Орхан Памук және «Сезім музейі»

Сұхбат
view 827
news

Орхан Памук – бүгінде ең танымал түрік жазушысы. Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері [2006 жыл]. Оның шығармалары әлемнің 50 тіліне аударылған. Қазақ тілінде оның «Менің атым қырмызы», «Сезім музейі», «Қар», «Ақ қамал», «Өзге түстер» сияқты танымал романдары жарық көрді. «Сезім музейі» романының желісі бойынша 2012 жылы Стамбулда музей ашылғанын кітапты оқыған әрбір оқырман жақсы біледі. Онда өз алыс туысқаны, сұлу Пүсінге есі кете ғашық болған ауқатты жігіт Кемалдың қыз үйінен талай жылдар бойы «ұрлаған» ұсақ-түйек заттары топтастырылған. Одан бөлек Памуктың өз балалық шығындағы дискілер, картон қағаздар, әшекей бұйымдар, маркалар да көрініс тапқан. Музейге «Таймс»: «Бұл – әлемдегі ең үлкен махаббат коллекциясы» деп баға берген екен. Қос ғашықтың махаббатын паш еткен кітап пен музей туралы және ондағы «мозаика сезімдер» жайында РИА журналының тілшісі автордың өзімен сұхбат жүргізген еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. – Музейді құру жайлы ой сізге қашан келді? Романға дейін бе, жоқ әлде кейін бе? – Шынымды айтсам, мен бұл жобаны жасаудан басында қорыққаным рас. Жұрт түсінбей, «осы жасқа келіп, ақшасы аздай енді музей құрғаны несі?!» деп айтуы мүмкін ғой. Бірақ мен оны Нобель сыйлығын алғанға дейін ойлап қойған едім. Сыйлық тек сол батылдығыма батылдық қосты. Сыйлық алған кезде мен «Сезім музейінің» жартысын жазып қойдым. Ал музейге арналған ғимаратты оның алдында сатып алдым. Музей туралы нақты шешімім болғанына осы дәлел. Сыйлық алғаннан кейін бәрі абыр-сабыр болды да кетті. Музей туралы жоспарым да оңынан шешілді. Сыйлық мені көптеген жазушы, оқырмандармен таныстырды. Музейге келушілердің санын көбейтті. Бұл үшін әрине, өте қуаныштымын. Сезім музейін жасау – менің ең көп ақша жұмсаған әрі соңына дейін күрескен ең батыл қиялымның бірі. Одан бөлек мен ол кезде саяси қысымда жүргендіктен, музейге біреулер шабуыл жасап, экспонаттарды қиратып кете ме деген күдігім болды. Сөйтіп оған көп күзетші жалдадым. Сосын мүлде ашпаймын деп бір ойладым. Бірақ достарым «Орхан, музейді аш, мүмкін келушілер көбейіп, ақшаң қайтар, болмаса телефон арқылы басқа да келушілер табылып қалар…» деді. Сөйтіп ақыры музейді ашуға шешім қабылдадым. Келушілер мен ойлағаннан да көп болды. Біз ол үшін мемлекетке қол жайған жоқпыз. Билеттің арзан екеніне қарамастан, жұмысшыларға да жалақыны өз қалтамнан төлеймін. Ең бастысы әлемдегі қаншама танымал музейлер сияқты атақ алып, аяғынан тік тұрған шағын музейіміз бар, сол қуантады. – Музейге арналған заттарды қайдан алдыңыз? – Әртүрлі жерден. Кейбіреуі менің жеке отбасымның заттары; анамның, әжемнің. Туыстарым бұны маған «біздің бала роман жазып жатыр екен, берейік, сараң болмай» деп қиған болатын. Кейбіреуі менің өз жеке заттарым. Себебі Кемал менен бес жас қана үлкен және біздің өмір сүрген мәдениетіміз бір. Бірақ арасында өмірде мүлде болмаған заттар да бар. Мәселен кітапта Meltem деген газды сусыны жайлы әңгіме болады. Бірақ ол сусын Түркияда ешқашан болған емес. Керісінше роман жарық көргеннен кейін кейбір компаниялар осы аттас әртүрлі сусындар шығара бастады, бірақ бұның біздің іске үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Музейге арналған экспонаттарды біз түгелдей өз қолымызбен жасадық. Бұл романның фильм көретін нон-стоп сәтіндегі детальдар. Оны маған достарым түсіріп берді. Бір күні кешке бәріміз жиналдық та, қырманға барып ретростилде соны түсіріп қайттық. Бәрі романдағыдай болды; қыз көлікте отырады, ал көлікті артынан жиырма бала итеріп бара жатады. Бұл деталь біздің заманда түсірілсе де, дәл бір он жыл бұрын түсірілгендей әдемі шықты. Заманауи өнерде ready made деген түсінік бар. Оны ойлап тапқан – француз суретшісі Марсел Дюшан. Егер сен көшеден бір қоқыс тауып алып, соны баптап, рамкаға салып қойсаң сол ready made боп есептеледі. Яғни, мәні сол оны сен салмайсың, өмірдің өзі салады. Менің музейімде ready made-тің нағыз образдары да, жай иммитациясы да жетерлік. Жаңағы Meltem солардың бірі. – Сіздің музейіңізде сол 70-жылдардағы газеттер де бар. Сұрағым келгені Пүсін қатысқан сұлулық байқауы жайлы мақала қай газетке шығып еді… – Керемет! Сіз менің газетпен не істегенімді біліп қойдыңыз ба? Ал байқаудағы бейне клипті ше? Көре алдыңыз ба? Біз мұны істеп болғанша ақ тер, көк тер болдық. Модель қыз таптық, сөйтіп оны фильмге түсірдік, артынан оны ескі газетке жапсырдық. Құттықтаймын, сіз осы бір кішкентай дүниені жақсы байқапсыз! Мен осыны ұйымдастыру үшін қаншама тер төктім, бірақ ешкім байқамаған еді. Сонымен не деп едім.. Иә біз ескі газет таптық, сөйтіп оған конкурс жайлы белгішені қыстырып қойдық. Біз цифрлы ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Компьютермен бәрін жасауға болады. Ал, баспагерлік болса біртіндеп жоғалып бара жатыр. Газетті өте ескі технология бойынша жасадық. Бәлкім ол қалайы матрицасы бар ең соңғы типография шығар. Байқампаздығыңызға рақмет! Мені қуантып тастадыңыз! – Музейіңіздің шарықтау шегі осы ма әлде тағы бірдеңелер қосасыз ба? – Музейдің логикасы сонда, роман 83 бөлімнен тұрады, соған сай музей де 83 экспозициялық витринаға негізделуі керек. Әр бөлімнің тақырыбы әр витринамен мазмұндас келеді. Бұл заманауи технологиямен жасалған заманауи музей. Шатыры бар соңғы қабатта витрина жоқ. Есесіне музейдің басқа да жұмыстарына арналған бос бөлме бар. Әзірге бары 65 витрина, қалғанын мен әлі жинақтап жатырмын. Көп заттарды жаңағы ready made стилінде жинап шықтым, ал кейбіреуі виртуалды экспонаттар. Әр жыл сайын бір витрананы толық жасақтап, әрқайсына жеке-жеке пресса жасап, таныстырсам ба деймін. Онда мен ескі және жаңа Түркияның келбетін көрсеткім келеді. Жалпы айтқанда музей менің көңілімнен жүз пайыз шықты деп толық сеніммен айта аламын. – Ал сіз өзіңіз кейіпкеріңіз сияқты құлай сүйіп көрдіңіз бе? Естен тана, сүйіктіңіздің әр басқан қадамын аңдып, қолы тиген әрбір затын жинап дегендей. Мүмкін Кемал бұл сіз шығарсыз? – Мен сізге жүз жерден ондағы Кемал мен емеспін деп айтқан сайын, сіздің оған сенбеуіңіз де арта түседі. Бұл менің жақсы романшы екенімнің айғағы. Жазушының шеберлігі де сонда оны оқып отырған оқырман «бұны бастан кешпей жазу мүмкін емес» деп ойлауы. Кітапты оқу барысында сіздің санаңызға сан түрлі ойлар келеді. Сіз оқиға соңынан ересіз, кейіпкерлердің қарым-қатынасына баға бересіз, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екеніне төрелік жасайсыз. Кімдікі өтірік, кімдікі рас, оны да пайымдайсыз. Сіз кейіпкерлерді қоршаған ортаны толық көресіз. Бұдан кейін әрине бәріміз [тіпті жазушылардың өзі де] ол бұны ойлап тапты ма, жоқ әлде өзі басынан кешті ме деген сұрақ қоямыз? Бұл сұрақтардың жауабын іздеу де кітаптың бір ғанибеті. Сондықтан сіз маған «Сіз Кемал емессіз бе?!» деп сұрақ қойғанда мен өзімнің осы сұрақты қоюға татырлық роман жазғаныма қуанамын. Әрине мен де ғашық болдым, мен де сүйдім, бірақ нақты Кемалмын ба, әлде ол емеспін бе, ол жағын айта алмаймын. Жазушылық бұл қызғанышты бастан кешіре отырып, ең ұлы қызғанышты жазу; жеккөрінушілікті бастан кеше отырып кейіпкеріңе ең ұлы жеккөрушілікті беру. Егер біз бірдеңені сипаттасақ, өзіміз де оны солай бастан кештік дегенді білдірмейді. Бірақ кім ғашық болмады, ол ғашықтық туралы роман жаза алмасы анық. Біз Нишанташи ауданында тұрдық. Кейіпкер Кемал – біздің көршіміз. Романда, «Хилтон» қонақ үйінде Памуктер отбасының кейіпкермен кездесуі – өмірде болған оқиға. Онда менің барғаным да рас. Менің тіпті Пүсінмен билегенім де рас. Сондықтан мен сізге кітаптың қаншасы ойдан құралған және қаншасы шынайы болғанын дөп басып айтып бере алмаймын. Сіз мен Кемалмын ба, жоқ па, оны да біле алмайсыз.  – Алдағы шығар романдарыңызға да осындай ерекше тәсіл қолданасыз ба? Әлде… – Әрине, менің миымда мыңдаған жобалар бар. Мәселе сонда, мен 7 жасымнан 20 жасыма дейін суретші болуды мақсат еттім. Мен инженерлер әулетіненмін. Әкем инженер, ағам инженер, мен де инженер оқуына түстім. Соған қарамастан өнер адамы болғым келді, дей тұрғанмен математикадан да жаман болмадым. Маған әкем «егер сен өнер адамы болғың келсе, суреттік талғамды қажет ететін инженерлік мамандыққа түс» деді. Ол әрине архитектура болатын. Сонда оқып жүріп мен бәрін тастадым да, роман жазуды қолға алдым. Не үшін олай жасағанымды «Стамбул. Естеліктер қаласы» романымда егжей-тегжей жаздым. 15 жасымнан 22 жасыма дейін Стамбул көшелеріне шығып, оларды суретке түсірдім. Сосын оны француз суретшілері сияқты салуды хоббиге айналдырдым. Кейін олар менің кітабыма сурет боп түсті. Менің ойымда мыңдаған идеялар сапырлысып жатқаны сонша, мен тіпті олардың соңына ілесіп те үлгермей жатырмын. – Дегенмен де нақты біреуі жайлы айта аласыз ба? – Иә. Мен Анна Каренинаның музейін ашқым келеді. Менің «Сезім музейі» романым алғашында сол музейді ашу ойынан туындаған еді. Яғни сәтті роман жаза алам ба емес, сәтті музей аша алам ба деген ой бірінші кезекте тұрды. Бірақ Анна Каренина роман ретінде жақсы шықты, ал Толстой оның музейін ашу жайлы ойламады. Мен міне, сол жайлы ойлай бастадым; Анна Каренина музейін ашсақ, сөйтіп онда Аннаның көйлегін қойсақ… Набоков Анна отырған поезд бен қолына ұстаған қызыл сөмкесінің суретін салды. Аталмыш музейде біз ХІХ ғасырдың 70-жылдарындағы Аннаны қоршаған орыс қоғамын көрсете алатын едік….  – Барлық салада бақ сынауыңызға қарағанда сіз нағыз өнер адамы боп тұрсыз ғой. – Мен тырнақшаның ішіндегі «өнер адамымын». Қарапайым түсінікте мен нағыз өнер адамы емеспін. Орысша қалай, білмедім, бірақ батыста әдебиетшілер өнер өкілдері боп саналмайды. Ол жай ғана әдебиетші, жазушы. Аrtist сөзі «жазушы», болмаса «музыкант» деген түсінікті бермейді. Ал түрікше «өнер адамы» [sanatçi] көп мағананы өзіне сыйдырып тұр: музыкантты, әртісті, әдебиетшіні, суретшіні. Мен өзімді сондықтан жан-жақты сезінемін. Әрине, барлық жобалар сәтті шықты деуге аузым бармайды, бірақ істеген іс те аз емес. Алда өз суреттерім салынған кітаптарымды шығарсам ба, деген ойым бар. Мен сурет салған кезде өзімді ваннада ән салған адамдай бақытты сезінемін. Бірақ роман жазған кезде ғана сол бақытыма ақыл кіреді. – Қазір немен айналысып жүрсіз? – «Обалы түн» деген өте амбициялық романымды аяқтауға бар күшімді салып жатырмын. Оқиға 1990 жылдың сәуір айы мен тамыз айының арасында белгісіз бір аралда орын алады. Бұл ойдан шығарылған, Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі шамамен Крит пен Кипрдің арасында орналасқан арал. Аяқталуына әлі алты айдай уақыт қалды. – Бұл жыл Ресей мен Түркия арасындағы мәдениет жылы деп жарияланды. Соның аясында сіздің қатысуыңызбен қандай шаралар болады? – Ол жайлы естімеппін. Әңгіме екі ел арасындағы мәдени тәжірибе алмасу жайлы боп тұр ма? Онда мен ең қолы бос емес адам боламын. Достоевский жайлы мақала жаздым,маған құрметті доктор атағын берді [«Санкт Петербург университетінің құрметті докторы» 2017 жыл]. Егер маған қоңырау шалып, ұсыныс жасаса, мен қуана-қуана Ресейге баруға келісер едім. Менің кітаптарымды Ресейде көп оқиды, ресейліктер мені жақсы көреді, мен өзім де Достоевский мен Толстойды оқып жазушы болдым. Сондықтан мүмкіндік түскен сәттен-ақ аттануға дайынмын. Бірақ әзірге мені ешкім шақырған жоқ. Егер мені батыстың жазушысы деп қарар болсақ, Ресейді кітап турымен толық аралап шыққан алғашқы жазушы боламын. Тағы кітаптарым жарық көрсе, міндетті түрде барамын. Маған ресей халқымен сөйлескен ұнайды. – Жақында ғана Стамбулда сіздің суреттеріңіз қойылған көрме өтті. Көрменің ерекшелігі сол, ол сіздің пәтерде, балконыңызда өтті. Дәл осындай көрмелерді басқа елдерде өткізу жоспарда бар ма? Мәселен Ресейде? – Менің суреттеріммен әрленген кітабымның көрмесі өтті. Иә, ол көрме «Балкон» деп аталды. Қазір екінші рет өткізуге дайындалып жатырмыз. Әрине шақырушы тараптан жақсы ұсыныстар түсіп жатса, мен бұны Ресейде өткізуге дайынмын.

Тәржіман: Жантас ЕРКІНҰЛЫ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *