Г.ҚАСЕНОВ: «Мен Қосшылықтардың берекелі, бірлікті болғанын қалаймын»

Жаңалықтар
view 42
news

– Этносаралық татулық пен достықтықты насихаттау заң жүзінде бекітілген бе? – Қазақстан Республикасының 1990 жылы 25 қазанда қабылдаған Мемлекеттік егемендік туралы декларациясының 2 бабында қазақ ұлты мен Қазақстанда тұратын басқа этностардың төлтума мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін жаңғырту және дамыту мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып табылатындығы айтылған. Қазақстандық жалпыұлттық бірегейлікті бекіту саясаты «Қазақстан халқының ассамблеясы туралы» (ҚХА), «Білім туралы», «Тіл туралы», «Мәдениет туралы» заңдарында, ҚР ұлттық біртұтастығы доктринасында, ҚХА тұжырымдамасында бекітілген. Осымен-ақ ел егемендігінің алғашқы құжаттарында-ақ этносаралық қатынастарда бірлік пен қоғамдық келісім принциптері заңдастырылған. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқсан күнгі заңы – жаңа Тәуелсіз еліміздің, мемлекет дамуының негізгі құндылықтары мен басымдылықтарын сипаттайтын негізгі құжат. Аталған заңда республиканың барлық азаматтары қазақ халқының топтастырушы рөлiн арқау ете отырып, Қазақстанның егемендігі мен мемлекеттік билігінің негізгі көзі ретінде біртұтас халқын құрайды деп айқын көрсетілген. – Статистикалық деректерге сәйкес Қосшыда қандай ұлт өкілдері тұрады және қандай да бір ұлттар арасында түсінбеушілік мәселелер болды ма?  – Қалада ресми тіркелген елу жеті мың адам тұрады, оның 90,2%-ы қазақ, 3,6%-ы орыс және 6,2%-ы басқа этностар (шешен, ингуш, неміс, татар, украиндықтар, грузин, еврей, армиян, дүнген және т.б). Қала тұрғындарының арасында ұлтаралық алауыздық, қақтығыстар немесе түсінбеушіліктер орын алған жоқ. Тұрғындар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. – Ұлттар достығын насихаттау, татулықты сақтау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда. Бұл жағдайда әлеуметтік сауалнамалар жүргізіле ме? – Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әлеуметтік зерттеулер жылына бірнеше мәрте жүргізіліп отырады. 2023 жылдың жартыжылдығында Қосшы қаласындағы қоғамдық-саяси жағдайды талдауға арналған сауалнама нәтижесіне сүйенсек, тұрғындардың 83%- ы әлеуметтік-саяси жағдайды тұрақты деп сипаттаған. Сауалнамаға қатысқандардың 77%-ы мемлекеттік органдардың қызметін жақсы бағалаған, 80%-ы билік өкілдеріне сенетіндіктерін көрсеткен. Тұрғындар 89% Қосшыдағы өмірді Қазақстанның басқа аймақтарына қарағанда «жақсы» деп санаса, 11%-ы «нашар» деп есептеген. Протестік әлеуетке келетін болсақ, 2% тұрғындар тұрғылықты өңірдегі наразылық акцияларының ықтималдығына жол беруі мүмкін деген ниетте, 17% жауап беруге қиналды, 81% наразылық акцияларының ықтималдығына жол бермеймін деп жауап берген. Осы сауалнама нәтижесі қаладағы қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығын көрсетеді. Бұндай әлеуметтік сауалнамалар Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасымен де тұрақты түрде өткізіліп тұрады. – Қала аумағында этносаралық қатынас тарды дамытуға арналған қандай іс-шаралар өтіп жатыр? – Қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі этносаралық келісімін сақтау бойынша тұрақты түрде жүйелі жұмыстар атқарады. Жастар ресурстық орталығы, Мәдениет үйі, тілдерді оқыту орталығы сондай-ақ мектептер мен балабақшаларға дейін татулықты насихаттау бағытында ұдайы түрде жүйелі жұмыстар атқарады. Мысалға тілдерді оқыту орталығында қазақ тілін үйренгісі келетін тұрғындардың саны жыл сайын артып отыр. 2022 жылы отызға жуық адам тапсырыс берген болса, 2024 жылы жүзге жуық адамнан өтініш түскен. Елімізде әдемі мереке – 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні бар. Сол мерекеде «Ынтымақ, Бірлік, Келісім – ең басты байлық ел үшін» ұстанымымен барлық мекемелерді қамтыған ауқымды шаралар өтеді. Ұлттардың мәдениеті, ұлттық дәстүрлері, салттары, жол-жоралғылары, өнері, тағамдары насихатталатын тамаша байқаулар өтеді. Этностардың мәдени әртүрлілігін көрсету арқылы қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының байлығын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған облыстық “Qazaqtime” байқауына Қосшы қаласының тұрғындары – Александр Григория, Инна Анатольевна және Амир Рифович қатысып, қазақтың ұлттық бас киімдерін таныстыруларын дайындап, жүлделі орындарға ие болды. «Бірлігі жарасқан жандар» деп аталатын қалалық эссе байқауы мектеп оқушыларына ұлтаралық татулықты ұғындыруға арналған тамаша құрал деп санаймын. «Қазақша сөйле» позитивті этносаралық қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу, этносаралық толеранттылықты қалыптастыру бағытында қазақша сөйлейтін этнос өкілдерімен әрдайым сұхбат жүргізіледі. Қазақ тілін толық түсінетін, бірақ сөйлеуге жасқанып, қорғалап жүретін адамдар болады. Солар үшін әртүрлі мекемелерде, кездесіп тек қана қазақша сөйлесетін «Мәртебе» клубы жұмыс істейді. Бұл клубқа жас ерекшеліктеріне қарамай, барлық азаматтар қатысып, тілді түсініп сөйлеуге, еркін сөйлеуге құлшынып, тәжірибелерін арттырып отырады. Шын мәнінде осы клубтың қатысушылары өте көп және де оларға пайдалы деп санаймын. 25 қазан –Республика күні қарсаңында Қосшы қаласында тұңғыш рет «Мақтанышым Қосшы» қалалық патриоттық флешмоб байқауы өтті. Патриоттық флешмобқа қаламыздың 7 мектебінен 400-ге жуық жастар, ұстаздар қатысты. Жастар арасында патриоттық сезімді арттыруға, ұжымдық бірлікті қалыптастыруға, елдің өнері мен рухани байлығын сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында өткен шараның тағылымы мол. – Этносаралық татулықты насихаттауға өзге диаспора өкілдері де белсене қатысып жатқанын естиміз... – Әрине, бұл ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесі деп ойлаймын. «Мен қазақша сөйлеймін», «Менің таңдауым – қазақ тілі» челлендждері ұйымдастырылып, оған барлық қала тұрғындары атсалысады. Валентина Ковтун, Бойко Анна, Мазуренко Александра, Мадиярова Светлана, Тузова Көркемнің жолдаған челлендждерін барлық Қосшы қаласының тұрғындары іліп әкетті. Қазақ халқы қашан да болсын елдікке, соның ішінде ел берекесінің тұрақты болуына аса мән берген. Ата-бабамыз: «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп ынтымаққа шақырып қана қоймай, «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» дегенді де ескертеді. Мен қосшылықтардың берекелі, бірлікті болғанын қалаймын. – Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *