Қосшы көгінде «Ақмола жұлдыздары» жарқырады

Руханият
view 408
news

Қосшы қаласында 11 мамыр күні «Ақмола жұлдыздары» байқауының гала-концерті өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шараның биылғы басты ерекшелігі – ол Абылай ханның 310 жылдығына, Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығы және Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына арналады.

Өңірдің басты өнер бәйгесіне айналған мереке халық шығармашылығын дамытуға, ел ішінде жүрген, жергілікті мәдениет үйлері мен шағын орталықтарда жұмыс істейтін кәсіби емес азаматтардың ішінен өнерпаздарды дайындауға бағытталған. Оның тек Ақмолада ғана емес, сондай-ақ ұлт өкілдерінің үлесі аз Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы сияқты терістік аймақтарда өткізілуінің өзі мәдени шараның негізінен халықтың дәстүрлі өнерін насихаттауға ерекше назар аударатынын білдірсе керек. Сондай-ақ ол мәдениетті байытудың, қоғамды топтастырудың, ұлттың генетикалық кодын: тілді, руханилықты, дәстүрді және халқымыздың мәдени мұрасын сақтаудың жарқын үлгісі болып табылады. Дәстүрлі байқау өңірдің мәдени өмірінде өзіндік орны бар ең ірі жоба. Өнер бәйгесі облысымыздың көркемөнерпаз әртістеріне түрлі жанрларда өз таланттарын көрсетуге, шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Байқаудың негізгі мақсаты – рухани дәстүрлерді сақтауға, жаңа таланттарды ашуға ықпал ету. Аталған мерекені Қосшы қаласы әкімдігі мен қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі жанындағы «Қосшы қаласының мәдениет үйі» МКҚК ұйымдастырды. Қосшы қаласының Құқық қорғау органдары академиясы алаңында өткен гала концертке шамамен 300-ден астам адам қатысты. Өнер мерекесінің шымылдығы «Дәуір тұлғалары» концерт – спектаклімен ашылды. Күтпеген шешім, күтпеген көрініс осынысымен көрерменді бірден баурап алды. ...Студенттер отырған сахнаға ұстаз профессор (Назым Жайбусинов) шығады. Олар ғалымды жан-жақтан ортаға алып, қаумалап: «Ағай, ағай, мен Ақан сері Қорамсаұлының шығармашылығы мен өмірі жәйлі жұрт біле бермейтін тың қызықты ақпараттар жинауды бастадым», «Мен Қазақ хандығының құрылуы туралы Мухамед Хайдар Дулати бабамыздың жазғандарын зерттеуге кірістім», «Мен қазақ даласындағы қилы кезеңдерді қос ішекті домбыраның шанағына сыйдыра білген дәулескер күйші Құрманғазы бабамыз туралы өздік жұмыс жазып келіп едім...» деп шуласа жөнеледі. Сонда: – Маған сіздердің талпыныстарыңыз ұнайды. Тарихты тану - ең алдымен, өз ата-бабаңның тағдырын тану,– деп көзін алыс көкжиектерге жүздірткен ғалым халқының өткеніне көз жүгірткендей тұңғиық ойға бата түскен. Бұл кешегі тарихын түгендеп, алдағы болашағына ой жүгірткен халықтың болмысынан көрініс бергендей болды. Осы кезде Елбол Қуанбек «Ерлікке шақыру» әнін әуелете жөнеледі. Сосын «Самғау» тобы «Батыр қыз» биін орындады. Бір кезде сахнада Абылайхан мен Бұқар жырау екеуі пайда болады. Оқиға Абылайханның Бұқарға түс жорытуымен басталады. – «Ақмола жұлдыздары» жалпы бұқараны қамтитын өнер байқауы. Ал биылғы шара Абылай ханның 310 жылдығына, Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығы және Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына арналады. Бұл деген өте ғажап тақырып. Біздің мақсат – осы үш тақырыпты ұтымды ұштастыру керек болды. Абылай хан кемеңгер ел билеуші болғанынан бөлек, керемет күйші де болған. Сондықтан концерт-спектакльді Абылай ханды басқа қырынан да таныту үшін ханның монологымен бастадық, сондай-ақ ханның шығарған күйлері орындалды. Қазақ халқының ең дүлдүл, дәулескер күйшісі Құрманғазының да, Ақан серінің де тұлғалық болмысын барынша ашуға тырыстық,– дейді Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбайқызы. Концерт-спектакльде Абылай ханның өзі шығарған «Ақтолқын», «Алабайрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние сарсаң», «Дүние қалды»,«Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жал», «Майда қоңыр», «Садаққақпай», «Сары бура», «Шаңды жорық», «Терісқақпай» атты күйлері орындалды. Бұл күйлерінде ел қамы мен халық тағдыры жөнінде толғанған ойлы сезімдерді көрсете білген. Осы арқылы көрермен Абылайхан бабамыздың тек қол бастаған батыр, үш жүздің басын қосқан хан, көреген саясатшы болуымен қатар, қазақтың шежіре тарихын, тұрмыс салтын, әдет-ғұрпын, ауыз әдебиетін, халықтың ән-күй сазын терең білген кемеңгер тұлға екенін ұға түсті. Сахна төрінен Ерлан Садудың авторлық туындысы «Абылайға арнау» күйі орындалды. Сөйтіп, 2,5 ғасыр бұрын өмір сүрген баһадүр бабамыз қазақ халқына жаңа бір қырынан таныла түсті. Бұл «Ақмола жұлдыздары» байқауының жаңа өнерпаздардың үлкен өнерге жолын ашқан жақсылығынан бөлек, бүкіл қазақ үшін бағасын айтып жеткізуі мүмкін емес зор қуаныш болды. Дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының тұлғасы да бұл күні сахна төрінен бұрынғыдан бетер зорайып көрінді. Ол өз туындыларында туған жерге деген сүйіспеншілігін және сол кездегі тарихи оқиғаларды бейнелеуге тырысқан. Ел ішіне кең тараған күйлері ретінде «Кішкентай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Ақсақ киік», «Адай» және «Алатау»-ды атауға болады. Қазіргі уақытқа дейін оның 60-тан аса күйі жетті. Артынан Дина Нұрпейісова, Ерғали Есжанов және Меңдіғали Сүлейменов сияқты мықты мұрагерлерін қалдырды. Олардың әрқайсысы, еліміздің музыкалық тарихында маңызды орын алады. Мұның бәрі концерт-спектакльге қатысқан қосшылық өнерпаздар арқылы көрерменнің көкейіне жетіп, санасына сіңіп жатты. Сахнаға домбырасының құлақ күйін келтіріп шыққан Асылбек Сауран қалалық мәдениет үйінің музыканты, жетігенші Айгерімнің эстрадалық сүйемелдеумен көпшілікке бұрын-соңды аса таныс емес «Саранжап» күйін орындады. Оның баяндауынша, Саранжап деген қалмақтың атақты батыры болған, ол өз ханына қарсы шығып, түрмеге қамалады. Ол жерде Құрманғазымен кездесіп, екеуі бірге қашып құтылады. Құрманғазы осы күйді тар жол, тайғақ кешуде кездескен досына арнап шығарған болса керек. Сондықтан ба, күйдің ырғағында қалмақ музыкасының элементтері бар. Күйдің батырлық рухын көрсететің өктем, өткір мінездер көрсетілген. Өте екпінді, жігерлі әрі көңілді күй. Жоғарыда баяндалған жайттың бәрін Аяна, Әди, Димаш, Айбанудың орындауында көрерменге әдемі жеткізілді. Сондай-ақ Айгерімнің орындауында Құрманғазы бабамыздың шәкірті Дина Нұрпейісованың «Науи» күйі шалқыды. Күй тартыс сахнаға екі әулет – Жайбусиновтар мен Кемеңгеровтар шыққанда, тіпті қызды. Екі топ құраған он шақты адам Құрманғазының күйлерінен күй тартыс жасады. Концерт - спектакльде Әміренің Парижде Ақан серінің «Балқадиша» әнін шырқаған өз даусы естілді. Мұнан артық керемет, мұнан артық ғажап болар ма! Ғасыр өтсе де құндылығын жоғалтпаған жауһар туынды. Жүргізушілердің бірі Димаштың айтуынша, 1925 жылы Парижде өткен бүкіләлемдік көрмеге қатысқан Әміре Қашаубаев Ақан серінің «Балқадишасын» қаладағы музыкалық комедия театрында бірнеше күн бойы он бір концертте орындаған екен. Әнші бабамыздың дауысын Сорбонно университетінің профессоры Перно жазып алған екен. Енді «Балқадишаны» Біржан Айтахметов Әміренің Парижде шырқаған мәнеріне салып орындады. – Әділқазылардың өздері біз «Балқадишаны» Әміренің Парижде орындаған мақамына салып, дәл сондай орындаған нұсқаны ешқайдан көрмедік деп мойындап отыр. Оның үстіне, ел ішінде ән мәтіні бұзылған бірнеше нұсқалары таралып кеткенін қазір көпшілік те біледі,– деді ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбайқызы. Одан кейін Парасат Отанның орындауындағы «Маңмаңгер» әнін де көрермен ыстық ықыласпен қабылдады. Әншінің Ақан сері мен Маңмаңгердің бейнесін соншалықты жақсы сомдағаны, әннің табиғатын аша білуі түсініп тыңдаған адамның көзіне жас тамызбай қоймайды. Ақан сері әуелеткен дәстүрлі ән өнері – көне заманнан бері қалыптасқан қазақтың бай қазынасы, фольклордың музыкалық саласының бір тармағын құрайды. Фольклор деген сөз «халық даналығы, халық білімі, халықтың ауызша шығарған туындылары» деген мағынаны білдіреді. Халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерлері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі күнге дейін жеткен «ән қазынасы» қашаннан дәстүрлі өнердің қаймағы саналады. Бұдан бөлек, «Ақмола жұлдыздары» байқауы аясында «Киелі өнердің өшпес ізі» көрмесі ұйымдастырылды. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, 53 түрлі музыкалық аспап жасап шығарған қазақ шебері Нұржан Ділмановтың жеке шеберханасында жасалған бұйымдар көрсетілді. Ол тіпті археологиялық қазбалар кезінде табылған музыкалық аспаптарды қалпына келтірген. Шебердің аспаптарына әсіресе Канада, Түркия, Беларусь және Орталық Азия елдерінен сұраныс көп. «Мәдениет саласының үздігі», ағаш және тері бұйымдары, қазақтың қару-жарақтарын жасау шебері, ұста, «Бесаспап» ұлттық қолөнер орталығының негізін қалаушы Асқат Дәулеткерімұлының, этнография саласындағы қолөнер шебері, қазақ киіз үйлерін зерттеуші, киіз басудан және негізгі бағыты – қазақтың ұлттық бас киімдерін тігуден шебері – жұбайы Гаухар Ғабитқызының, қыш өнімдерінің жасау шебері – ұлы Ақжол Асқатұлының, тері бұйымдары, қайыстан, қолдан иленген малдың терісінен қамшы, қалқан, батырдың қару-жарақтарын: қылыш, садақ, найза, сандық жасайтын Асқат Дәулеткерімұлының, зергер, Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі, мәдениет саласының үздігі Бекболат Нұрданбектің ағаш, сүйек, металл, басқа да материалдардан жасаған түрлі сәнді қолөнері бұйымдары қазылар назарына ұсынылды. Қосшы қаласында өткен «Ақмола жұлдыздары» байқауында көрерменнің көзайымына айналған қызық-қуаныштар көп болды. Мерекелік шараның соңы көз қарықтырған отшашуға ұласты. Осымен 24-рет ұйымдастырылып отырған облыстық халық шығармашылығының байқауы облыстық маңызы бар қалалар, орталықтары қалалар болып табылатын аудандар, орталықтары ауылдар болып табылатын аудандар санатына жіктеліп, үш топ бойынша әдетте күзде өтетін. Биыл өнер бәйгесі көктемге ауыстырылды. Бұл өңір өнерпаздарын ең көп жұмылдыратын ауқымды шара болып саналады. Жыл сайын жобаның бастапқы іріктеу турларына қатысушылар саны артып келеді. Мәселен, облыстың 17 ауданы мен 3 қаласынан 2021 жылы байқаудың бірінші іріктеу кезеңіне 23 175 адам қатысса, 2022 жылы 50 242 адам қатысқан. Сондай-ақ көрмеге мыңдаған ұлттық сәндік-қолданбалы өнер туындылары бұйымдары қойылды. Сондай-ақ жүлде қоры да қомақты: үш топ бойынша гран-при иеленген жеңімпаз командаларға 3 автомобиль тігіледі. Тағы бір айта кететіні, Қосшы қала мәртебесін алған кейінгі екі жыл бойы байқауда үздіктер қатарынан көрініп келеді. «Ақмола жұлдыздары-2021» байқауында Қосшы қаласы ІІ дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталса, «Ақмола жұлдыздары-2022» өнер додасында гран-при мен «Chevrolet Nexia» автокөлігін жеңіп алды. Ал облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауының 2023 жылғы қортындысы мамыр айының соңына қарай дәстүрлі түрде өңір басшысы Ермек Маржықпаевтың қатысуымен Көкшетау қаласында өтетін болады. Қосшы өнерпаздары биыл үздік нәтижеге қол жеткізуге мүдделі. Алла жар болсын дейік!

Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *