Қосшы қаласы маңынан тарихи орын табылды
Қосшы жаңалықтары
1372
Қосшы қаласы «Лесная поляна» тұрғын үй алабының маңындағы орманнан ХІХ ғасырдың аяғына тән көне қорған (бейіттер) табылды.
Көне қорғанның ұзындығы – 15 метр, ені – 12 метр. Бейіттің алдында биіктігі 2 метрге жуық көне құлыптасы бар. Онда Құран сөздерімен қатар шағатай жазуымен бәдізделген жазба сақталған.
Құлыптаста: «әл-фраһ, әл-фраһ канфн зай хад әл-муд тарих. 1321-інчы сінеде Булатан Мочеке қызы Молдабай жімағыты 58 яшынде офат. Шолат Молдабай Чипас 90 яшынде офат болды. Алла тығале рахмат айласон, әмин. Рухине альфатих», – деп жазылған.
Жазбаны оқыған ҚР Ұлттық архив қызметкері, ақын Ахат Расул (Қосшы тұрғыны) мәтіннің мәнін былай түсіндіріп берді: «1321-інчы» – 1321-інші хижра жылы бойынша жазылған. Бұл – милләди күнтізбесіне сәйкес 1900 жыл. «Сінеде» – жыл. Бұлатаң немесе Болатан Мөшекеқызы. «Молдабай жімағыты» – Молдабайдың жұбайы. 58 жасында қайтыс болды. Шолат – тегі, Молдабай Чипас (руы Жаппас болуы мүмкін). 90 жасында опат болды. Алла тағала рақмет айласын, әмин. Рухына әл-фәтиха».
Ал қорғанның маңынан шамамен 16 көне бейіттің үйінділерін байқауға болады. Көбін шөп басып, жоғалуға айналған.
«Бұл жерде шамамен үлкен бір әулеттің бейіті болған. Байқауымызша, ХІХ ғасырдың аяғына тән. Құлыптаста ерлі-зайыпты екі адам жайлы жазылған. Молдабай осы маңдағы ауқатты әрі елге ықпалды адам болғаны мына бейіттен байқалады. Бұл жерде ашық қорған болған», – дейді Ахат Расул.
Ал бірінші сөйлемдегі араб сөзі де шағатай жазуымен жазылған. Араб тілінің мамандарының айтуынша, «әл-фраһ» – қоштасу немесе бөлініп ажырау деген мағына береді. Қысқаша мағынасы екі адамның бұл дүниемен қош айтысып, тарихқа сіңуін білдіреді екен.
Бейіттің батыс жағында шамамен 20 метрдей жерде көне қорымды кездестірдік. Үйіндіні Совет заманында төбесін ойып, бүлдіргені байқалады. Қорымның үстінде үш қызыл мәрмәр тастардың сынықтары жатыр. Оны да сындырып бүлдіргені анық. Ахат Расулдың айтуынша, тастарды әдейі қиратып, жазуларын қасақана өшірген.
«Бұл көне қорым – мықтыңүйіне ұқсас. Бірақ бұл бертінгі опат болған әскерлердің бейіті болуы мүмкін. Жалпы алғанда бұл жерлерді арнайы қорғауға алып, тиянақты зерттеуді қажет етеді. Өйткені 1838 жылы Кенесары хан күллі Алашқа сауын айтып 10 мың әскер жинаған. Бұл жер сол Кенесары әскерінің жүріп өткен жолы. Бұрынғы Ақмола бекінісінің орны қазіргі Қажымұқан атындағы стадионда болған. Бұл жерлерде де соғыс болмауы, әскерлердің опат болмауы мүмкін емес. Төбешіктегі тастар сынған, жазуларды оқу мүмкін емес. Бірақ «сірдар» деген сөз бар. Демек бұл жерде әскерлердің бейіті болғаны анық. Бұл алда ауқымды зерттелетін жұмыс», – дейді Ахат Расул.
Қосшы қаласының маңында жалпы тарихи орындар аз емес. Тарихы терең Тайтөбедегі сақ қорымдары, қыпшақ Нияз бидің ақ кесенесі, Қабанбай ауылындағы Қабайбай батыр кесенесі және оның маңында қазақ елінің біртуар ұлы, классик жазушы Әбіш Кекілбаев, поэзия падишасы атанған Фариза Оңғарсыновалардың асыл сүйегі жатыр. Сол секілді бұл тарихи орын да қаламыздың тарихи-рухани мәнін аша түспек.
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)