Облыс әкімі тіл жанашырларын марапаттады

Руханият
view 322
news

Қазақстан халқы тілдерінің онкүндігін жабуға арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Өңір басшысы мемлекеттік тілді дамыту, тіл саясатын жүзеге асыру, тілдік ортаны қалыптастыру саласындағы жемісті еңбектері үшін тілге жанашырлық танытатын қосшылықтарды марапаттады. Аталмыш мереке қазақ әліпбиінің негізін қалаушы, көрнекті әдебиеттанушы және реформатор-лингвист Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орайластырылған. Жиналғандарды тілдер күнімен облыс әкімі Марат Ахметжанов құттықтады. Ол іс-шараны ашып, тіл ұлттың ұлы қазынасы, халықтың рухани энергиясының негізі екенін атап өтті.

«Елімізде жүргізіліп жатқан сындарлы тіл саясаты толерантты тілдік ортаны қалыптастырудағы маңызды құндылықтардың бірі болып табылады. Сондықтан мемлекеттік тілді басқа этностардың тілдерімен бірге дамыту мемлекет тұрақтылығының басты кепілі болып табылады», - деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Биыл 10 номинация бойынша Ақмола облысы әкімінің «Тіл жанашыры» арнайы сыйлығы тағайындалды. Сараптама комиссиясының шешімімен түрлі салалардың өкілдері, солардың ішінде Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының тұрғындары да марапатталды. Жергілікті «Балдәурен-Сан» балабақшасының меңгерушісі Гүлжахан Олжабаева облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының «Үздік білім беру нысаны» номинациясының жеңімпазы атанса, «Үздік өлкетанушы» номинациясын қосшылық Мәулет Ардаби жеңіп алды. Сондай-ақ Тайтөбе ауылының жеке кәсіпкері Сымбат Құрманбаеваға арнайы алғыс хат берілді. Айта кету керек, ол – қазақтілді Үздік блогер, қазақтың ұлттық тағамдарын жасаушы, әрі насихаттаушы. Бұл күні облыс басшысы мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға тікелей үлес қосқан тұлғаларға ерекше құрмет көрсетті. Қуантарлығы, олардың қатарында жастар да бар. «Туған жер тарихы» облыстық байқауының жеңімпазы Тайтөбе орта мектебінің 5 сынып оқушысы Аяжан Ақмырза Марат Ахметжановтың қолынан марапат алды. Барлық жеңімпаздарға салтанатты түрде ақшалай сыйлық сертификат табыс етілді. Облыста қазақ тілін үйрену бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Ресми ақпаратқа сүйенсек, 300-ге жуық мектепке дейінгі мекеме, 149 мектеп қазақ тілінде жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында 5 білім ордасы, оның ішінде мемлекеттік тілде оқытатын 3 мектеп Целиноград ауданы Өтеміс ауылында, Көкшетау және Қосшы қалаларында ашылды.

Жанар АХМЕТОВА

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *