Алаштың бір ардағы – Қошмұхамбет

Сұхбат
view 349
news

Алаш заманасының алтын ғасырында туып, ұлтының ертеңі үшін қара лақ құрбандығы болған бір шоғыр қазақ зиялылары өз аттарын ел тарихына алтын әріптермен жазды. Қазақ даласына келген аштық нәубеті қазақ халқының керегесін қаусатса, қуғын-сүргін шаңырағын шайқалтты. Тоталитарлық жүйе ұлтты ұйтқысынан айырып, ішінен ірітті. Көзі ашық, көкірегі ояу бас көтерер ұлдарын оққа байлады. Қилы заманның құрығына ілінген қуғын-сүргін құрбандарының қатарында Қошке Кемеңгерұлының да есімін құрметпен атау ләзім. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде дүниеге келіп, ХХ ғасырдың басында ұлт мәдениеті мен әдебиетіне белсене араласып, қазақ халқының болашағы үшін  бар ғұмырын сарп еткен қазақ зиялыларының қатарында алаштың белгілі азаматы Қошке Кемеңгерұлы есімі өз алдына бір төбе. Қошке Кемеңгерұлы 1896 жылы 15 шілдеде Ақмола облысы, Омбы уезінің жерінде дүниеге келді. Ата-бабасы  мұнда Баянауылдың Сарытауынан қоныс аударған болатын. Соңғы табылған дерек көздері бұл жөнінде мынадай мағлұмат береді: Шорман би: «Омбыға барғанда тамақ ішетін, намаз оқитын жерім жоқ»,- деп, баласы Мұса оқыған Кадет корпусының тап қарсысынан, Ертістің сол жақ бетінен 250 сомға жер сатып алып, сол жерге 1849 жылы ағайыны Кемеңгер Атанұлына (Қошкенің атасы) арнайы үй салдырады. Онымен бірге қызметшілері тұратын үйлер, мал қамайтын қора-қопсылар салынады. Бұл үйдің қазір жұрты ғана қалған. Ал Кемеңгердің бейіті ата қонысы Сарытауда. Кемеңгер Дүйсенбай, Дүйсебай есімді екі ұл сүйген. Дүйсебайдан: Бекмағанбет, Жармағанбет, Құлмағанбет, Қошмұханбет (Қошке), Өсербай атты бес ұл, Нұржәмилә, Сәнипа, Ханипа есімді үш қыз тарайды. Дүйсебайдың Қошмұханбеті есейе келе қалам ұстағанда, жазғандарына «Қошке Кемеңгерұлы» деп қол қойды. Ата атын қадірлеу қазаққа етене тән дәстүр. Сондықтан ғасыр басында «ұлы» деген қосымша бүгінде замандастарымыз арыла алмай жүрген орыстың «ов» жалғауының орнында қолданылған. Қошке көзі ашық, ауқатты, берекелі отбасында туып, Жан-жақты тәрбие алды. Адамдық парыздың ең негізгісі – баланы оқыту екенін жақсы түсінген  әкесі Дүйсебай ұл-қызын түгел молда, мұғалімге беріп, хат танытады. Тек арабшамен ғана шектеліп қалмай, орыс тілін де үйретеді. Қошке Қисықтағы Қаржаста Белгібай молданың алдынан оқып, арабша тіл сындырғаннан кейін әкесі оны Омбы приход школына береді. Алғаш христиан дініне тарту үшін ашылған приход школдары мұсылмандардың ниетін аңғарғаннан кейін басқа діндегілерді «Құдай заңы» (Божий Закон) сабағынан босатқан-ды. Жас Қошке осы школдан орыс тілін, басқа да пәндердің негіздерін үйреніп шығады. Мұнан кейін әкесі Қошкені Омбы ветеринарлық-фельдшерлік школға түсіреді. Арнаулы оқу орны болғандықтан мұнда Қ. Кемеңгерұлы зоотехника, медицина негіздері бойынша сабақ алады. 1913 жылы аталған школдың 2-класын бітіргенде, Омбы ауылшаруа­шылық училищесіне  түсуге аңсары ауады.  Өйткені бұл оқу орнында  білім анағұрлым терең әрі жүйелі жүретін. Оның үстіне мұнда қазақ шәкірттері де салыстырмалы түрде көп еді. Қошке Кемеңгерұлы 1913 жылы 1 тамызда Омбы ауыл шаруашылығы училищесінің ауыл шаруашылығы бөліміне түсуге талапкерлер қатарында 34-інші боп құжатын тапсырады. Омбы мұрағатында сақталған хаттамаларда Қошкенің бұрын бітірген оқу орындары, ата-­анасының жағдайы, т.б. жөнінде мәліметтер тіркелген. Жағрапия, арифметика, орыс тілі пәндерінен емтихан тапсырған Қошке сынақ қорытындысы бойынша училищеге қабылданады. 1913 жылы аталған білім ордасына онымен бірге Ахмет Әбдірахымұлы, Смағұл Қазыбекұлы, Мұхтар Саматұлы сынды шәкірттер де түседі. Сәкен Сейфоллаұлы құжатын тапсырғанымен, сынаққа келмейді. Бұлардан бір жыл бұрын училищеге Сүлембек Байжанұлы, Бірмұхамед Айбасұлы, Асфендияр Шорманұлы секілді қазақ балалары қабылданған екен. Сәл кейінірек бұл оқуға Смағұл Садуақасұлы түседі. Қошкелер Омбы шаһарындағы оқуға ұмтылған қазақ жастарының қатарын молайтты деуге негіз бар. 1915 жылы Омбыда «Бірлік» атты қазақ жастары ұйымының құрылғандығы, оның «Балапан» аталынатын қолжазба журналына Қ. Кемеңгерұлының редакторлық жасағандығы бұл ойымызды шегелей түседі. Училищеде оқып жүргенде Қ. Кемеңгерұлы оқыған қазақтармен түгел танысты, өзін де оларға танытты десек қателеспейміз. Қазақтың тұңғыш журналы «Айқапта» 1915 жылы шыққан бірнеше өлеңі оның есімін алашқа мәшһүр етті. 1917 жылы сәуірде Қошке Кемеңгерұлы Дінше Әділұлын ертіп, Ақмола облыстық қазақ комитеті атынан Ақмола қаласына келіп, уездік қазақ комитетін ашады. Оның төрағасы болып Сәкен Сейфоллаұлы тағайындалады. Қазақ комитетін құрушылар Ақмола шаһарында бірде медреседе, бірде қала басқармасының үйінде жиналып, аласапыран заманның қиындығынан халықты қалай аман сақтап қалу жолын  ақылдасады. Қошке Ақмолада Сәкен ұйытқы болған «Жас қазақ» ұйымының жұмысына да қатысады. Бірақ облыстық қазақ комитеті мен уездік қазақ комитеті арасындағы кейбір маңызды мәселелер бойынша туған келіспеушіліктен соң және «Жас қазақ» басшылары Алаш Ордадан бойын аулақ салғаннан кейін 1917 жылы тамызда Қошке Ақмолаға қош айтып, Омбыға қайтады. Сол жылы күз, қыс айларында Қ. Кемеңгерұлы Омбыда Ақмола облыстық Алаш партиясының комитетін ашуға күш жігер жұмсайды.  Сөйтіп, өзі сол комитеттің мүшесі болады. 1920 жылы Қошке Қызылжарда жаңадан құрылған аты заманына сай «Қызыл мұғалімдер курсында» оқытушы ретінде дәріс оқи бастайды. Бұл кезде Мағжан да осы курста сабақ беруші еді. 1923 жылдың көктемінде Қ. Кемеңгерұлының жеке өмірінде үлкен оқиға болады: ол қызылжарлық Атығай ішіндегі Ақкиіктен тарайтын Мұхамеджанның қызы Зурамен көңіл қосып, шаңырақ көтереді. 1924 жылы Қошке Түркістан республикасының орталығы Ташкентке кетті. Ол Ташкентке ұлтқа қызмет ету үшін көшті. Зиялылардың көбі 20-жылдары негізінен Ташкентке орнықты. Мұндағы саясат райы салыстырмалы түрде Орынбордан тәуір-ді. Түркістанда өкімет басындағылардың ескіше оқығандарға ықыласы бөлек боды. Х. Досмұхамедұлының жетекшілігімен 1922 жылдың желтоқсанында жұмыс жасай бастаған «Талап» қауымы ұлтжанды саясаткерлер көмектеспесе өмір сүруі қиын еді. Бұл шақта Алаш арыстары Түркістандағы баспасөз, оқу-ағарту саласында қызмет жасайтын. Осындағы «Ақ жол» газеті бетінде жаңа дәуірде ұлт пен елді қалай аман сақтап қалуға болатындығы жөнінде мақалалар жиі жазылып, қайраткерлер мен қаламгерлер орталық пен республика арасындағы қатынастың проблемасын бүгіп қалмай  ашық айтатын. “Ақ жол” газеті бетінде оның қайраткерлігін айғақтайтын ұлтжанды мақалаларынан бөлек, “Шаруа түзеудің жаңа жолы” айдарында  “Агроном” деген атпен көптеген мақалалары жарық көрді. Енді отырықшылыққа үйреніп, шаруаға бой алдыра қоймаған қазақ егінші-малшыларына керекті ақыл-кеңестерін үзбей жариялап отырды. Айталық “Арыс егу жолы” мақаласында: “Ыстық аса күшті болатын аудандарда жауын болмаса бидай, сұлы, арпа шықпай қалуы мүмкін. Шыққанымен де, аса шығымды болмауы мүмкін. Сондықтан ыстыққа көнімді жүгері, күнбағыс сияқтыларды, суыққа шыдамды арысты еккен жөн. Соңғы уақытта Арқа қазақтары арысты да сала бастады. Қазақ үлгіні мұжықтан алады. Бүлінгеннен бүлдіргі алма дегендей, жұмысы топас мұжықтан үлгі алудың керегі жоқ. Үлгіні шаруа пән жолына түсіргендерден ғана алуға болады. ... Абайдың «Егіннің ебін, сауданың тегін үйреніп ап, мал ізде!»    дегенін ұмытқан қазақ жирымасыншы ғасырдың шаруа тартысында аштан өледі.” - деп жазды.  (жұма, 24 октябрь, 1924 жыл. №496) 1924-1925 жылдар аралығында аталған газетте жарық көрген 40-қа жуық мақаласында Қошке Кемеңгерұлы түгелімен шаруашылық жайында сөз қозғайды. Осыған қарап-ақ, 1921-1922 жылдардағы аштықты көзімен көрген Қошкенің осы жылдары ұлттың сауатын ашып, санасын оятумен іс бітпейтінін, егін, мал шаруашылығы саласында да негіздік білімдерге ие болу керектігін терең ұғынғанын білуге болады. Алдағы күндерде қазақ жұртын қансыратып келетін аштық індетін де тамыр­шыдай тап басып отырғанын аңғару қиын емес-ті. Ташкентте жүргенде Қошке шығармашылығының тынысын кеңейтті. Ол Омбыда бастаған «Қазақ тарихынан» зерттеуін аяқтап, Мәскеудегі «Күншығыс» баспасына тапсырды. Сонымен бірге аталған баспадан 1925 жылы қаламгердің «Бұрынғы езілген ұлттар» атты ғылыми еңбегі мен «Қазақша-орысша тілмашы» жарық көрді. Ташкентте жүріп Қошке 2 кітаптан тұратын қазақ тілінен «Жаб­ропалықтар (европалықтар) үшін оқу құралын» жазды. Оның біріншісі 1928 жылы Ташкенте, екіншісі 1929 жылы Қызылордада басылды. Қошке Кемеңгерұлы алаштың ардақ тұтар перзенттері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған ұлт көшбасшыларымен бірге тізе қоса отырып, қанаттасып жұмыс жасады. Қазақ тілді оқулықтар құрастырды. Қоғамдық, шаруашылық, ағарту істерінде өз қолтаңбасын қалдыра білді. Бірақ, әуел бастан ұлт серкелеріне қазылған ор, құрылған тұзақ Қошке Кемеңгерұлын да айналып өткен жоқ. 1930 жылдың 13 қазанында Қошке “Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушы” деген жалған жаламен Ташкентте ұсталып, абақтыға жабылады. Сол жылы қазан айында Ташкенттен Алматыдағы абақтыға айдалды. Алматы түрмесінде 2 жылын өткерген Қошке үштіктің шешімімен Украинаға жер аударылды. 1935 жылы мерзімін толық өтеген Қошкені Омбыдағы Шарбақтыкөлге қоныстандырды. Сол жерде өмірінің аяғына дейін денсаулық сақтау мекемесінде дәрігер болып қызмет атқарды. 1937 жылы 11 қарашада өлім жазасына кесіліп, 21 қарашада Омбыда атылды.  1957 жылы 17 тамызда Сібір әскери округінің трибуналында ресми түрде ақталды.

Ғалымбек ЕЛУБАЙ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *