Тимур Фарзалиев, полиция майоры: Қосшы қауіпсіз қала атану үшін барымызды саламыз

Сұхбат
view 242
news

Тимур Фарзалиев Қосшы қаласы жергілікті полиция бөлімше басшысы, полиция майоры болып жұмыс істейді. Жауапкершілігі мол бұл мамандықты таңдауына нағашы ағасы Жасұлан себепкер болғанын айтады. Кәмелетке толған соң төлқұжатындағы ұлтын қазақ деп жаздыртып алған Тимур Сайяфұлы оның себебін айтып, түсіндіргенді құп көрмейді. Десе де әзербайжандар мен қазақтар арасындағы ұқсастық көп болған соң, екі ұлтты бөле-жара қарамау керек екенін алға тартады.

Нағашы ағамның жолын қуып, полицей атандым

Мен 1982 жылдың 18 тамызында Алматы қаласында дүниеге келдім. Әкем – әзербайжан, ал анам – қазақ ұлтының өкілі. Екі ағайындымыз. Руслан есімді ағам бар. Бірақ мен алты жасымнан бастап кезіндегі Торғай облысы Қима ауданына қарасты Балталы ауылындағы нағашы атам Қайду мен Шәмшия әжемнің қолында өстім. Бала жасымнан атам мен әжемнің тәрбиесін, олардың ерекше қамқорлығын көрдім. Оларға деген шексіз алғысымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жалпы, нағашылар жақта қыздар көп, менен бес жас үлкен жалғыз ұлдары Жасұлан жалғызсырамасын деп бауырына басып, өз баласындай өбектеп өсірді. Қима ауданындағы №2 мектепте 9 сыныпқа дейін оқып, кейін 10, 11 сыныпты Арқалық қаласында оқыдым. Сосын Арқалық педагогикалық институтының дене шынықтыру және спорт факультетінде жоғары білім алдым. Оны бітірген соң, екі жылдай мұғалім болып жұмыс істедім. Содан соң Көкшетау академиясында заң факультетінде білімімді жетілдірдім. Негізі, ішкі істер органдарында 2009 жылдың қараша айынан бері жұмыс істеп келемін. Ал бұл жұмысқа қызығуыма жоғарыда айтып өткен нағашы ағам Жасұлан себепші болды. Бір қызығы, мен ол кісінің жүріп өткен жолын қайталадым. Ағамды үлгі тұтып, сол секілді болуға тырысып бақтым. Ол оқыған институтта мен де оқыдым. Содан кейін ағам мектепте мұғалім болып жұмыс істеді, сосын ол әскерге кеткен соң мен оның орнына жұмысқа қабылданып, сабақ бердім. Нағашым әскерден келген соң, полиция бөліміне жұмысқа тұрды. Сол кезде оның үнемі полиция қызметкерінің киімін киіп жүретініне қызыға қарайтынмын. Одан бөлек, қыстыгүні қақаған аязға қарамай, күні-түні жұмыс істеп, мал ұрлаған қылмыстық топты құрыққа түсіріп, көшелердегі тәртіпті қадағалап жүретіні де ұнайтын. Сөйтіп, екі жылдан соң мен де полиция қызметкерлері қатарына қосылдым.

 Кәмелетке толған соң ойланбастан ұлтымды қазақ деп жаздырып алдым

Кәмелетке толған соң ойланбастан ұлтымды қазақ деп жаздырып алдым. Оған әкем еш реніш білдірген емес. Нағашыларым бар мейірін төгіп, қатарымнан кем қылмай өсіріп-баққан соң осылай дұрыс деп шештім. Олар мені ерекше жақсы көреді. Оларға қанша алғыс айтсам да жалықпаймын. Десе де, бізді «сен – әзербайжансың, ал біз – қазақпыз» деп ешкім бөле-жара қараған емес. Леңгір, Түлкібас, Шымкент жақта әзербайжан туыстарымның тойына барған сайын олардың қазақтармен бауырдай бір-бірімен араласып-құраласып, бірлік туын жықпай жүргенінің куәсі боламын. Бәзбіреудің оларды алалап, бөлектегенін еш естіген емеспін. Кавказ жақтағы туысқандарыммен де араласып тұрамын. Екі жақпен тең араласамын. Негізі, екі елге ортақ нәрсе көп қой. Бірге тойлайтын мереке көп. Әсіресе, екі жақ та Наурыз мейрамын дүркірете тойлатады. Ондай сәтте халықтың ынтымақтастығы мен өзара ауызбіршілігі нығая түсіп, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым беки береді. Туған ағам Руслан да қазақылыққа жақын. Десе де оның төлқұжатында ұлты әзербайжан деп жазулы тұр. Ол қазақтан қыз алды. Бүгінде ол төрт ұл тәрбиелеп отыр. Ұлдарының ұлты да «әзербайжан» болып жазылды. Ол түрікше, әзербайжанша жақсы сөйлейді. Ал мен әзербайжан тілінде аз-маз түсінемін. Менің әйелім Гүлден де – қазақ. Екеуіміз Қима ауданында бір мектепте оқыдық. Руслан ағам секілді екеуіміз де төрт ұл тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлымның есімін Нұрсұлтан деп туған ағам Руслан қойды. Одан кейін туған ұлдың есімін Дінмұхамед деп өзім қойдым. Ал үшіншіміз дүниеге келгенде анам Елнұр деген ат қойды. Кенжемізге әйелім Әлинұр деген ат берді. Қазір үшеуі Қосшыдағы №2 орта мектебінде қазақ сыныптарында оқиды, ал кенжем осындағы балабақшаға барады. Үлкенімнің тегі ғана Фарзалиев, ал қалғанының тегін қазақшалап, Фарзаәлі деп жаздырттық. Үйде тек қазақша сөйлесеміз, ұлдарым орысша сөйлеуге жасқанады. Кейде оларға орысша сұрақ қойсам, қазақша жауап қатып, қазақ тілінде сөйлескенді құп көреді.

Қосшы – өркендеуге өріс алған қала

Целиноград ауданындағы Жалғызтөбе ауылында учаскелік полицей болып жұмыс істедім. Сосын басшылар нәтижелі жұмыс істегенімді бағалап, Қосшы қаласындағы полиция бөліміне осы лауа­зымға тағайындады. 2019 жылдан бері осында жұмыс істеп келемін. Қол астымда МАИ, учаскелік қызметкерлер, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларды есептегенде жалпы саны 42 адам жұмыс істейді. Біз түгеліміз қала белсенділерімен бірігін Қосшы ауылының қала статусын алуға атсалыстық. Көп шаруа атқардық. Қала статусын алуда аймақтағы тәртіп пен тұрғындар тыныштығы да рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан біз де тілекші болдық. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осында келгені де стимул болған шығар. Сол кезде бізді алда үлкен өзгеріс­тер күтіп тұрғанын сездік. Сол үшін барымызды салып, талай істер атқардық. Қосшы – жақсы қала, жаңа қала. Өркендеуге өріс алған қала. Қосшыдан ешқайда кеткім келмейді. Осында үйреніп қалдық. Туған жерім секілді. Мұнда адамға қажет нәрсенің барлығы бар, қолайлы жағдай жасалған. Базардан бастап демалыс аймағына дейін салынған. Үлкен қалалардан кем түспейді. Іргесіне астана тиіп тұр. Алдағы уақытта өркендеп, жайқала түсетін аймақтар қатарына қосылатыны анық. Соған сенемін. Қазір бейнебақылау камералар орнатылып, штаттағы қызметкерлер саны көбею себебінен Қосшыда қылмыс саны азайды. Бұрын поселкелік полиция бөлімшесі деп аталған ол жерге басшылар келіп, жүйелі жұмыс істеп, көп нәтиже шығарды. Ұйым­дастыру жұмысы жолға қойылды. Әсіресе, ұрлықты тоқтатуға күш салынды. Мысалы, жеке үйлерді тонаумен айналысқан төрт топты қолға түсірдік. Тұрғындардың көбі елордада жұмыс істеп, үйі қараусыз қалатынын білетін, басқа жақтан келген ұрылар пластик терезелерді өртеп, ішіне түсіп, құнды заттар мен бағалы әшекейлерді ұрлап келген. Қазір соңғы жарты жылда жағдай тұрақталды. Алдағы уақытта Абай көшесінде бой көтерген жаңа ғимаратқа көшеміз. Жеке кабинеттер, көліктер беріліп, арнайы құрам саны көбейеді. Барлығы жақсы болады. Қазір бастысы Жаңа Қазақстанда жаңа қала Қосшының әлеуеті арта түседі деп сенім отырмыз. Одан бөлек, балаларға дұрыс тәрбие беріп, олардың жақсы адам, білікті маман болуына атсалыссақ болғаны. Одан өзге ештеңенің қажеті жоқ.

Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *