Қосшы – интеллигенттер қаласы

Сұхбат
view 877
news

...Бұдан бөлек, қаламызда әртүрлі ғылым саласында табысқа жеткен ғалымдар бар. Олардың барлығын қамтып шығуға үлгермедік. Алда ол да жазылады. Сонымен қаламызда тұратын зиялы қауым өкілдерінен «Сіз неліктен Қосшы қаласын таңдадыңыз? Қалада қандай өзгерістер болуын қалайсыз?» деген сұрақ төңірегінде пікірін сұрап көрген едік. Нұрлан ӨНЕРБАЕВ, белгілі әнші, актер, Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі: Қосшы қаласында Өнербаев атындағы өнер орталығын ашуды жоспарлап отырмын – Мен Астанаға 1998 жылы келіп, осында тұрақты тіркеуге тұрдым. Ол кезде Президент оркестрінде бас әнші болатынмын. Бірақ біз тек арнайы шақыртуларға ғана келетін едік. Кейін 2009 жылы осында біржола қоныс аудардым. 30 жыл Алматыда тұрдым. Біз ауылда туып, ауылда өстік. Ауыл біздің табиғатымызға, қанымызға жақын. Қалада тұрсақ та, еркін тыныстайтын кең даланы аңсайсың. Оның үстіне мен оңтүстіктің қазағымын. Сондықтан болар, есіктің алдында бақша егіп, сонымен айналыссам дегенге көңілім көптен ауып жүрді. Сөйтіп, астананың төңірегін саралап, білетіндерден сұрастырып көрсем, Қосшы деген қазақи жерді ұсынды. Оның үстіне қалаға жақын. Өңірлерден жұмыс іздеп келген жастар Қосшыны төңіректейді екен. Осы жерден мүмкіндігінше жер алып, үй салып жатқанын естіп, мен де әрекет жасай бастадым. 2010 жылы конкурс бойынша Қосшыдан жер алдым. Сөйтіп, 2011 жылдан бастап үй сала бастадым. 2015 жылы үйімді салып бітірген соң, көшіп келдім. Қоныстанғаннан кейін Қосшыдан балаларды өнерге баулитын өз атымдағы өнер орталығын ашуды жоспарладым. Сол жоспарымды биылдан бастап қолға алып жатқан жайым бар. Алла қаласа алдағы уақытта өнер орталығы ашылып қалуы ғажап емес. Қазір соның жұмыстарымен шапқылып жүрмін. Қосшы қазір қала мәртебесін алды. Қала болғаннан кейін оның өзіндік талаптары болады. Қаланың инфраструктурасы бар. Сондықтан қала – қала сияқты болу керек. Қосшы бұрынғы ауыл деңгейінде қалмауы керек. Көбі астанаға барып, жұмыс істеп жүрген зиялы қауым өкілдері қоныстанғандықтан, оған қаланың ішкі мәдениеті де соған сай болғаны дұрыс. Астана іргесіндегі Қосшы қаласының мәдениетінің жоғары болғанын қалаймын. Бұл бағытта біраз жұмыс жасалуы керек. Біріншіден, осы жерден мәдени ошақтар ашылуы қажет. Әзірге не кітапхана жоқ, не дені түзу мәдениет үйі жоқ. Аядай ғана үйді қанағат тұтып отыр. Қалалық деңгеймен салыстырғанда ол аздық етеді. Жастардың баратын жақсы орталықтары мен жасөспірімдерге арналған саябақ, кешкі демалыста шығатын парк, балалар ойнайтын алаң қажет. Сонда ғана біздің Қосшы қалаға айналады. Қалалық келбеті қалыптасады. Меніңше, оның бәрі болашақта болар, бірақ әйтеуір болады ғой деп отыра беруге болмайды. Әрекеттену керек. Жоғарғы жақтан талап ете білгеніміз жөн. Әрине, оның бәрі қаржыға келіп тіреледі, ал оған бөлінген қаражат белгіленген мақсатта дұрыс жұмсалуы тиіс. Сондай-ақ, қала кіреберісіндегі ықшам ауданның атауы неліктен «Лесная поляна» деп аталғаны белгісіз. Я барлығы Қосшы деп аталуы керек пе, я басқа бір қазақы атау керек пе, бұл да болашақта ойланатын мәселелердің бірі. Оны шешу үшін осы жерде бұрыннан тұратын тұрғылықты халық, сөз ұстайтын ақсақалдар мен ардагерлер бастаған алқалы топ әкімшіліктегі азаматтармен ақылдасқаны ләзім деп ойлаймын. «Лесная поляна» біз үшін жат атау, бөгде есім. Бұл атау орыстың классик жазушысы Лев Толстойдың «Ясная полянасын» еске салғанымен, оның астанаға немесе Қосшыға үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Естуімізше, бұл қалада 30-дан астам ақын-жазушылар тұрады екен. Олардың бәрі мәдениет саласының адамдары. Мәдени ортаны, әдеби ортаны қалыптастыру – сол қаламгер қауымға, өнерпаздарға байланысты. Бір жерге шоғырланған мәдениет саласының азаматтарына да жағдай жасалуы керек. Бұл жерге театр салуды да қолға алғаны дұрыс. Егер театр ашылып жатса, мен оған қолғабыс жасауға дайынмын. Мұның барлығы қаламыздың болашағы үшін. Өйткені мұнда жастар және жас отбасылар көп шоғырланған. Әр отбасында кемі үш-төрттен балалар бар. Олардың бәрі осы Қосшы қаласының болашақ тұрғындары. Ұрпақты қазірден бастап өзіміздің төл мәдениетімізбен тәрбиелеуміз керек. Ол үшін жоғарыда айтқанымыздай, мәдени ошақтар көптеп салынса деген ойдамын. Ардаби МӘУЛЕТҰЛЫ, күйші, өнертанушы, (PhD) доктор, ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері: Қаланың кішігірім филармониясы болса деймін – Қазақ ежелден қоныс таңдағанда сулы-нулы, шөбі шүйгін, жайлы жерді таңдайды. Қырдың баласы болғандықтан астананың маңайына азды-көпті көз тастап, жер шолып көргенде, менің талғамым – Қосшыға түсті. Қосшының жері құнарлы, жалпы астананың маңайындағы бой көтерген қалашық ретінде ауасы таза, жайлы сезілді. Қараөткел, Қояндымен салыстырсақ да, Қосшы қаласын қолайлы деп көрдім. Баяғы көшпенді ата-бабамыздың қоныс таңдау, өріс шолу жолымен осында бет бұрған едім. Қазір жаман болған жоқ, Құдай ниетімізге беріп, Қосшы қала болды. Азды-көпті шаруалар істеліп жатыр. Десе де, Қосшыда проблемалар көп екені жасырын емес. Әсіресе әлеуметтік жағдай. Қаладағы бірнеше жиналысқа қатыстым. Біршама проблемалар бар екен. Байқауымша, кейбір проблемалар Қосшы қала болғаннан кейін басталмаған екен, оған дейін де қордаланып қалған жайы бар. Сондықтан әлеуметтік мәселелерге бөлінген қаржыны қаланы дамытуға арналған стратегиялық жоспарымен игере білсе, алдағы уақытта қаланың етек-жеңі жиналып қалар. Жаңа құрылған Қосшының әкімшілігі бұл жағынан жақсы жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Әкімшіліктің құрылғанына бір жылдай ғана уақыт болды емес пе, сондықтан бәріне түсіністікпен қараған жөн. Одан бөлек, Қосшы қаласында бір шоғыр зиялы қауым тұрады. Жас ақын-жазушылар бар, мәдениет саласына үлес қосып жүрген аға буын өкілдері бар, орта буын бар. Белгілі әнші Нұрлан Өнербаев ағамыз да осында тұрады. Қала болғандықтан әлеуметтік жағдайдан бастап, мәдениетке қажетті жағдайлар жасалса деп есептеймін. Мысалы, қалада үлкен мәдениет үйі, кішігірім филармония, қалалық өнер орталығы, оркестр болуы керек. Осы бағытта үлкен сең қозғалып, қала мәдениеті қалыптасуы қажет. Ол немен қалыптасады? Өнерпаздар, рухани орта, оларға қажетті тұрғын үйлер, жерлер және мекемелерге қажетті ғимараттармен, орындармен қалыптасып, гүлденеді. Менің тілегім, саясатында шаруам жоқ, руханият саласындағы мамандарды қолдай отырып, Қосшыда мәдени ошақтар бой көтерсе деймін. Қазақтың арғы-бергі тарихымен, мәдениетімен жас ұрпақты сусындататын, қала халқын рухани-мәдени биікке жетелейтін, бағыт-бағдар беретін үлкен орталықтар керек деп ойлаймын. Ол орталықтар жоспарда бар шығар, бірақ рухани мәселе кезек күтірмейтін нәрсе. Адамның күнделікті тұрмысқа не қажет, жұтқан ауаң, ішкен суың сияқты руханият бірге жүруі керек. Сонда ғана қала – қала, ел – ел болмақ. Бәрі де болар, тек рушылдық, жершіліктен аулақ болып, Қосшы қаласының мәдениетіне, қазақтың мәдениетіне қызмет ететін тәжірибелі мамандарды таңдауымыз керек. Бұрынғы 30 жылдықта болған кейбір жаман әдеттен арылысақ екен деймін. Ондай болғанда күмістен діңгек орнатып, алтыннан сарай соқсаң да ештеңе өнбейді. Қосшы қаласының тұрғыны ретінде айтарым осы. Жаңа құрылған Қосшы қаласы бәрімізге құтты қоныс болсын! Қаланың көркейіп гүлденуіне сәттілік тілеймін, қолымнан келгенше қызмет етуге, көмек көрсетуге әркез дайынмын. Мирас АСАН, ақын, ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшіс: Қаламызға ең бірінші жастар баратын жақсы кітапхана қажет – Біз Қосшы қаласын таңдаған себебіміз – бұл жерде кезінде үй арзан болды. Оның да өзіндік себебі болғанын жоққа шығара алмаймыз. Басқа қаладан келген жас отбасыларға мұндай қалаға жақын орналасқан елдімекендердің болуы –тиімді болғаны сөзсіз. Жалпы ірі қалаларға экономикалық серіктес моноқалалардың болуы – әлемнің ірі мегаполистерінде бар үрдіс. Сонымен қатар бұл қала шығармашылықпен айналысуға жайлы, ауасы таза, өмір сүруге қолайы болды. Одан бөлек, бұл жерде бір салада істейтін, шығармашылықпен айналысатын азаматтар көп шоғырланған. Бір жағынан пікірлес, рухтас азаматтар да бір-бірін қара тартатыны бар ғой. Оның үстінде шығармашылық адамдар үшін қаланың қалың шуынан гөрі тыныштау жерде тұруға бейіл келеді. Ал енді өзгерістер болса дейтін нәрселерге келсек, ондай мәселе көп. Оның бәрі кешікпей кезең-кезеңімен шешіледі деген сенімдемін. Өйткені Қосшы қазір «облыстық маңызы бар қала» санатына жатады. Сондықтан оған бөлінетін қаражат бұрынғыдан әлдеқайда қомақты болмақ. Бірақ кезек күтірмейтін бір мәселелер бар. Ол – әсіресе әлеуметтік жағдайлар. Ең бірінші қолға алу керек нәрсе – «Лесная поляна» тұрғын үй алабындағы су проблемасы. Кей үйлерде қыс мезгілінде үстіңгі қабаттарға жылу жетпей қалатыны айтылып жатады. Ал жаз маусымында су құбыры сыр беретіні бар. Адамға ең қажетті бұл су мәселесі ең бірінші кезекте шешілуі қажет. Екіншіден, қаланың қалалық рухани-мәдениетін қалыптастыратын орындар. Қазір қалада расында ақын-жазушы, журналистер және басқа да мәдениет саласында жүрген азаматтар көп қоныстанған. Алайда әлі күнге қаламызда бір кітапхана жоқ. Бейресми деректерге қарағанда, қазір қалада 80 мың халық тұрады екен, бұл бір облыс орталығының халқымен бірдей көрсеткіш. Сондықтан қалаға театр, тағы басқа да өнер ошақтары керек-ақ. Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, ақын, жазушы, киносценарист, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі: Қаланың мәдени-рухани келбетін қалыптастыруға дайынмын – Менің астанаға келгеніме 12 жыл болыпты. 2009 жылы Алматадағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын бітіргеннен үйленіп, бірден астанаға тарттым. Мұндағы әу бастағы жұмысым «Астана» деген журналдан басталды. Содан бері баспасөз саласында біраз еңбек еттім, қазір Қазақ Ұлттық өнер университетінде ұстаздық қызмет атқарамын. Әмбеге аян ғой, үлкен қалада мәдениет саласындағы адамдар үшін баспана жағдайы оңай шешіле қоятын мәселе емес. Балалы-шағалы болған соң, ауылдан шыққан, кең дүниені аңсап кеңсірігі ашып тұратын біздей қазақ үшін жатақхананың алақанның аясындай бөлмесі тарлық етті. Қосшыдан ертеректе үй салатын жер алып қойғам, өйткені астананың маңындағы басқа елдімекендерден гөрі қалаға қатынап жұмыс істеуге жақын, қатынас қолайлы. Екінші, расында Қосшы қаласында ақынжазушы қаламдас-замандас, іні-қарындастарымыз да көп шоғырланған. Оны да іштей қара тартқан шығармыз, қазірге тұрақты қонысымыз Қосшы болып тұр. Қосшы қаласына көшіп келгеніме бір аптадай ғана уақыт болды, сондықтан «мына нәрсе өзгерсе, мынаны бүйтсе» дегенім әбестік болар. Қала енді құрылып жатқандықтан кейбір әлеуметтік мәселелер ретімен шешіле жатар деген сенімдемін. Қанша дегенмен қала дәрежесі берілгеннен кейін оның барлық жағдайы қалаға сай қалыптасуы керек қой, әсіресе құрылыс реттілігі, қаланың қантамырындай болған су, электр мәселелері дегендей. Әр қаланың өзінің мінезі, өз табиғаты болады деп жатады ғой. Қосшы қаласының мәдени, рухани келбеті де енді қалыптасу үстінде. Оған шамамыздың келгенінше үлес қосуға дайынбыз. Олжас ҚАСЫМ, ақын-журналист, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері: Қосшы шығармашылық атмосферасы бар қалаға айналып келеді – Қосшыны таңдаған себебім – біз астанаға ең алғаш көшіп келген кезде, Қосшыда үй арзан болды. Алғашқы жылдарда пәтер жалдап тұрдық. Жүре келе осы жерге үйренісіп кеттік. Жанға жайлы сезілді. Өйткені бұл жерді астананың «жасыл белдеуі» деп те атайды. Жасыл желекке оранған әдемі, шағын қалашық. Ауасы қаламен салыстырғанда таза. Одан кейінгі бір жанға жылылық беретін нәрсе мына өзіміздің ауылдастарымыз көп. Көшеге шыға қалсақ, ауылдың қазақтарына жолығып шүйіркелесіп қалатынымыз бар. Бәрі де қарапайым, қаймағы бұзылмаған ауылдан келген қазақы адамдар. Сол жағынан да адамдар бір-бірімен үйлесімді өмір сүріп жатыр деп есептеймін. Әсіресе, мұнда шығармашылық адамдар үшін жайлы орта. Сондықтан осы жерді тұрақтап қалдық. Көп кешікпей жеке үй алып, біржола қоныс тептік. Осы жерде отбасылы болып, кішкентайларымыз өмірге келді. Кейде табиғат аясына шығып, Қосшыны аралап жүрсеңіз бір жақсы ойлар келеді. Шығармашылық атмосферасы бар. Біздің замандас қаламдастар бар, өнерпаздар бар, көбі осы Қосшы қаласын таңдап жатыр. Оның да бір себебі бар шығар. Қосшы оларды өзінің табиғатымен баураса керек. Лев Толстойдың Ясная полянасына ұқсатып, әзілдеп жатамыз. Бірақ біздің Лесная полянаның атауы қазақыланғаны жөн болар еді. Кезінде қазақтың бүкіл зиялысы Алматы қаласына шоғырланды. Онда Д.Қонаев атамыз ақын-жазушылар мен мәдениет саласының өкілдеріне арнайы қалашық салғанын білеміз. Болашақта осы жерде де сондай қалашық болса, оларға арналған шығармашылық үйі болса деймін. Ал енді өзгерістерге келсек, ең бірінші – Қосшы қаласының атауын өзгерткен жөн, өйткені бұл кезінде Кеңес кезіндегі қосшылықтардың коммунасымен байланысты қойылса керек. Мұны ескіліктің қалдығы деп білем. Қосшы қала мәртебесін алып, жаңа қала құрылғандықтан жаңа атау болғаны маңызды. Қаланың мәдениетін көтеру үшін әкімшілік мұндағы зиялы қауыммен тығыз байланыс орнатып, олардың талаптарымен санасуы керек. Жастарға қалалық гранттар беріліп тұрса. Қаланың мәдени келбеті қалыптасуы керек, ол үшін осындағы ақын-жазушылар және әнші-композиторлардың туындылары, насихаты қажет. Одан кейін осы Қосшы қаласына жақын жердегі Нияз бидің кесенесі бар, Тайтөбеде сақ қорымы бар, Қабанбай батырдың кесенесі, оның жанына қойылған қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбаев, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова бар. Сондықтан оның бәрі бір жағынан туристік орынға айналса және осы жерде туған Рақымжан Қошқарбаев атында музей ашылса деймін. Еркеғали БЕЙСЕНОВ, ақын, сатирик, журналист: Демалыс күндері табиғат аясына шығып тұру үшін өзен, тоғайы жақын, ауасы таза жерде тұрғым келді – Мен Қосшы қаласының «Лесная поляна» тұрғын үй алабына 2019 жылы көшіп келдім. Біріншіден, мұнда үй арзан болды. Сол кездегі бағамен 1 бөлмелі пәтерді 7 млн теңгеге сатып алғанмын. Екіншіден, өзім аңшы, балықшымын. Сондықтан әр сенбі-жексенбі сайын табиғат аясына шығып тұру үшін өзен, тоғайы жақын, ауасы таза жерде тұрғым келді. Өзім тұратын «Лесная поляна» көшелерінің жолдарын жөндеп, соның бойына суағарлар жасаса дұрыс болар еді. Сондай-ақ бағдаршам, жаяу жүргіншілер өтпесі болмағандықтан, балаларды мектепке жалғыз жіберуге қорқамыз. Адам мен көлік сапырылысып, бір-біріне жол бермейді. Ауызсу сапасының нашарлығынан үйге қымбат сүзгі орнатып алып отырмыз. Сор судан ыдыс жуатын, шомылатын шүмектер тез шіріп кетеді. Оларды жиі ауыстырып тұрамыз. Сосын қала шетіне бір қоқыс полигоны керек-ақ. Әйтпесе, даланың әр жеріне жүк көліктерімен апарып, қалай болса солай үйіп-төге салған құрылыс пен тұрмыс қалдықтарынан аяқ алып жүре алмайсың. Сөйтіп табиғат-ана қолдан ластанып жатыр. Осының бәрін жергілікті әкімдік қатаң бақылауға алса игі еді. Материалдың басы

Материалды дайындаған

Бақытбек ҚАДЫР

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *