Қосшы қаласында Ардагерлер орталығы ашылды. Оған ақсақалдар қауымының өтінішін жерде қалдырмаған аудан әкімі, жергілікті кәсіпкерлер мен мәслихат депутаттары себепші болды. Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Гайдар Қасенов та қатысты. Өңір басшысы сыр сандықтың шексіз шежіресі болып табылатын аға буынның орны бөлек екенін атап өтті.
Ақыл айта білетін, жөн сілтей алатын қазыналы қарттардың арамызда жүргені бір ғанибет. Өмірдің талай сынағынан сүрінбей өтіп келе жатқан олардың өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге болып қала берері сөзсіз. Еліміздің ертеңін қолға алатын жас ұрпақ соны біліп өссе, орта буын иелерінің оларға деген құрметін көрсе, ұрпақтар үндестігінің бағасын біледі.
– Алдында ардагерлер орталығын «Лесная поляна» шағын орталындағындағы үйдің жертөлесінде ашқан болатынбыз. Енді, міне, «Асыл түлік» акционерлік қоғамының ғимаратында отырамыз. Мамыр айында басшысына өтініш жасап едік, «мен үлкендерді құрметтеймін, сыйлаймын, бірақ іші жөндеуді қажет етіп тұр» деді. Ол сөзімізді жерге тастамады, бос ғимаратын берді. Ұзақ жылдар бойы бос тұрған бөлмелерде жылу да болған жоқ, оған қоса төбесінен су аққан, – дейді Қосшы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабділбар Абаков.
Күрделі жөндеу жүргізуге демеушілер көмектесті. Жанашыр жандардың бірі жиһаз сатып алса, енді бірі қомақты қаражат берді. Бәрі де белсенділік танытып, мүмкіндігінше қол ұшын созуға барынша тырысты. Бүгінде әсем ғимаратта қарттардың бас қосып, жиын өткізулеріне, тынығып, шығармашылықпен айналысуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Жылы да, жарық, керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген бөлмелер қариялардың бас қосуына ыңғайлы, жайлы орынға айналды.
Бос уақытын орталықта өткізетін ардагерлердің айтары мен алғысы бөлек. Олар мұнда шахмат, дойбы ойнап, өзара әңгімелесіп, шығармашылықпен айналыса алады. Сондай-ақ мұнда құрылған ақсақалдар алқасының жастарға берер ақыл-кеңестері де аз емес.
Қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата салты екені белгілі. Шаһарымызда қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, жергілікті билік пен депутаттар тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Айта кету керек, демеушілердің арқасында орталықта енді қысқа толқынды пеш, тоңазытқыш, компьютер бар.
– Мен мәслихаттың депутаты Динара Райхановаға өтініш жасадым. Ол жөндеудің жүргізілуіне зор септігін тигізді. Елге сыйлы Сайра Матайбаева қажетті жиһазбен, ал кәсіпкер Ерлан Найманов материалмен қамтамасыз етті. «Қосшы су» ЖШС басшысы Ерғали Ділдәбек электромонтажды жасап берді, «АСИ қазандығы» ЖШС басшысы Шоқан Ибраев жылу тартып берді. «Аист» деген жол компаниясы қомақты ақша берді, – деп толықтырды Ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Ел азаматтары Болат Абдрахманов пен Болат Сейсенов ардагерлердің басын біріктіретін бірегей ортаға айналған орталықтың ашылуына үлестерін қосты. Қабділбар Абаковтың айтуынша, қала әкімі Гайдар Қасенов пен оның орынбасарлары бағыт-бағдар беріп қана қоймай, басынан аяғына дейін қолдау көрсетті.
Ең бастысы, мұнда ардагерлердің бос уақыттарын тиімді өткізуге мол мүмкіндік жасалған. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мен белсенді өмір ұстанымын қалыптастыруда ата-апаларымыздың өмірі мен еңбек жолдары үлгі десек, артық айтқанымыз емес. Қуантарлығы, Қосшыда белсенді зейнеткерлеріміздің қарасы көбейіп келеді. Мысалы, «Замандастар» әжелер хоры мен ақсақалдардан құралған «Есіл-Нұра» ансамблі бірнеше мәрте облыстық қана емес, республикалық байқаулардың бас жүлдесін ұтып алды. Күн сайын жиналатын аға буын өкілдері шахматтан, дойбыдан ұйымдастырылатын жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Одан бөлек, үлкен кісілердің арасында музыкалық аспап жасайтын қала тұрғыны да бар. Айтпақшы, қалалық орталықта шығармашылықпен айналысатын жергілікті композитордың және суырып салма ақынның бірлесіп жазған «Қосшы – менің жыр әнім» деген арнайы туындысы бар екен. Болашақта ол өлкеміздің әнұранына айналуы әбден мүмкін.
Орталыққа жиналатындар «кең жерде еркін тыныстап, бос уақытымыздың бәрін осында өткіземіз» дейді. Келем деушілерге кез-келген уақытта есік ашық.
Жанар АХМЕТОВА
Пікірлер (0)