Кадзуя мырза: «қазақша-жапонша сөздік пен оқулықтар табу қиын»
Сұхбат
193
«Лесная поляна» тұрғын үй алабында түрлі этнос өкілдері тату тұратыны туралы жиі жазамыз. Олардың көбі – Қазақстанда туып, болашағын отанымен байланыстырған азаматтар. Дегенмен елге шет елден келіп, осында тұрақтағандардың да қарасы аз емес.
Осында тұратын Ихара Кадзуя есімді жапондық азамат Күншығыс елінен Қазақстанға қазақ тілін үйрену үшін арнайы келген. Мамандығы бойынша КСРО мен ТМД елдерінің экономикасын зерттеп жүрген ол «Қазақстанға былтыр жыл соңында келген едім. Алғаш рет он бес жыл бұрын келдім. Сосын үш жыл бұрын тағы ат басын тірегенім бар. Ал осы жолы келудегі басты мақсат – қазақ тілін үйрену» дейді. Қазақ тілін қаңтар айынан бастап үйреніп жүрген ол қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қызығатынын айтады.
Кейбір болжамдар бойынша, дүние жүзіндегі ірі тілдер шоғырының бірі саналатын алтай тілдер тобына түркі тілдерімен қатар жапон тілі де кіреді. Сол себептен де: «Сізге қазақ тілін меңгеру қиынға соғып жатқан жоқ шығар?» деген сұрағымызға ол: «Қазір мен бастапқы деңгейдемін. Десе де, сөйлем құрылымын түсіну еш қиын емес. Бірақ жалғаулар мен дыбысталу жағынан сәл күрделі екенін айта кеткен жөн. Жапон тілінде дауысты және дауыссыз дыбыстар аз. Сол жағы басқаша» деп жауап берді.
Кейінгі кезде қазақ тілін үйренемін деуші өзге ұлт өкілдері оқулықтар мен материалдар жоқ екенін жиі айтып жүр. Мұны Кадзуя да қостайды. Ол дүкен сөрелерінен қазақша-жапонша сөздік пен арнайы оқулықтар табу қиын екенін алға тартады. Сонымен қатар ол «Университеттерде шетелдіктерге арналған, қолжетімді бағаға қазақ тілін оқытатын арнайы бағдарлама болғанда жақсы болушы еді», – дейді. Қазір Кадзуя – Қосшыдағы Тілдерді оқыту орталығының ішінен құрылған, еркін форматта қазақ тілін үйрететін «Мәртебе» клубының қатысушысы. Одан бөлек, ол осы орталықта жүргізілетін қазақ тілі курсының сабақтарына да қатысады. Сонымен қатар ол сабақтан тыс уақытта айналасын зерттеп, мәдениетімізбен етене танысқанды құп көретінін айтады. «Маған бәрінен бұрын ұлттық тағамдар мен сусындар ұнайды. Сосын, әлбетте, осындағы көздің жауын алар тарихи орындарды ерекше ұнатамын. Арманым – Түркістанға саяхаттап қайту», – дейді.
Өзіне ұнайтын өзге елдің мәдениеті мен тарихы туралы сол елдің тілінде емін-еркін сөйлескісі келетін азаматтың қайтсем де ол тілді үйренемін деген табандылығына қайран қаласың. Өз арамызда ана тілімізде сөйлеуге жасқанып жүрген жастарды көріп, «Қазақша сөйлеу қашан сәнге айналады?» деп жүргенде, Кадзуя секілді азаматтардың мұндай қадамына таң-тамаша болып, таңдай қағасың.
«Қазақ халқының мәдениеті мен менталитеті жапондықтарға қатты ұқсайды. Қазақтар қиын кезде маған қатты көмектесті. Мен оларды ерекше сыйлаймын. Қазақтар да жапондықтарға ерекше ілтипат танытады. Әсіресе, жастар Жапонияның мәдениеті мен тілін зерттеп жүр. Жүз жыл бұрын алашордалықтар Жапонияның экономикасын, саясаты мен мәдениетін зерттегенін де білемін. Сондықтан бізді байланыстыратын нәрсе көп», – дейді ол.
Қосшы қаласы әкімдігінің «Тілдерді оқыту орталығы» әдіскері, қазір Кадзуя мырзаға қазақ тілінен дәріс беріп жүрген Сымбат Қуандықова былай дейді: «Кадзуя мырзаның қазақ тілі үйренуге деген құлшынысы өте жоғары. Ол кісі тілдің комуникациялық функциясын ғана емес, тілдің грамматикасын терең игергісі келеді. Сондықтан жапон-қазақ немесе қазақ-жапон тілдерін үйрететін академиялық оқулықтар, әдістемелер керек-ақ».
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер (0)