелер бар. Оның үстіне, Қосшы Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде тұр. Әзірге оған қатты зәрулік жоқ деп олаймын. Алайда үлкен медиалар, корпорациялар ұсыныс айтып, қаламызда телеарна ашып, жұмысын жүргізіп жатса, қарсы емеспіз.
– Қаланың экономикасын көтеретін бірден бір фактор – халық. Яғни, демография екені өзіңізге белгілі. Осы ретте, қаладағы миграция және демография мәселесі жөнінде айта кетсеңіз?
– Қазір Қосшы қаласында еліміздің әр өңірінен келген тұрғындар бар. Олардың көбі осында тұрақтап тұрғысы келеді. Бірақ тұрақты тіркеуге тұрмаған адамдар да көп. Халық санағы бойынша қала тұрғындарының саны – 51807 адам (өсу қарқыны 3,6%).Туғандар саны 247 адам. Табиғи өсім 218 адам. Келгендер саны – 1698 адам, кеткендер саны – 1040 адам. Көші-қон сальдосы 658 адамды құрады. Жалпы қысқаша айтқанда, Қосшы халық тығыз орналасқан қала деуге болады. Бұл, жоғарыда өзіңіз айтқандай, қаланың экономикалық өсіміне өзіндік үлесін қосады. Тек сол тұрғындарымыз қалаға тіркелсе...
– Енді қаланың имфрақұрылыма ойыссақ. Жер, электр, су және жол мәселесінде әлі де кінәраттар бар екені баршамызға аян. Бұған не кедергі болып отыр? Осыған толығырақ тоқталып өтсеңіз.
– Қаланың инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін Қосшы қаласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленуде. Жоспар аясында – мектептер, балабақшалар, аурухана, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, инженерлік желілер салу көзделіп отыр. Бұлар бюджет қаражаты мен инвесторлар есебінен салынатын болады. Кешенді жоспар аясында ең алдымен қала халқын жоғары сапалы сумен қамтамасыз ету қарастырылған. Қосшы қаласының негізгі су көзі Нижероманов кен орны, оған 17 ұңғыма қосылған. Алайда 6 ұңғымада әзірге су болмай тұр. Су шығыны тәулігіне 5-6 мың текше метрді құрайды. Ал жазда 10 мың текше метрге жетеді. Биыл Қосшы қаласының аумағында 6 ұңғыма орнату жоспарланған. Осы жұмыстар жүргізілгеннен кейін қаланы сумен қамтамасыз ету мәселесі жақсаратын болады. Орталықтандырылған сумен қамтылмаған аумақтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл су құбыры желілерін салу жобасының 4-кезеңі басталады. Оған 1,5 миллиард теңге бөлінді. Суды бұру мәселесіне келсек, қалада 77 кәріз стансасының 38-і істен шыққан. Қала тұрғындарының саны артуын ескере отырып, оның қуаттылығын 20 мың текше метрге дейін екі есеге арттырып, қаланың тазарту құрылыстары кешенін қайта құру жоспарланып отыр. Өзге де шешімін күтіп тұрған мәселе – қаланы электр қуатымен қамту. 387 толық трансформаторлық қосалқы стансалардың 215-і мемлекеттік, 150-і жекеменшік, 22 толық трансформаторлық қосалқы стансалар «Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» АҚ балансында. Биыл стансаларда апатты жағдайларды азайту мақсатында электр желілерін жөндеуге 36 миллион теңге бөлінді. Қаланы жылумен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, жылу беру маусымы ешқандай апатты жағдайларсыз, штаттық режимде жүргізілді. Орталық қазандықтың қуаттылығын арттыру мақсатында тиісті жоба әзірленуде. Биыл қаламыздағы 20 шақырым жолды салу және жөндеу жоспарлануда. Оның ішінде: «Нұр-Сұлтан қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары» бағдарламасы аясында 2022 жылы 14,56 шақырымды жөндеу қолға алынды. «Шеткі аумақтарды дамыту» бағдарламасы аясында «Қосшы қаласының автомобиль жолдары желісін салу (2-кезең)» жобасы аясында қалада 2022 жылы 2,67 шақырым жол салынады. Республика көшесін орташа жөндеу жобасы бойынша биыл 3 шақырымға асфальт төселетін болады. Дәлірек айтсақ, Қосшы қаласындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 185 км, қиыршық тас төселгені 22,2 км., грунтпен жабылғаны – 85,9 км. Асфальт төселгені – 76,9 км. Қазіргі уақытта «Нұр-Сұлтан қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары» және «Шетекті абаттандыру» аясында келесі жобалар жүзеге асырылуда: Қосшы қаласының көше-жол желісінің құрылысы (2-кезең), учаскенің ұзындығы 8,36 км. Мердігер: «Атырауингстой АИС» ЖШС. 2022 жылға 2,67 км асфальт төсеу жоспарлануда. Оның ішінде Абылайхан - 1,2 км, Зайсан-0,41 км, Жангелдин-1,07 км. Жоба биыл аяқталады деп жоспарлануда. Қазір мердігер компания жұмысқа кірісті. Ал Қосшы қаласында қала маңындағы 4 автобус бағытының бойында 42 аялдама болса, оның 22-сі аялдама павильондарымен жабдықталған. 2022-2023 жылдары қала маңындағы автобус бағыттарына 6 аялдама павильонын орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, қала көшелерінде 1576 дана жол белгілері орнатылған. Бүгінгі күні жетіспейтін жол белгілеріне талдау жүргізілуде, одан кейін ҚР СТ сәйкес жол белгілерін кезең-кезеңімен орнату жұмыстары басталады.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан «Jańa bastau» газетінің бас редакторы
Файзулла ТӨЛТАЙ
Пікірлер (0)