Кәсіпкер Баян Суннатқызы: «Қосшыда демалыс орнын ашқызған – Нұраның жағасы»
Сұхбат
712
«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы мен орта және шағын бизнесті дамыту бағдарламасы аясында Қосшы қаласындағы кәсіпкерлер арасында өтетін «Жылдың үздік кәсіпкері» қалалық байқауы жалғасуда. Байқауды ұйымдастырушы – Қосшы қаласының әкімдігі және «Jańa bastau» газеті. Оған Қосшы қаласының кәсіпкерлері қатысады. Газетіміздің бүгінгі санында белгілі кәсіпкер, Қосшы қаласындағы «Fazenda» отбасылық мейрамханасының иесі Баян Суннатова ханыммен халыққа даяшылық жасаудың қыр-сыры жөнінде әңгімеге тартқан едік.
Баян Суннатова – «туристік бизнестің әлеуетін қайтсем де арттырамын» деп жүрген кәсіпкердің бірі. Қай істі қолға алса да, тігісін жатқызып, қиюын келтіретін еңбекқорлығымен ортасына сыйлы кәсіпкер. Бүгінде Қосшы маңында орналасқан «Fazenda» отбасылық мейрамханасына иелік ететін ол жұмыс кезінде клиенттерге ғана емес, қызметкерлер тобына да жайлы жағдай жасауды ұдайы жадында ұстайтынын айтады.
«Негізі, мен – Түркістан қаласының тумасымын. Мектеп бітірген соң Ленинград кеңес саудасы институтына оқуға түсіп, қоғамдық тамақтану бойынша инженер-технолог мамандығын алып шықтым. Содан соң ата-анам тұрып жатқан Шымкент қаласына келіп, онда тамақ комбинатына жұмысқа тұрдым. Онда инженер-технолог болып кірген мен бас директор қызметіне дейін көтерілдім. Кейін ел астанасы Алматыдан Ақмолаға ауысып жатқан тұста мені «Қазақстан темір жолы» компаниясының тамақтану сервисіне жұмысқа шақырды. Кейін мемлекет қорғауындағы лауазымды тұлғаларға берілетін қызметтік вагон сервисінде директордың орынбасары қызметін атқардым. Бертін келе Солтүстік аймақтың директоры атандым. Ал 2008-2017 жылдар аралығында «Қала маңындағы тасымал» АҚ-ның президенті болып еңбек еттім. Онда 10 жыл табан аудармай жұмыс істеген соң зейнетке шықтым. Сонда да жұмыстан қол үзбедім. Үш жылдай ҚТЖ президентінің кеңесшісі болып жұмыс істедім», – дейді Баян Суннатқызы кәсіппен айналысқанға дейінгі өмір жолын айтып.
Баян Суннатқызы теміржол саласында тынбай еңбек еткенімен, жолдасы бұрыннан кәсіпкерлікпен айналысқанын айтады. Отбасылық кәсіпті дөңгелеткен олар бас қалада көпшіліктің сүйікті орнына айналған «Шымкент», «Отырар» кафесіне иелік еткен. «Ал кезекті кәсібіңізді дамытуға Қосшы қаласын неліктен лайық деп санадыңыз?» деген сұрағымызға «Ол кезде күйеуім осы жерден жер телімін сатып алды. Онда үй салып, отбасымызбен қоныс аудардық. Бірақ біздің үйдің маңында ештеңе болмады. Иен жер болды. Сосын аукционда осындағы жер телімдері сатылатынын естідім. Тағы бір участок сатып алып, ауламды кеңейткім келді. Алайда аукционға қатысқан кезде үйімнің қасындағы жерді мен емес, басқа адам сатып алды. Ол кісі ойланып, кейін ол жерді маған сатты. Осылайша екі участокты қосқан соң, ұжымыммен не істеу керектігі туралы көп ақылдасып, ойландым. Біреуі балабақша салған дұрыс десе, енді бірі мектеп салуға кеңес берді. Бірақ тағамтануға жақын болғандықтан, дұрысы, отбасымен келіп, тыныға алатын демалыс аймағын ашқан жөн болар деп, «Fazenda»-ны аштық. Үлкен жұмыс жасалды, әдепкіде 20 соттық жер таза, қалғаны саз батпақ болды. Біз оны әбден кептіріп, жөнге келтірдік. Қазір көріп отырғаныңыздың бәрі – үлкен еңбектен туған дүние», – дейді кәсіпкер.
Расымен Fazenda секілді демалыс аймағын салуда асқан сүйіспеншілік, ерекше ыждаһаттылық танытқаны көрініп-ақ тұр. Ол жерден дәм татқандардың «Бұл кафенің иесі өз ісін щын сүйсе керек» дегенін талай рет естігеніміз бар. Расымен өз ісін құлай сүйетін Баян Суннатқызы Қосшы маңынан демалыс аймағын ашудағы тағы бір себеп – Нұра өзенінің жағасы мен ондағы таза ауа екенін айтады.
«Бізде әртүрлі ұлттың тағамы әзірленеді, қазақ, өзбектің ұлттық тағамдарынан бөлек, кәріс тағамдарын дайындайтын мамандар бар. Сонымен қатар еуропалық тағамдарды жоғары бағалайтындарға ас әзірлеп беретін мамандар да баршылық. Өзім мамандығым бойынша технолог болғандықтан, асханаға араласып, түрлі тағамдар әзірлеймін. Біздің клиенттер келген адам көңілі қалаған тамағына тапсырыс бере алады. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, көпшілік қазақтың ұлттық тағамдары, атап айтсақ, қазақша ет пен қуырдаққа көп тапсырыс береді», – дейді ұлттық тағамдарымыздың ерекшелігін еске сала.
Көздің жауын алатын дизайнмен «көмкерілген» мейрамханаға оның ауласындағы көлшікте жүзіп жүрген аққулар мен самалжай маңында жүрген тауыстар да көрік беріп тұр. Сондай-ақ мұндағы құстардың дауысы жаныңа рақат сыйлайды.
«Аққу мен тауысты баптап ұстау – менің балалық арманым. Бала кезімде үйім болса, осы екеуін ұстаймын деп армандайтынмын. Жалпы, мен құстар мен жануарларды қатты жақсы көремін. Құстар ауласын ашқаным да сондықтан. Бізде құстардың көп түрі бар. Олардың барлығына күтім жасалады. Қыста күтіп ұстайтын арнайы үй-жай бар. Күн жылынғанда сыртқа шығарамыз. Ауланың көркін келтіріп тұрған оларды клиенттер көруге асығады», – дейді Б.Суннатқызы.
Белгілі болғандай, асханадағылар мейрамхана аумағында өсірілетін жеміс-жидектер мен көкөністерді қолданады. «Бізде қызанақ, қияр, баялды, қызыл бұрыш өсіретін жылыжай бар. Бау-бақшамыз тағы бар. Үстел үстінде базардан әкелінген емес, өз бау-бақшамызда өскен жемістерден жасалған тағамдар тұрғанын қалаймыз. Сосын біз етті де сатып алмаймыз. Бізде мал соятын арнайы орын бар. Қазыны өзіміз айналдырып, жал-жаяны өзіміз жасаймыз. Қазақша ет, кәуапқа қажет дүниенің барлығын өзіміз әзірлейміз», – дейді кәсіпкер таза өнімді бәрінен жоғары қоятынын айтып.
Сондай-ақ ол Меккеге қажылыққа барып қайтқан соң, мейрамхана маңына намазхана ашқанын айтады.
Мейрамхана маңында құрылыс жүріп жатқанын байқаған біздің «Шамасы қонақ үй салынып жатқан болар» деген болжамымызға «Жоқ, мұнда қызметкерлер тұратын ғимарат салынып жатыр. Ішінде жатақхана, шеберхана, көлікжай болады. Сосын жаттығу залы, жуынатын бөлме салу жоспарда бар. Тігін цехы да салынады. Бізде дизайнер болып жұмыс істейтін маманның жеке кабинеті болады деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, бізде жазда 70-80-ге жуық адам жұмыс істейді. Командамда басқа өңірден келіп жұмыс істейтін қызметкерлер көп. Оларға мұнда қатынау қиын, қыстыгүні тіпті қиындай түседі. Сол үшін осы ғимаратты тұрғызып жатырмыз. Менімен 20-30 жыл бойы жұмыс істеген адал қызметкерлерім бар. Олардың көбі пәтер сатып алып, жағдайын жақсартып алды. Мен жастарға көмектескім келеді. Қазір оларды оқытып, қолдарына сертификат алуына себепші болып жүрмін. Колледждерден арнайы мамандар шақырып, эстетика, клиентпен жұмыс жөнінде дәрістер тыңдаттым. Қазір олардың түгелі дерлік – дипломы бар мамандар. Дайын маман болмайды. Оларға жол көрсетіп, жөн сілтеу керек. Кейде біздің кафеде тым жас қызметкерлер жұмыс істейтінін тілге тиек етіп айтқанын естіп қаламын. Бірақ бүгін жас болғанымен, ертең ол үлкен маман иесіне айналмай ма?! Сіз ойлағандай, қонақүй салу туралы ой тастаған. Бірақ дәл қазір маған керегі – қызметкерлерімнің қамын ойлау», – дейді Баян Суннатқызы.
Сөз соңында Қазақстандағы, соның ішінде Қосшы қаласының туристік әлеуеті туралы сөз еткенімізде ол «туристік кластер дами түссе, одан ешкім жеңілмейтінін» айтады. Десе де кәсіпкердің туристерді тартуға тосқауыл келтіріп жүрген тұрғындарға айтар өзіндік назы бар. «Байқағаныңыздай, біз мейрамхана маңын тап-тұйнақтап етіп жинап қоямыз. Әрдайым сенбілікке шығамыз. Бірақ айналамызда тұрып жатқан тұрғындар үйінің маңын жинамайды. Ешкім ағаш екпейді, ауласын гүлдендірмейді. Екпесе қойсын, үйінің сыртын жинап қойса дейсің. Бізге шетелдік туристер де жиі келеді. Өткенде бір танысым «Сізге шетелдіктерді алып келе жатқанда ұялып қалдық» дейді. Әкімдік жеке секторда тұратын тұрғындармен тазалық жөнінде әңгіме жүргізсе екен», – дейді туристерді тартудың бірден-бір жолы аймақты таза ұстау екенін алға тартып.
«Маған кезінде көпшілік астанада ештеңе өспейді, ештеңе гүлденбейді деген. Бәрі де өседі, бәрі де гүлденеді. Тек еңбектен қашпай, қолға алған істі сүйіспеншілікпен атқарсаң болғаны», – дейді сөз соңында кәсіпкер.
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер (0)