Қосшы өнерпаздары кезекті рет жеңімпаз атанды

Руханият
view 304
news

2023 жылдың 25 мамыр күні Көкше көгінде бір дәуірдің еркесі кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайдың әуені талықсып жетіп, алты қырдың астынан дауысы жаңғырған киелі өңірде керемет кештің куәсі болдық. «Көкшетау» мәдениет сарайында Абылай ханның 310 жылдығы, Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығы, Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына арналған «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен қорытынды гала-концерті өтті.

Халық композиторларының шығармашылығын ұрпақтан-ұрпаққа жаңғырту және насихаттау, әншілік дәстүрлерді сақтау және дамыту, өскелең ұрпақты ұлттық мұраға құрметпен қарауға тәрбиелеу, көркемөнерпаздар ұжымдары мен солистердің орындаушылық шеберлігінің деңгейін арттыру, халық шығармашылығы жанрларын дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту – байқаудың басты мақсаттарының бірі болып табылады. Жиырма жылдан астам уақыт бойы бұл өңіріміздің мәдениет саласындағы ең ауқымды жобасы болып қала бермек. Байқауды көрермендер мен шығармашылық ұжымдар тағатсыздана күтеді. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетіліп, сахналық костюмдер тігуге бюджеттен қаражат бөлініп, музыкалық аспаптар, LED-экрандар сатып алынды. Аудандық және қалалық гала-концерттерді дайындау мен өткізуге демеушілер мен меценаттардың көмегі үлкен болды. 2023 жылы «Ақмола жұлдыздары» көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауына 276 ауылдық округ пен 3 қаладан 66 мыңнан астам адам, аудандық гала-концерттерге 16 мыңнан астам көрермен келіп, оның ішінде 150 ауылдық округтен 7 123 адам қатысты. Аудандық және қалалық гала-концерттерде вокалдық, хореографиялық, аспаптық, поэтикалық және театрлық жанрлар, сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнер көрсетілді. Жалпылай алғанда, облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауының 2023 жылғы қорытындысы Көкшетау қаласында дәстүрлі түрде өңір басшысы Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өтті. Облыстық халық шығармашылығы байқауының аудандық және қалалық гала-концерттерінің қорытындысы бойынша келесідей жүлделі орындар анықталды: I топ – орталықтары кенттер, ауылдар болып табылатын аудандар. Бас жүлде Целиноград ауданы («Chevrolet Neхia» автокөлігі) 1- дәрежелі диплом Қорғалжын ауданы (ақшалай сыйлық 3 млн теңге) 2- дәрежелі диплом Зеренді ауданы (ақшалай сыйлық 2 млн теңге) 3- дәрежелі диплом Аршалы және Сандықтау аудандары (ақшалай сыйлық 1 млн теңге). II топ – орталықтары қалалар болып табылатын аудандар. Бас жүлде Ерейментау ауданы («Chevrolet Cobalt» автокөлігі) 1- дәрежелі диплом Бурабай ауданы (ақшалай сыйлық 3 млн теңге) 2- дәрежелі диплом Атбасар ауданы (ақшалай сыйлық 2 млн теңге) 3- дәрежелі диплом Ақкөл және Бұланды аудандары (ақшалай сыйлық 1 млн теңге). III топ – облыстық маңызы бар қалалар. «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауында көрсеткен жоғары шығармашылық жетістіктері мен мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қосшы қаласы Бас жүлде «Chevrolet Cobalt» автокөлігімен марапатталды. «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауындағы шығармашылық жетістіктері үшін І дәрежелі дипломмен және 2 млн теңге сертификатымен Көкшетау және Степногорск қалалары марапатталды. Көрермендер мен қазылар алқасының назарына Атабаевтар отбасылық ансамблі (Аршалы ауданы), «Шаттық» фольклорлық ансамблі (Көкшетау қаласы), «Бұраң бел» би ансамблі (Қосшы қаласы), «Қыздар» ВИА (Зеренді ауданы), «Керім-ай» (Егіндікөл ауданы) және «Жаңа-KZ» (Көкшетау қаласы) вокалдық топтары, «Шұғыла» дуэті (Аршалы ауданы), «Ақ кербез» триосы (Жақсы ауданы), «Музыкалық әуен» (Қорғалжын ауданы), «Ерке-наз» жетіген ансамблі (Целиноград ауданы), солистер Әбдібек Айару, Парасат Отан (Қосшы қаласы), Ақтоты Әбдірахман (Көкшетау қаласы), Данагүл Әубәкірова (Степногорск қаласы), Аян Төлегенов, Әйгерім Әзім (Целиноград ауданы), Берікбол Дүйсенбай, Шандоз Жұмағалиева (Зеренді ауданы) алғаш рет өз өнерлерін ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Гала-концерт бағдарламасы Ақмола облысының қалалары мен аудандарынан солистер мен ұжымдардың орындауындағы үздік шығармашылық нөмірлерінен құралды. 300 адамнан тұратын қазақ халық аспаптарының бірлескен оркестрі, 230 домбырашы, «Қазына» би ансамблі, солистер Гаухар Натиева (Целиноград ауданы), Дінисламбек Жайлаубай (Аршалы ауданы) және т.б. дарындылар көрермендерді өз талантымен тамсандырды. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде үйірмелерде айналысатын балалардың жетістіктері де шара барысында ұсынылып, мемлекет тарапынан қолдау тапты. Сонымен қатар сәндік-қолданбалы өнер көрмесінде көрермендер әртүрлі техникада орындалған шеберлердің ерекше жұмыстарын тамашалады. Бұл қолөнер шеберлері: Бозымбай әулеті, Ділманов Нұржан, Бекболат Нұрдамбек, Әбдікәмен Азамат (Қосшы қаласы). Кәрім Бектас, Есет Балғабай, Ғизатов Мұрат (Шортанды ауданы). Матерн Анжелика, Ақпаева Гүляим, Пархоменко Геннадий, Хабиден Берікбол, С.Искакова (Зеренді аудан). Шәкен Әлемнәшрих, Тілеубердиева Гүлістан, Досмағамбетов Бауыржан, Виктория Ларина (Ерейментау ауданы). Бахшагүл Байдолла, Енсебаев Берік, Тотыбаева Самира (Целиноград ауданы). Конкушев Геннадий, Жанахметова Әсемгүл, Нейфельд Олеся, Ашкенов Сағадат (Ақкөл ауданы). Рымбай Ермұхан, Сламхан Сәулеш (Бұланды ауданы). Пушкарева Екатерина, Лепп Наталья, Серікбаева Назгүл, Л.Лисовол (Степногорск қаласы), Денсембаева Жанель, Выломова Мелани, Белгібаев Бақтияр (Жақсы ауданы). Осымен 24-рет ұйымдастырылып отырған облыстық халық шығармашылығының байқауы облыстық маңызы бар қалалар, орталықтары қалалар болып табылатын аудандар, орталықтары ауылдар болып табылатын аудандар санатына жіктеліп, үш топ бойынша әдетте күзде өтетін. Биыл өнер бәйгесі көктемге ауыстырылды. Бұл өңір өнерпаздарын ең көп жұмылдыратын ауқымды шара болып саналады. Жыл сайын жобаның бастапқы іріктеу турларына қатысушылар саны артып келеді. Мәселен, облыстың 17 ауданы мен 3 қаласынан 2021 жылы байқаудың бірінші іріктеу кезеңіне 23 175 адам қатысса, 2022 жылы 50 242 адам қатысқан. Сонымен қатар көрмеге мыңдаған ұлттық сәндік-қолданбалы өнер туындылары бұйымдары қойылды. Сондай-ақ жүлде қоры да қомақты: үш топ бойынша гран-при иеленген жеңімпаз командаларға 3 автомобиль сыйға тартылды. Тағы бір айта кететіні, Қосшы қала мәртебесін алғаннан кейінгі үш жыл бойы байқауда үздіктер қатарынан көрініп келеді. «Ақмола жұлдыздары-2021» байқауында Қосшы қаласы ІІ дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталса, «Ақмола жұлдыздары-2022» өнер додасында гран-при мен «Chevrolet Nexia» автокөлігін жеңіп алған. Биылғы нәтижеде жоғарыда айтқанымыздай, Қосшы қаласы атынан қатысқан өнерпаздар қаламыздың абыройын тағы да биік тіктеп, бәйгенің басында келді. Бас жүлде марапатымен қатар сыйлыққа Chevrolet Cobalt автокөлігін жеңіп алды. Мәреге сүрінбей жетіп, елдің беделін көтеріп, атағын аспандатқан жерлестерімізге алғыстан басқа айтар жоқ. Алдағы шығармашылық жолына сәттілік тілеп, шыққан биігінен түспей шарықтай беруіне тілектеспіз.

Тілеубек БАТЫС

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *