Сайра Матайбаева: Білім саласына атсалысуыма Қосшы қаласы әсер етті

Сұхбат
view 523
news

«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы мен орта және шағын бизнесті дамыту бағдарламасы аясында Қосшы қаласындағы кәсіпкерлер арасында өтетін «Жылдың үздік кәсіпкері» қалалық байқауы басталды. Байқауды ұйымдастырушы – Қосшы қаласының әкімдігі және «Jana bastau» газеті. Оған Қосшы қаласының кәсіпкерлері қатыспақ. Соның алғашқы санын біз елімізге белгілі кәсіпкер Сайра Матайбаева ханымнан бастауды жөн көрдік. Cайра Әйтенқызы – 1968 жылы 25 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Үржар ауылында дүниеге келген. 1985 жылы мектепті бітіргеннен кейін Семейдің ет және сүт өнеркәсібі технологиялық институтына түсіп, 1990 жылы экономист мамандығы бойынша үздік бітірді. 2000 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқыған. Еңбек жолын 1990 жылы Саяси экономия кафедрасының, одан әрі Экономика және бухгалтерлік есеп кафедрасының оқытушысы болып бастап, 1993 жылдан 2000 жылға дейін жеке компанияларда бас бухгалтер, аудитор және директордың экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары, директор лауазымын абыройлы атқарыпты. 1998 жылдан 2003 жылға дейін «Томирис» туристік компаниясының директоры, ал 2002 жылдан 2005 жылға дейін Алматы және Мәскеу қалаларындағы өкілдіктегі «Просвещение-Казахстан» Баспа үйі атқарушы директорының орынбасары, маркетинг және материалдық-техникалық қамтамасыз ету департаментінің директоры болған. 2005 жылдан бастап «KAZYNA-SR» ЖШС Бас директоры, «Silk-Road corporation» ЖШС Бас директоры, «AYALA» қорының директоры қызметін атқарып келеді. 2016 жылы «Жомарт Жүрек» номинациясының, 2018 жылы «Жыл тұлғасы» номинациясының жеңімпазы. 2019 жылы Тұңғыш Президент Қоры ұйымдастырған «Мейірімділік керуені» рес­публикалық қайырымдылық байқауының лауреаты болды. Бүгінде Қосшы қаласындағы көптеген игі істерге бастамашы болып жүрген Сайра Айтенқызымен кәсіпкерліктің қыр-сыры жайлы әңгімеге тартқан едік. – Алғашқы кәсібіңізді қалай бастадыңыз? – 1990 жылы Семей Технологиялық институтынының экономика факультетін бітіріп, сонда ұстаз болып үш жыл жұмыс істедім. Ол кезең қиын кезең болды. Елде зауыттардың жұмысы тоқтап, мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Сол кездері менің оқытушы ретінде тапқан табысым өте аз болды, дәл осы кезде мен өмірімді жақсы жаққа өзгерту үшін бизнеске кетемін деп шешім қабылдадым. 1993 жылы қараша айында алғашқы мәмілеге қол қойып, бизнес саласына сәтті қадам жасадым. Бүгінгі күнге дейін бұл шешіміме ешбір өкінген емеспін. Кез келген істі қолға алып, қандай да бір болашағы бар деген идеяларды қалт жібермеуге тырыстым. Көтерме жеткізу, бөлшек сауда, фармацевтика, туризм, баспа ісі сияқты бизнестің әртүрлі бағыттарымен айналыстым. Осы уақыт ішінде басқарушылық және көшбасшылық дағдыларды жоғары деңгейде игердім. Бірте-бірте нарықта жеткіліксіз болып тұрған өз тауашаңды табу керек деген ой келді. 2003 жылы біз жұбайымызбен жұмыс бойынша елордаға көштік. Қазан айы еді, астанада өте суық болғаны есімде. Сол кезде мен жылы жерге, туған-туысқандарым, жақындарым, достарым бар жерге кеткім келді. Бірақ мен енді астана – менің қалам екенін, оның серпінді, көпті талап ететін қала екенін және де мен өзімді, өз ойларым мен жоспарларымды ауыстыруым қажет екенін түсінетінмін. Сол кезде мен маңызды нәрсемен айналысқым келді. Таңдауым өндіріске түсті. Себебі мен әртүрлі елдерге барып саяхаттағанда, өзіңнің өндірісің болғаны, әрі өз нәрсеңді жасап шағару қандай жақсы деп ойлайтынмын. Барлық жинаған білім мен тәжірибе URTA interior decoration сауда таңбасымен KAZYNA-SR компаниясын құруыма септігін тигізді. Қаладағы құрылыс жұмыстары бір минутқа да тоқтамайтын кез еді ғой.  Білім және денсаулық сақтау ұйымдары бірінен соң бірі ашылып жатты. Оларды қажетті бір нәрсемен қамтамасыз ету керек еді. Міне, осы кезде менің таңдауым жиһаз және жиһаз өнімдерін өндіруге түсті. Тауаша мүлдем бос болатын. Тек табандылық пен еңбекқорлық қажет болды. Осылайша құрылған жиһаз өндірісі нарықта 20 жылдан астам табысты жұмыс істеп келеді. – Қазір қандай кәсіптеріңіз бар? Қосшы қаласында кәсіпорындарыңыз барын білеміз, сол жайлы айтып берсеңіз? – Бүгінде біз өңдеуші өнеркәсіп саласындағы ірі компаниямыз, білім мекемелері, мектепалды ұйымдары және денсаулық сақтау нысандарына арналған жиһаздың сериялық өндірісін жасап шығарудың отандық нарығы бойынша көшін бастап тұрмыз. Компанияның қорында көптеген стратегиялық нысандар бар: ҚТЖ, Nazarbayev University, әртүрлі министрліктер. Шамамен 150-ден астам жаңа мектептер мен балабақшаларды, ауруханаларды жиһазбен қамтыдық. Бизнесті бастамас бұрын, менде білім саласына келемін деген ой болмады. Отыз жыл уақыт өткеннен кейін мен мектеп саламын деп шештім. Бұған себепкер болған – менің кәсіпорным орналасқан Қосшыда мектептердің жеткіліксіздігі. Балалар үш ауысымда, бір сыныпта қырық баладан оқуға мәжбүр болды.  Яғни, бұл ешқандай сапалы білім беруге жатпайды. Осы сәтте, мен бизнесмен, өз елімнің патриоты, сол кездегі аудандық мәслихат депутаты ретінде мектеп салуды шештім. Қазіргі уақытта Қосшы қаласында жиһаз өндірісі бойынша кәсіпорыны мен 700 оқушы білім алып жатқан «Дара» мектебім бар. Мен эксперимент жасағанды, жаңа нәрсені үйренгенді өте қатты жақсы көремін. Бүгінгі күнге дейін бизнестің әртүрлі салаларында өзімді сынап, басқару саласында үлкен тәжірибе жинадым. Қазір құрылыс, өңдеу өнеркәсібін игерудемін.  Табысты бизнес құру үшін өз ісіңе адал болуы және жанқиярлық  керек. – Кәсіпкердің бойынан табылу керек 3 мінез? – Табысты кәсіпкер болу үшін ең бірінші табандылық қажет. Бұл – күрделі шешімдер қабылдау үшін өзіңе жауапкершілік ала білу. Бизнес көптеген сынақтардан тұрады. Сондықтан күтпеген жағдайларда тез әрекет ету және шешім қабылдау мүмкіндігі кәсіпкерлік үшін өте маңызды. Екіншіден, іске деген сүйіспеншілік, энтузиазм болу керек. Бұл үлкен жетістікке жетелейді. Табысқа бастар ең жылдам жол – өзіңе ұнайтын істі табу және жан-тәніңмен берілу. Кәсіпкердің тағы бір қасиеті – адамдармен коммуникация орната білу. Кәсіпкерлікпен айналыса отырып, көптеген адамдармен кездесуге тура келеді. Сондықтан кәсіби және қарым-қатынас жүргізе алатын адам ретінде беделге ие болу маңызды. Өз ісімді қалай ашып, жүргізу керектігі жайында арнайы білімім болған жоқ. Нарықтық экономика жайында түсінігім болған жоқ. Тек кеңес заманында Карл Маркстың еңбектерінен алған маркетинг және менеджмент туралы аздап теориялық білімім болды. Бірақ мен эскперимент жасап, байқап көрдім, көп рөлдерді атқарып көрдім. Жеті жыл бойы осындай тәртіпте жұмыс істеп, жетістіктерге жеттім. Көп ел араладым, оқыдым, аянбай білімімді арттырдым, спортпен шұғылдандым. Бұл жастық шақ, табандылық, жеңіске деген талпынушылықты қамтыған өмірімдегі ең жарқын жылдар болды. – Әр жеке кәсіпкердің өз ерекшелігі болады. Сіздің ерекшелігіңіз неде? – Ең бастысы, өзіңе деген сенімді жоғалтпау, бәрі жақсы болатынына сенімді болу және кез келген мәселеде табандылық таныту қажет. Бұл ретте шындығында да өмір бойы «оқу, оқу және тағы да оқу», сөйтіп, батыл түрде алға ұмтылу керек. – Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет.   Белгілі кәсіпкер, меценат Сайра Матайбаеваға «Пруст сұрақтарын» қойдық. Бұл сұрақтар кәсіпкердің тұлғалық бейнесін ашып, ішкі күйінен хабардар етеді. Викториян кезеңінде Лондон шаһарынан шыққан бұл «Пруст сұрақтары» бүкіл Еуропаға тараған. Марсел Пруст сауалнамасының қызық болғаны соншалық ғасырлар бойы қолданыстан түспей келеді. – Сіздің қай жерде өмір сүргіңіз келеді? – Мен өз елім, өз туған жерімде жақсы адам болғым келеді. –  Сіз қандай қателіктерді кешіруге болады деп есептейсіз? – Адам баласының бәрі қателік жасайды. Қаншалықты кешірімді, мейірімді, арайлы болсаңыз, өмір де сізге жылы шырай танытады. – Сіздің ең сүйікті тарихи кейіпкеріңіз? – Томирис. – Сіздің ең сүйікті ісіңіз? – Сүйікті ісім – менің жұмысым және саяхаттау. – Сіздің ең басты кемшілігіңіз? – Үнемі уақыттың жетіспеушілігі. – Сіз қандай болуды армандаған едіңіз? – Барлық салада табысты болуды армандадым. – Сіздің сүйікті түс және гүл? – Ақ түс, дала гүлдері. – Сіздің ең соңғы оқыған кітабыңыз? – Из третьего мира – в первый. Сингапур елінің тарихы. Қазіргі уақытта «Две жизни» кітабын оқудамын. Авторы Конкордия Антарова.  

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *