Насиба Алиева: Қазақстаннан ешқайда кеткіміз келмейді

Сұхбат
view 376
news

«Қосшыдан артық жер таппаймыз». Әңгімесін дәл осы сөзбен бастаған Насиба Алиева Елорда маңындағы аймаққа отбасымен бірге жеті жыл бұрын көшіп келген. «Жанұя» отбасылық денсаулық емханасында медбике болып жұмыс істейтін ол бәрінен бұрын аймақтағы тыныштық пен тұрақтылық ұнайтынын айтады. «Мен Түркістанда түріктер отбасында дүниеге келдім. 1941 жылдары Сталин жарлығымен Кавказ елінен Қазақстанға қарай үдере көшкен қалың елдің арасында түріктер де болған. Ата-әжем Түркістанға тұрақтап, сол жерде балаларын өсіріп, үбірлі-шүбірлі болып, берекелі отбасыға айналған. Кілең қазақтардың ортасында өскендіктен, қазақшаға судаймын. Оған қоса, түрік пен қазақ тілінің құрылымы ұқсас, аса қиындық жоқ. Түрік тілін жетік білемін, бірақ біз көбіне таңнан кешке дейін қазақша, қала берді орысша сөйлесеміз. Түрік тілін көп қолданбаймыз», – дейді Насиба. Адам өміріне араша түсіп, дертіне дауа табатын дәрігер болуды бала кезінен армандаған түбі бір түрік қандасымыз Түркістандағы медициналық колледжде білім алған. Диплом алар сәтте жолдасы Дәулетпен көңіл жарастырып, ізінше екеуі отбасын құрған. Кейіпкеріміздің айтуынша, күйеуі Сарыағаштың тумасы. Оның да ұлты түрік. Насиба секілді оның да ата-әжесі Кавказдан осында жер аударылған. Тілімен қоса, ділін де бойына терең сіңірген Насиба мен Дәулет туыстарының тойында танысады. Көздерінде ұшқын, жүректерінде махаббат алауы тұтанған қос ғашығымыз бір жыл өткеннен кейін, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, шаңырақ көтереді. «Ата-анасының алдынан өтіп, сырға салып, керек жөн-жоралғының бәрін жасап қойғанбыз. Бір күні оқудан шыққан бойда Насибаны «Жолдың арғы жағына өтейік» деп алдап, жаяу жүргіншілерге арналған жолға жетер-жетпестен көлікке отырғызып, алып қашып кеттім», – деп күйеуі Дәулет те әңгімеге араласа кетті. Бір қызығы, Насибаның да, Дәулеттің де тегі бірдей. Неке қияр кезде АХАЖ бөліміндегілер таңғалып, Дәулетке «Сенің жолың болды» деп әзілдеген екен. Тұрмыс құрса, күйеуінің тегіне ауысуды жөн деп есептейтін Насиба да құжаттарды ауыстырып, бас қатырудың қажеті болмай, жолы болғанын айтады. Бүгінде ерлі-зайыпты екеу 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр. Бесеуі де қазақ тілін жақсы біледі. 11 сыныпқа көшкен үлкен қызы қазақ тілінен олимпиадаларға қатысып, үш рет 1-орынды иеленген. Тіпті қызының алғаш рет олимпиадаға қатысып, «1- орын алды» деген сүйіншісін мұғалімінен естіген Насиба сол уақыттағы таңғалысын әлі күнге дейін ұмытқан емес. «Қызыма «Неге қазақ тілін таңдадың?» десем, «Өйткені қазақ тілі маған ұнайды. Сол пән бойынша қатысқым келеді» деді. Қазақ балаларынан кем түспей, түрлі сайыстарда үздік үштік қатарынан көрініп жүргеніне қуанамын», – деп Насиба аналық мақтанышпен ағынан жарылды. Ал Дәулет болса Түркияда көп туысы тұратынын, сондай-ақ тарихи Отаны туралы жаңалықтарды қалт жібермейтінін айтады. «Алдағы уақытта Түркияға көшіп барғыңыз келмей ме?» деген сұраққа «Ол жаққа барғанда не істейсің? Демалу үшін баруға болады. Әйтпесе тұратын ойымыз жоқ. Түркиядан осы жаққа жұмыс іздеп келіп жатқандардың қарасы көп. Біз ол жаққа барып алып, не жұмыс істейміз? Қалай өмір сүреміз? Бізде осында далаға шығып, бейтаныс біреумен амандасып «Жұмыс бар ма?» десең, бірден қолтығыңнан демеп, тауып беруге жанын салады. Ал ол жақта қиын. Оған қоса, ол жақтың менталитеті тым бөлек. Олар «еуропаша» өмір сүргенді құп көреді. Ал біз осы жаққа әбден үйреніп алғанбыз. Осында өзімізді еркін сезінеміз», – деп жауап берді. Десе де, ол Түркиядан бас қалаға жұмысқа келген түріктермен қоян-қолтық араласатынын айтады. «Түрікше тез сөйлей жөнелсе, түсінбей, қайта сұраймын» дейді. Бірақ өзін «Қазақстанның түрігімін» деп атаса да, адамдарды ешқашан ұлтқа бөлген емес. «Жел тұрса орманы, жау шапса қорғаны болатын» достарын да қазақ я түрік деп бөле-жармайды. Ол үшін барлығы бірдей. Абай Құнанбайұлының «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» деген принципінде. «Мақтанғаным емес, бірақ біз – өте қонақжай отбасымыз. Үйден кісі арылмайды. Қонақ келсе, қуанамыз. Табалдырықтан төрге дейінгі жоралғының барлығы қазақша. Қай ұлттың қонағы келсе де, өзінің сыбағасын беріп, қазақша ет асацмыз. Десе де, Түркиядан енді келген кейбір түріктер біз сүйсіне жейтін бұл тағам туралы көзқарасы басқа. Мысалы, кеше Түркиядан келген түрік пен қазақ қызының үйлену тойына бардық. Онда түріктер аз, ал қазақтар көп жиналды. Қазақтар тойдың «сәнін келтіріп» тұрып тойлайды ғой, шіркін. Көңілді өтті. Сонда болған бір қызық жайтты айтайын. Үстел басында отырғанда даяшылар алдымызға қазы-қарта салынған үш астау тамақ әкелді. Түріктер маған қарап «Ненің етінен жасалған?», – дейді. «Жылқының еті» десем, «Біз мұны қалай жейміз?» деп дәм татқысы келмеді. Сол кезде бір ата «Сен сонда қазақша етті бір өзің жеп отырсың ба?» деп сұрайды. «Енді мен Қазақстанның түрігімін ғой» деп әзілдеп жауап бердім», – дейді тағы Дәулет. Алиевтер отбасы Қосшы қаласындағы Лесная Поляна ықшамауданына 2017 жылы көшіп келген. Насиба осындағы «Жанұя» отбасылық денсаулық емханасында медбике қызметін атқарады. Ал Дәулет түркиялық Sembol Construction құрылыс компаниясында жұмыс істейді. «Лесная Поляна» – тұруға өте қолайлы жер. Біз таңнан кешке дейін жұмыста болғандықтан, балаларға еш алаңдамай, бейқам боламыз. Мұнда ешкім ешкімге тиіспейді. Тіпті, тастай қараңғы түнде де көшеде еркін жүре береміз. Барлығы бір-бірін бұрыннан танитын секілді. Алабөтен, арам пиғылы бар адамды кездестірген емеспін. Жаңбыр жауғанда орталық көшелер суға толып қалатыны болмаса, барлығы жақсы. Балаларым да осы жерді ерекше ұнатады. Үлкендерімнің жанындай жақсы көретін достары, кішкентайларымның «алақайлап» ойнайтын алаңқайы бар. Ешқайда кеткіміз келмейді»,– дейді Насиба. Пәтер жалдап тұратын көпбалалы отбасы 2019 жылы тұрғын үй кезегіне тұрған. Былтыр тізімде елу екінші болып тұрған екен. Сосын «Алтын дала» тұрғын үй кешенінен 35 көпбалалы отбасыға үй берілді. Биыл «он тоғызыншы орында екенін хабарлапты. «Нәсіп болса, баспана да бұйырып қалар» деген үміттерін де жасырмады Алиевтер отбасы.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

   

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *