Мәдениет – бұл өте күрделі, көп деңгейлі жүйе. Мәдениетті оның жеткізуі және жеткізілуі бойынша бөлеміз, әлемдік және ұлттық мәдениетті бөлу. Әрбір мәдениет этносқа, халыққа қатысты болады, ұлттық болып табылады. Алайда осы мәселе бойынша әр түрлі көзқарастар бар.
Ал мәдениет қызметкері – кәсіби қызметі мәдени құндылықтарды сақтаумен, дамытумен, таратумен, пайдаланумен және оларға азаматтарды баулумен байланысты болатын жеке адам.
Ағымдағы жылдың 22 мамырында елорда іргесіндегі Қосшы қаласының мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды.
Құттықтау сөз сөйлеген Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қабдоллаұлы Қасенов қаланың мәдениеті мен өнерін дамытуға еңбек етіп жүрген мамандар мен өнер адамдарына алғыс айтты. Сондай-ақ қалада мәдениет саласын дамытуға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Жаңадан құрылғанына көп уақыт болмаған Қосшы қаласының мәдениеті, өнері мен руханиятының дамуына атсалысып жүрген бірқатар азаматтарға және мәдениет меценаттарына арнайы алғыс хат табыс етілді. Атап айтар болсақ, Қазақ әдебиетінде, ұлттық кино саласында елеулі еңбек етіп жүрген Ұларбек Нұрғалымұлы, қазіргі заман қазақ айтыс өнерінің марғасқасы, былтырғы жылы өткен үлкен додада «Алтын домбыра» иегері атанған Еркебұлан Қайназар, сонымен қатар Асқат Бозымбай, Нұржан Қыдырбайұлы, Сайраш Матайбаева, Шолпан Утегенова және Дидар Бөлтірікұлы қатарлы мәдениет саласының білікті мамандары марапатталды.
Дәстүрлы түрде жыл сайын өтетін шараға биыл бірінші рет аздаған өзгеріс енгізіліп, «Мәдениет жанашыры» номинациясы тағайындалды. Мәдениетке жанашыр жандардың қатарында Қадірхан Қизатұлы, Саян Қабылқақ, Аяна Абаева, Әди Ғажайыпов, Назым Жайбосынов бастаған бір топ мәдениет өкілдері және басқа да сала мамандарының ішінен таңдалып алынды.
Жиын барысында Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қабдоллаұлы Қасенов қаладағы шығармашылық бағытта жұмыс жасайтын 14 шығармашылық орталыққа арнайы «Құрмет грамотасын» табыс етіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Шара соңында әр номинация бойынша 2023 жылдың үздіктері аталды. Жылдың үздік режиссері – Гумаров Аман Гиссаденұлы, үздік домбырашы – Сәду Ерлан Сәтұлы, үздік биші – Даяна Әлімбаева, үздік актер – Дінмұхаммед Ағайдар, үздік эстрада әншісі – Парасат Отан атанды. Сонымен қатар үздік вокалдық аспаптық топ – «Мұра» үздік дәстүрлі ән үйірмесінің жетекшісі – Перизат Қайырғалиқызы, үздік суретші – Әбдікәмен Азамат Ерланұлы, үздік кітапханашы – Қуандықова Сымбат Бауыржанқызы болып, іріктелген барлық үздіктерді құттықтап, алдағы шыңармашылығына табыс тіледі.
Мәдени қызмет субъектілерінің мәдени құндылықтарды жасау, жаңғырту, сақтау, қорғау, дамыту, тарату және пайдалану өте үлкен еңбекті қажет ететін дүние. Сол салаға өзіндік үлесін қосып, атсалысып жүрген азаматтар мен азаматшалар қашанда халық жүрегінен биік орын алмақ.
Тілеубек БАТЫС
Пікірлер (0)