Қанат Ахметов: Біздің басты мақсат – үш ауысымды мектеп мәселесін шешу

Сұхбат
view 227
news

Оқу жылы жақындап қалды. Осыған орай білім беру ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығын білу мақсатында газет тілшісі Қосшы қаласындағы Білім бөлімінің басшысы Қанат Ахметовті сұхбатқа тартып көрді. Сұхбат барысында Қосшы қаласының білім беру ұйымдарының жоспары және олардың биылғы оқу жылына дайындығы, сонымен қатар мектеп бойынша орын жетіспеушілік мәселелері қалай шешілгені жөнінде айтылды. – Қанат Есенбекұлы, Қосшы қаласында балабақша жетіспеушілігі сезілмейтінін байқаймыз. Себебі, жекеменшік балабақшалар көп. Алайда алдағы уақытта қаламызда мемлекеттік балабақшалар саны көбейе ме? Жалпы, балабақшалардағы орын тапшылығы қалай шешіліп жатыр? – Мектептен бұрын балабақша мәселесін қозғағаныңыз дұрыс. Өйткені, балабақшадан шыққан бала бірден мектепке келеді. Ал біздің қаламызда мектеп мәселесі өзекті екенін өзіңіз білесіз. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеуді 28 балабақша жүзеге асырады. Оның бірі –  мемлекеттік балабақша (280 орындық), ал  26-сы жекеменшік балабақша (3165 орындық) және де 50 орындық бір шағын орталық бар. Балабақшалардағы орын тапшылығын жою жолы – жекеменшік балабақшалардың санының артуы және кеңеюі десек те болады. Бүгінгі күні 280 орындық мемлекеттік балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр.  Сондай-ақ 2022-2025 жылдары аралығында үш мемлекеттік балабақшаның салынуы жоспарланған. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша  бюджеттен  қаражат бөліну мәселесі қарастырылып, конкурстық жұмыстардың жүргізілуі басталды. – Мектеп туралы сөз қозғасақ. 1 қыркүйекте қалада неше мектеп жұмысын бастайды? Қанша оқушы мектепке барады? – Иә, балабақшадан қарағанда мектеп мәселесі өзекті. Негізі Қосшы қаласында бүгінгі күнде үш мектеп бар. Екеуі – жалпы білім беретін мемлекеттік мектеп болса, біреуі – «Дара» жеке меншік мектебі. Ал биылғы жаңа оқу жылында 1200 орындық тағы да бір білім ордасы қосылады. Яғни, ол – Желтоқсан көшесінде ашылып жатқан IT мектеп-лицей. Сонымен төрт мектеп жұмысын бастауға дайын.  Жалпы Қосшы бойынша 8685 бала бар. 1 сыныпқа 1175 бала қабылданған. Оның ішінде қазақ тілді сыныпқа 800-ден астам оқушы, ал орыс тілді сыныпқа 350-ге жуық оқушы өтінім берді (1 сынып). – Осы мектептердің қаншасы екі ауысымды, нешеуі үш ауысымды? Былтыр 1 «Ы» сыныбына дейін ашылған еді. Биыл да солай болуы мүмкін бе? – Биыл да бала аз емес. Үш ауысымды бір мектеп бар. Ол – жалпы орта білім беретін №2 мектеп. Қалған мектептер 2 ауысымды болады. Халықтың көшіп келуіне байланысты №2 мектепте қазіргі күні 1 сыныпқа 617 бала қабылданып отыр. Былтыр ол мектепте 28 сынып болған. Биылғы жылы әзірге 24 сынып. Ал 22 тамыздағы есеп бойынша IT мектеп-лицейге 1801 бала қабылданды. Оның  ішінде 247-сі 1 сынып оқушысы. – IT мектеп-лицейдің басқа мектептерден айырмашылығы қандай? – Келешекте мұнда сыныптар жаңа технологиялар, STEM-зертханалар, компьютерлік сыныптармен жабдықталатын болады. Яғни, бағдарламалау мен робототехника негіздері, инновациялық технологиялар қыр-сыры тереңірек оқытылады. Қазір жаңа мектеп мұғалімдер қабылдап, жұмыс қызу жүріп жатыр. Оқу жылы басталғаннан кейін алдағы уақытта IT сыныптар ашылады. – Ал жаңа мектепті кадрмен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатыр? ІТ мектепке қажетті тиісті мамандар біздің қалада бар ма? – Орынды сұрақ. Кадр жетіспеушілігі жайында айтар болсақ, өзіңіз білесіз, министрліктің 57 бұйрығына сәйкес, өзгерістер енгізілген болатын. Жаңа ереже бойынша мұғалімдер байқау арқылы қабылданады. Сол байқаудың бірінші туры өтті. Онда 50-ге жуық мұғалім қабылданды. Қалған 65 бос орынға enbek.кz порталында вакансия жарияланған еді. 22 тамызда екінші байқау аяқталды. Енді тапсырылған құжаттар осы апта қарастырылатын болады. Сондықтан онда мұғалімдер тапшылығы болмайды деген ойдамын. Қазіргі таңда мектептер педагогикалық кадрлармен толық қамтылған. – Ашылып жатқан жаңа IT мектеп-лицей бастапқы кезде тек қазақтілді білім ордасы болатыны айтылып еді. Бірақ қазір неліктен аралас мектеп болып ашылғалы жатыр? – Бүгінгі күнде Қосшы қаласы бойынша басты мақсатымыз – үш ауысымдықты жою. Сондықтан ата-аналардың сұрауы бойынша аралас мектеп болып отыр. Үш ауысымды жойғаннан кейін келесі мектептер мемлекеттік тілде болады деп жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта ашылатын мектептер мемлекеттік тілде болады деп ойлаймын. – Мектептерде оқушылар үшін қандай әлеуметтік көмектер бар? Мәселен, аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қандай жеңілдіктер қарастырылған? – Барлық бірінші сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар, жетім балалар үшін бюджет есебінен тегін тамақтанады. 2022 жылы Балалар жылын іске асыру шеңберінде «Мектепке жол - Шекарасыз жақсылық» науқаны өткізіледі. Ол науқанның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу. Науқан 2022 жылдың 1 тамызында басталып, осы жылдың 30 қыркүйегінде аяқталады. Көмекке мұқтаж  оқушылардың тізімі жасалып, ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тары жүргізілді. Әдеттегідей, науқанды меценаттар, демеушілер, жеке кәсіпкерлер, депутаттар және өзге де ниет білдірушілер қолдайтын болады. Үкімет қаулысына сәйкес, білім ошақтарын мектепке даярлауда көмекті қажет ететін оқушылардың тізімі жасалды. Олар әлеуметтік қорғалмаған санаттағы балалар: төмен -табыс, көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар және қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларда тұратын балалар. Жаппай білім беру қорынан бір балаға бөлінген қаражат соммасы 40 000 теңгені құрап, ата-ан­алар шоттарына жіберілді. Бұл жерде: Қосшы қаласы №1 ОМ – 113 оқушыға – 4 млн 520 мың теңге көлемінде. Оның ішінде 1-сыныптан 3 оқушы. Қосшы қаласы №2 ОМ – 223 оқушыға – 8 млн 920 мың теңге көлемінде. Оның ішінде 1-сыныптан 42 оқушы. Барлығы 336 балаға 13 млн 440 мың теңгеге көмек көрсетілді. – Қосшыда жаңа мектеп ашылғанымен, бәрібір де қаламыз үшін мектеп мәселесі өзекті күйінде қалайын деп тұр. Білуімізше, Қосшыда тағы мектептер салынады. Біреуінің құрылысы Лесная поляна тұрғын алабында жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта қалада тағы қандай мектептер бой көтеретінін айтып өтесіз бе? – Өздеріңіз білетіндей, 2022 жылдың соңына дейін Республика көшесіндегі жобалық қуаты 1200 орындық тағы бір мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. 2024 жылы жобалық қуаты 1200 орындық Абай көшесіндегі мектепті іске қосуы көзделген. Сонымен қатар 2023 жылдың 1 қыркүйегінде Болат Өтемұратов қорымен 1500 оқушыға арналған жаңа мектеп тапсырылады деп жоспарланып отыр. Құрылыс аяқталғаннан кейін мектеп мемлекетке тегін беріледі. Аталған нысандарды іске қосу Қосшы қаласындағы мектептерде үш ауысымды оқыту және орын тапшылығы мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді деген ойдамын. – Уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрән  ӘДІЛЕТ

           

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *