Әйел – шексіздіктің символикасы

Сұхбат
view 1231
news

«Әйелдерді еркектерден көп дейді. Ойбай, ойбай! Бола берсін көп, мейлі! Әйел деген әдемі ғой, әдемі, Әдемілік бізге көптік етпейді», – деген Мұқағали атамыздың жыр-шумақтары жігіттердің көңіліне шуақ сыйлап жүргелі қашан. «Қазақстанда бір жігітке төрт әйелден келеді» дегенге сеніп, арқаны кеңге салып, отау құруға онша асықпай жүрген жігіттер де жоқ емес. Әрине, әлеуметік жағдай бірінші орында, әйткенмен бойдақ жігіттерге мұндай конспирологияның әсері жоқ деуге де болмас. Көп әйел алуды көксейтін көкелеріміздің де арагідік осы бір аргументті алға тартып жататынын естіп қалатынымыз бар. Алайда шынайы өмірде мүлде олай емес. Зерттеулерге қарағанда, елімізде жыл сайын әйелдер үлес саны азайып барады. Биыл Қазақстандағы әйелдер саны 9,9 млн. болған. Былтырғы халық санағының қорытындысында 19 млн. халық бар делінген. Қарапайым есептегенде 9 млн. ер адам, 10 млн. әйел адам бар деуге болады. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2022 жылдың 1 наурызында Қазақстандағы әйелдер саны 1,2% өсіп, 9,9 миллионға жеткен. Жыл сайын елде әйелдер үлесі азайып келеді: 2017 жылы 51,62%; 2018 жылы – 51,58%; 2019 жылы – 51,54 %; 2020 жылы – 51,51 %; 2021 жылы – 51,48 %; 2022 жылы 51,43% болған. Алайда 5 жыл ішінде көрсеткіштің 0,18 %-ке төмендеуін статистикалық тұрғыдан маңызды деп санауға болмайды. 29 жасқа дейінгі азаматтар ішінде әйелдердің саны басым. Ал 30-49 жас аралығындағы азаматтар арасында әйелдер мен ерлердің саны тең. Ал 50-ден 59 жасқа дейінгі әйелдер үлесі 53,6 пайызды құрағанымен, 60 жастан бастап олардың саны күрт артып, 72,1 пайызға жетеді. Демек, апа-әжелеріміздің үлесі басым. 2021 жылы елімізде жұмыспен қамтылған әйелдердің саны 4,3 миллионға жеткен. Әйелдердің басым бөлігі сауда және білім, медицина саласында. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп, құрылыс салаларында еңбек ететін әйелдердің үлесі артып келе жатқан көрінеді. Қазақстандағы әйелдердің жалпы халық санындағы үлесі айтарлықтай өзгеретінін атап өткен жөн. Осылайша, елімізде әйелдер қауымы ең көп өңірлер Алматы (алматылықтардың жалпы санының 54,2%-ы), Павлодар (52,5%) және Қостанай (52,4%) облыстары болып тұр. Ал Түркістан және Қызылорда облыстарында ерлер саны керісінше әйелдер санынан басым. Солтүстік Қазақстанда әйелдар саны едәуір төмендеген. Осыған орай, Қосшы қаласының тұрғыны – жас қаламгер, экономика және бизнес магистрі, «Қыз өссе – елдің көркі» атты кітаптың авторы Әсел Қайратқызымен отбасы және гендерлік мәселелер мен қыздардың тәрбиесі жөнінде әңгімелескен едік. – Әсел ханым, сіздің «Жас толқын» сериясы бойынша мемлекеттік тапсырыспен шыққан «Қыз өссе – елдің көркі» атты еңбегіңіз жастар арасында жақсы оқылды. Мұндай еңбек жазуға идея қайдан келді? Әңгімемізді осыдан бастасақ. – «Қыз өссе – елдің көркі» атты тырнақалды еңбегім – бойжеткендерге арналған кітап. Кітап жазарда ең алдымен балғын балалық шақтан бойжеткен аруға айналу кезеңіндегі қыздардың кейбір ақпараттық қажеттілігіне зәрулігін ескере отырып, олардың өзін-өзі тануы, өзгелермен қарым-қатынас жасауы, ана болуы тәрізді тіршіліктің толып жатқан қыр-сырларын ұлы тұлғалардың өнегесіне қарап танып-білуіне, түсінуге көмектесуді мұрат қылдым. Кітапты жазу идеясы 20-21 жасымда келді. Нақты жоспар құрып, материалдар жинақтай бастадым. Өйткені дүкен сөрелерінде қыз балаларға арналған кітаптар өте көп. Өкінішке қарай, олардың барлығы орыс тілінде жазылған. Оның үстіне пайдаланылған әдебиеттері көрсетіліп, автор жинақ етіп құрастырған кітаптар. Ондайлар түр-түрімен, бір-бірімен тайталасып тұр... «Для маленьких принцесс», «Для девушек», «Для девушек старше 18-ти», «Для молодых женщин» деп осылай кете береді... Тіпті ішінара бірнеше санаттарға бөлінетіні тағы бар. Мысалы, «Правила жизни Cьюзан Cарандон» деген еңбекте, «Феминизм ақырында тағы бір гендерлік бөлініске түсті. Бұл сондай жағымсыз. Менің алдымда әйел бар деп біреуге одан сайын жақсырақ қарағым келмейді. Мен Кондолиза Райсқа дауыс берген жоқпын және Маргарет Тэтчерді жек көремін» дейді. Біз мұнан бір ортақ тақырыптың өзі бірнеше классификацияға бөлінгенін байқай аламыз. Осы жерде 6 сыныпта оқып жүрген кезімдегі бір оқиға есіме түсіп отыр: Дүкеншіден «қыз-келіншектерге арналған кітаптардың қазақ тіліндегі нұсқасы бар ма?» деп сұрадым. Ол: «Мұндай кітаптардың қазақ тіліндегі нұсқасы шықпаған да болар» деп жауап қайырды. Керек ақпаратты ана тілімде оқығым келді. Іштей қатты қынжылдым. Жақсы жазушылар болса да, қыз балаларға арналған кітаптар жоқ. Жасым үлкен, қазіргі жастарды түсінбеймін десе, психолог мамандармен кеңесе отырып жазсын. Тек олардың есімін көрсетуді ұмытпасын. Осы ойдың жетегінде жүріп бойжеттім. Мектеп пен жоғары оқу орнын тәмамдадым. Сол жоғары оқу орнының бірінші курсында әлгі дүкенге тағы да бардым. Арада бірнеше жыл өтсе де, ешнәрсе өзгере қоймағанына көзім жетті. Со дан кейін осы еңбекті жазып шықтым. – Неге «Қыз өссе – елдің көркі»? – Қыз бала болашақ ана, ақ жаулықты әже, бар тіршіліктің қайнар бастауы. Адамзат ұрпағын өсіріп отырған шексіздіктің символикасы. Бұл сөз – ақын Исраил Сапарбаев ағамыздың 80-90 жылдарда көпшілікке кең тараған әнінің мәтіні. Осы бір ән біздің патриархал қоғамға қаншама эволюциялық өзгеріс әкелді десеңізші. Бізде осы «қыз өссе» деген сөзді қыздардың саны өссе, көбейсе деп тым қарабайыр түсініп қалатын адамдар барын білдім. Бұл жердегі өсу – санның өсуі ғана емес, сапаның өсуі. Яғни, қыз-келіншектің мәдени-рухани өсуі және қыздың бойжетіп өсуі – көркемдіктің белгісі. – Соңғы деректер бойынша елімізде әйелдер саны азайып бара жатқаны жайлы ақпараттар бар. Бұған не себеп болды деп ойлайсыз? – «Дүниедегі өтіріктің атасы – статистика» деген сөз бар емес пе?! Егер сіз айтып отырған көрсеткіштер рас болса, мен мұны теріс көрмеймін. Адамдардың азайғанын емес, әрине. Егер ер азаматтар көбейіп жатса, онда ертең қыз баланың қоғамдағы қадірі артады. Өйткені «бір жігітке төрт әйелден тиеді» дегенге бәрі әлі күнге дейін сеніп жүр. Онымен қоса, біз қазір бәрі дамыған, көзі ашық заманда өмір сүреміз. Меніңше, ғалам бәрін өзі реттейді, әлдекімдерге тіпті сабақ болуы мүмкін. Сондықтан қоғамда әйелдің саны емес, сапасы артатын болса бек қуаныштымын. Жазушы Александр Дюманың әдемі сөзі бар ғой: «Әйел деген қасиетті. Ал сен сүйген әйел екі есе қасиетті» деген. Қоғамдағы қадірі артқан сүйген һәм сүйікті болған әйелдің қасиеті де жоғары болатыны анық. – Жыл сайын елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың белең алып бара жатқаны қоғамда жиі айтылады. Мұны азайту үшін не қажет деп ойлайсыз? – Ол рас. Жақында ғана Түркістан облысында күйеуі әйелін соққыға жығып өлтіргені туралы естіп, бәріміз жағамызды ұстадық. Бұл сұмдық жағдай енді қайталанбас үшін қоғам сабақ алуы тиіс. Адамдардың бір-біріне деген жанашырлығы керек. Әр әйелдің үйінде қандай да бір мәселе туындаса, соны ортақ келісімге келіп шеше алатын орталықтар, не болмаса әйелдердің бір-бірін қолдай алатын клубтар қажет пе деп ойлаймын. Меніңше, отбасында көретін мұндай зорлық-зомбылық тек бір әйелдің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін мәселе, аяушылық, мейірімділік, жанашырлық қажет жан-жақтан. Ал бізде ондай келеңсіздікті көбіне жасырады, ұят көреді, айналасына айтпайды, егер әйелдің айналасында қолдайтын шын жанашырлары болса, ер адам ұрып соғатын жағдайға бармас па еді, кім білсін? Ер адам өзінің ең осал тұсы не екенін біліп қаймығады деп ойлаймын. Егер әйелдің соңында әке, ағалары, әпке-құрбылары т.б. жанашыр тұлғалар бас көтерсе, мұндай сұмдықтар болмас еді. – Біздің қоғамда қыз-келіншектерге шектеу көп пе? Жалпы сіз қыз-келіншектерге қойылатын тиымдарға қалай қарайсыз? – Біздің қоғамда аса бір қатты шектеу жоқ. Өйткені әр адам өзінше әлем, өз еркімен қанаттанып, қалауынша әр нәрсені орнымен жасай білсе, міне бұл – нағыз үйлесімділік. Биік эстетикалық талғаммен жасалған әр дүниеде өмір бар. Меніңше қазіргі таңда қыз-келіншектерге тиым емес, қолдау қажет. Санасы, тәрбиесі бар адам әр нәрсенің арғы жағын ұғып алары сөзсіз. Заман көз ілестірмес жылдамдықта дамып келе жатқаны соншалық, соған орай тиымның орнына қолдау, жөн сілтеумен орнын ауыстыратын кез жетті. Қыз балаға ата-ананың, туған-туыстың қолдауы, келінге ата-ененің қолдауы, жарына ер азаматының қолдауы қажет. – Әйел адам қоғамда жеке тұлға болып қалыптасуы үшін не қажет? – Меніңше қоғамда онсыз да әйелдердің орны бар. Қазір де тұлғаға айналған мықты қыз-келіншектер көп. Рухани өсіп, жан-жақты ойларын ашық жеткізе алатын нәзік жандылар қаншама? Әйелдердің рухани дамып, жеке тұлға ретінде бой көрсетіп жатқандарына көңіліміз тоқ. Қоғамда ешкім бір-бірінен кем емес, әркім өз орнын біледі деп ойлаймын.  – Сәуір айында Қосшы қаласының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Р.Қошқарбаев атындағы №1 орта мектебінің 8-сынып оқушыларымен кездесу өткіздіңіз. Кездесуден не түйдіңіз, біздің бүлдіршін қыздарымызға не қажет? – Иә, оқушылармен кездесу өткізгенім рас, бар білгеніммен бөлісіп, оқушы қыздарға рухани өсіп, жетілу туралы ой салуға талпындым. Қыз баланың қоғамдағы рөлінің маңызды екенін еселей жеткізуге тырыстым. Ой түйгенім қазір көзі ашық, еркін ойлы жастардың легі көбейіп келеді. Егер дұрыс бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп жіберсе үлкен жақсылық күтуге болады болашақтан. – Қоғамдағы қыз баланың рөлі, тәрбиесі, психологиясы, өзін-өзі тануы туралы не айтасыз? – Әңгіме арасында айтқанымдай, қоғамда қыз баланың рөлі зор. Себебі қыз бала болашақта ана, ақжаулықты әже болмақ. Әр отбасында қыз бала тәрбиесіне, психологиясына қысым көрсетілмейтін барынша қолдау көрсете отырып тәрбиелесе құба-құп. Еркін ойлы, ойын ашық айта алатын жастардың өзін-өзі тануына әкелетін бірден бір жол бұл – рухани тәрбие. Рухани тәрбиенің ішінде бәрі бар. – Әңгімеңізге рақмет!

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *