Шөлдегі тамыр. Қазақстандағы сөз бостандығы

Сұхбат
view 658
news

28 маусым – Қазақстандағы БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі. Осыған дейін «Журналистер күні» маусымның соңғы жексенбісінде бейресми аталып келген еді. 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тапсырма беріп, Қазақстандағы журналистер күнін ресми түрде бекіткен болатын. Үкіметтің қаулысымен 28 маусым бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі болып белгіленді. Алайда бұл күн – журналистердің емес журнализмнің, яғни бұқаралық баспасөз бостандығы күні болуы керек еді. Әсіресе, біз осыған сусап отырған елміз. Шөлдегі Тамыр мерекесінде тасаттық беріп, аспаннан тамшы тілейді екен. Қурап бара жатқан тамырларға нәр беру үшін қауым өз мифінен мерекелеуді қалыптастырып, оны жұбаныш көреді. Жұбаныш шарасыздықтан туады. Мереке – бірігу, күш біріктіру. Тасаттық беру тапқырлық емес, бірақ прагматика. Ұмтылыс. Міне, мұны мен қош көрдім және оқырман да құптары сөзсіз. Бірақ мұндай оқиға болмаған. Бұл менің болмаған мифтік мысалым. Өйткені біздегі аңсар – саны көп, сапасы жоқ атаулы күндер мен мерекелер бекер өтпей, бір кәдеге жараса дегенге саяды. Ойда жоқта Қадір түніндей қадірлей қалған бұл күнді тілге тиек ете отырып, Тамырға тамшы тілеу еді. Журналистер күні – ортағасалғалы отырған ойға – сылтау. Әрине, айтылар сөз сылтау күтпес. Бірақ «күні» деп көңіл бөлінген соң, назар түсер деп сенгендіктен айтылып отыр. Сондықтан бүгін батырып айтатын сәт. ХХ ғасырдағы әлем әдебиетіне орасан зор үлес қосқан шығарма ретінде мойындалған Нобель сыйлығының иегері, ағылшын ақыны Томас Стернз Элиоттың «Шөл» поэмасы: «Жаз бізге кенеттен келді – Штарнбергер-Зее* үстінен жаңбыр өтіп. Ұстынтізбекті пана қылдық кейін біз, Күннің астында Ховгартенгке** дейін серуендеп» (ауд. – Абзал Сүлеймен) деп басталатыны бар. [* Мюнхен маңындағы көлдің аты. Автор сол көлді Еуропаның ортасындағы шөлдің типтік көрінісі ретінде көрсеткен. ** Мюнхендегі саябақ атауы]. Біздің күйіміз де кенеттен келген шөлдегі халге ұқсас... Сөйтіп, бізде сөз бостандығы жоқ екені жасырын емес. «Жасырын емес» деген сөздің өзі – қантамыры сұйылған, арқа басы кетіп болдырған сөз. Сөз бостандығының жоқ екені бұдан басқа мысал келтіріп, дәлелдеуді қажет етпейді. Ал «сөз бостандығы жоқ» деген сөзге әкімшіліктердің өшігуі немесе өкпелеуі – абсурд. Қисынсыз қиял. Өйткені бұған олар кінәлі де емес. Бірінші себеп – біздегі журнализмнің ресми министрлігі бар. Ақпарат министрлігі деген. Яғни, баспасөз басқарылады, Кеңестік жүйенің салты бойынша. Екінші – «төртінші билік» деген миф бар. Шын мәнінде ешқандай да ондай құзырлы орын жоқ, бұл ауадағы жел сөз ғана. Тіпті оның статусы да төмен, бірінші емес, екінші емес – төртінші. Жалғыз абыройы – бесіншінің алдында. Үшінші – қаржы мәселесі. Ең әуелі журналист бір басылымнан алып отырған жалақысын салықтан түскен халықтың ақшасы емес, биліктің ақшасы деп қабылдауы да – сөз бостандығын өлтіре түспек. Биліктің ақшасы жоқ журналиске беретін, тек салықтан түсетін халықтың ақшасы ғана бар. «Журналистика деген мамандық жоқ» дейтіндер де бар. Тәжірибе ғана дейді. Журнализмнің өз канондары барын жоққа шығармағанымызбен, құбылмалы екенін де мойындаймыз. Қазір әлемнің көп елінде біздегідей арнайы факультет бөліп, төрт жыл оқытпайды. Бір мамандыққа қосанжарлап жібереді немесе арнайы курстан өтесің. Тек бір саланы қадари-қаліңше біліп, ақпарат бере білсең болғаны. Одан қабілетің асып бара жатса, тың ой маздатып, сол саланың дамуына үлес қос. Бірақ бұл бір ғана саланы ұстану деген аксиома емес. Журналистің қарым-қабылеті, ерік-жігері шешеді. Төрт жылда адам журналистика факультетінен тек ақпаратты қалай берудің тәсілдерін, ал сергектеу болса ақпаратты сәтті берудің тәжірибесін үйреніп шығады. Бірақ ол нені қалай беруді үйренгенімен, оның продуктысы болуы керек қой. Бұл сөз бостандығы деген мәселенің алдында жабықтан сығалап тұрған нәрсе. Ал қоғамға сөз бостандығы не үшін керек? Мен мұны тамыр деп атадым. Мемлекетті ағаш деп алсақ, оған нәр беретін – тамыр-сөз. Яғни, еркін сөз. Немесе мемлекетті адам деп алып қарасақ, бұқаралық ақпарат – тамыр. Тамырда қандай қан айналса адамның өмір сүруі соған сай. Мың тамырдың ішінде бүлкілдеп жатқан күре тамыр ол – еркін ой, азат сөз екені даусыз. Қазір біздің қай тамырымыз да әлжуаз. Тамыршы тап басып айтуы үшін аса білімділіктің керегі шамалы – тек бір сәт журналист өзін еркін сезініп көрсін. 2018 жылы «Reporters Without Borders» халықаралық ұйымы сөз бостандығы рейтингі жариялады. Онда Қазақстан 180 елдің ішінде 158-орында тұр. Рейтингте Ресей 148, Өзбекстан 165, Беларусь 155, Тәжікстан 149-орында екен. Бір қуанарлығы – бізден кейін қалған қырықтай ел бар. Сөз бостандығы – бірінші ел экономикасының кепілі. Егер еліңде ашық ақпарат болмаса, кім тәуекел етіп еліңе керуен тартсын? Атама, аулақ. Өйткені үнсіздік үрей шақыратыны табиғатта бар нәрсе. Бұл қоғамның бейсанасына әсер етуі өзіндігінен болатын құбылыс емес пе. Сонымен қайтсе бізде баспасөз бостандығы болады? Кеңес лагерін кесенесіне айналдырып алған сөзді бостандыққа шығарып, қайта түлету үшін не істелуі қажет? Осы саланың сарапшыларымен мамандарының пікірін сұрап көрген едік.   Дархан ӘБДІК, журналист: Сөз бостандығының кепілі – әділ сайлау – Баспасөз бостандығы болу үшін демократиялық қоғам құрылуы керек. Ол дегеніміз не? Ең алдымен әділ сайлау өткізу және билік басындағы лауазымды тұлғалардың барлығы сайланбалы жолмен билікке келуі тиіс. Сайланбаған шенеунік бұқараның алдында өзін жауаптымын деп есептемейді. Бүгінгі облыс әкімдері қоғам алдында жауапты ма? Жауапты емес. Ол тек тағайындаған президенттің алдында ғана жауапты. Сондықтан олар қоғамдық пікірмен санаспайды. Ондай авторитарлық басшылық жүйесі баспасөз бостандығын тежегісі келеді. Сынды көтермейді. Демократияның алғышарты – әділ сайлау, дербес билік тармақтары. Президентке тәуелсіз мықты парламент және партиялар қажет. Сонымен қатар, ақпарат министрлігі болу керек. Бірақ ол парламентке есеп беретіндей парламенттің құзыреттілігі мықты болуы шарт. Ол жоғарыда айтқанымдай, әділ сайлаудың нәтижесінде ғана болады. Осылайша, өзінің сайлаушыларына жауапты болмақ. Қауым әуелі өзінің парламентін, аудан, облыс, қала әкімдері сайлануы керек. Сонда ғана сөз бостандығы болады. Көрдіңіз бе, сіз көретіп отырған «Сөз бостандығы» мәселесі кереметтей құрбандықтарды талап етпейді. Тек қана жаңағы айтқан мәселелер өз шешімін тапса, өздігінен орындалады.   Қасым АМАНЖОЛ, журналист: Заңда цензураға тиым салынғанымен, із жүзіндей ондай болмай отыр – Сөз еркіндігі болуы үшін ең алдымен саяси тұрғыда бостандық керек. Мемлекет азаматтардың қарапайым құқықтарына және адамдардың сөз сөйлеу, пікір білдіру еркіндігіне кепіл болуы тиіс. Рас, Қазақстан заңында цензураға тиым салынған деп жазылған. Бірақ ол іс жүзінде орындалуы керек. Яғни, «Егемен Қазақстан» газетінен бастап, кез келген БАҚ қоғамдағы мәселелерді ешкімге (ішкі, сыртқы цензураға, биліктің қойылуы мүмкін шектеулеріне) жалтақтамастан жаза алуы және сол жариялаған материалы үшін жазаланбауы керек. Заңда цензураға тиым салынған деп кепілдік берілгенімен, іс жүзінде жүзеге асып жатпағанын көріп отырмыз. Сондықтан мемлекет тек сөзге ғана емес, азаматтардың бостандығын шын мәнінде қорғауы керек. Ақпарат министрлігі секілді ұйымдар авторитарлық елдердің бәрінде бар. Бізде де бұрынғы Совет заманының энерциясымен одан кейінгі Назарбаев жүйесінің серпінімен бұл министрлік әлі өмір сүріп келеді. «Ақпарат министрлігі болмау керек» деген пікірде қоғамда жиі айтылып жүр. Бұл пікірдің талқыланып келе жатқанына талай уақыт болды. Түбінде біз сол Ақпарат министрлігін таратып, ақпарат саласындағы қатынастарды заң арқылы реттеп отыратын қоғамға келеміз. Оған арнайы ведомствоның керегі жоқ. Мен де бұл пікірге толық қосыламын.   Дина ЕЛГЕЗЕК, журналист: Осыған дейін қаншама журналистеріміз қуғынға ұшырап келді – Біздің жүйе 30 жыл бойы сөз бостандығы мен адам құқығын өлтіріп келді. Қанша журналистер ортамыздан кетті. Журналист Асхат Шарипжанов жұмбақ жағдайда көз жұмды. Сол секілді Батырхан Дәрімбет те жол апатына түсті... Қаншама журналистеріміз қуғынға ұшырады. Оның бәрі 30 жылғы жүйенің ісі. Өлтірілген Алтынбек Сәрбенбаев та – журналист. Дәл қазіргі мынау жүйемен ешқайда бармаймыз. Бәрі де сол баяғы жүйенің адамдары. Бұл жүйе өзгеру үшін мына команда түгелдей кетуітиіс. Бұрын журналистерді қудалауға ұшыратпаған, басылым жаптырмаған жаңа адамдар келуі керек. Біз автократиялық жүйе құрдық. Бұл авторитарлық жүйені құртпай Әділетті Қазақстан болуы мүмкін емес. Жаңа Қазақстанда жаңа адамдар болмай, сөз бостандығы болмайды. Қазір жаңа Қазақстан деп айтылғанымен, кереметтей бір өзгеріс болып жатқан жоқ. Билік ауысқалы ақпарат саласын басқарып отырғандар сол бұрынғы автократтық жүйені құрысқан шенеуніктер. Олар тұрғанда ештеңе өзгереді деп ойламаймын. Демократиялық жүйе орнағанда ғана мұның бәрі өзіндігінен шешіледі. Мен оппозиционер емеспін, бірақ өзгеріс болғанын қалаймын.   Айдос ЖҰҚАНҰЛЫ, журналист: Шындықты айтсаң өзіңе дұшпан табасың – Шындық дегенің – бетке былш еткізу емес шығар. Көбіміз биліктің, басшының, өзіңе ұнамаған адамның кемшілігін айтуды шындық деп ойлаймыз. Айтып-айтып тастаған соң ішің босап, жақсы болып қаласың. Ал одан не пайда? Кемшілік түзелді ме? Жоқ. Өзіңе дұшпан тауып алдың. Болды. Көбіне солай. Шындықты бипаздап жеткізуді, адамның көңіліне қарауды, сол кемшілікті жоюдың жолын айтуды білмейміз. Айтқанның жөні осы екен деп долданып тұрып жазатынымыз бар. Еш нәтиже жоқ. Өз басым бұрынырақта бетке айтып тастап отыра беретінмін. Зиянынан басқа ештеңе көрмедім. Тіпті кесірі отбасыма тие бастаған соң қойдым. «Бірің өліп, бірің қал» деп отыра беретін болыппын. Шындықты айтуды маған біреу міндеттеп қойып па еді? Соған айлық бере ме? Әрине, жоқ. Сондықтан Құдайға итере саламын. Құдай көріп тұр ғой. Әйтеуір Құдай реттейді. Жазасын береді. Я болмаса, өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Түбі көрінеді. Ал енді біреудің кемшілігін айтып, сынап, сол үшін жалақы алып отырғандарды түсінуге болады. Нәпақасын айырып отыр. Өздері қатты демократияшыл. Абай түзей алмаған қазақты түзегісі келетінін қайтерсің. Бұл фәниде түсінгенім – ұлтты заң мен айыппұл ғана түзейді. Соттап және айыппұлды арқалата берсе, мәдениет пен тәртіп келеді екен. Германияда солай. Жапонияда да сол. Ал ақылыңды бір жеріңе салып қой. Өйткені қоғам сөзге тоқтаудан қалған. P.S. Журналистің негізгі міндеті – қарапайым халық білуі тиіс кез келген ақпаратты нақты әрі шынайы жеткізу. Ал оған билік тарапынан ешқандай шектеу қойылмауы тиіс. Егер осы қағидаттар берік сақталса «медиа сауаттылық» дегенді айтудың өзі артықтау болар еді. Дамыған елдердің азаматтары елдегі саяси өзгерістер мен әлеуметтік мәселелерге зер салып, өзінше ой қортып отырады, ал пропогандаға уланған жұрт шөлдегі Тамыр мерекесін жұбаныш қылумен өтпек. Дамыған демократиялық елдерде де 100 процент сөз бостандығы болмайтыны рас. Оның идеологиядан тыс, жалпы көпшілікке таратылмайтын ақпараттардың барын ескерсек, баспасөз бостандығының дамуы, алға ұмтылуы басты приоритет болып қала бермек. Сондықтан процесс болмай прогресс болмайды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *