Халықтың мәңгі ғұмыры оның тілінде

Руханият
view 1174
news

Қосшы қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» МММ ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл және Рух жаңғырығы» атты ауқымды конференция өткізілді. Маңызды іс-шараны тізгіндеген орталық басшысы Әлия Қуатжанқызы «Бүгін атап өтер айрықша күн. Себебі тірлігіміздің жаңғырығына айналған тіліміздің мәртебесін арттырып, қолданыс аясын кеңейтпек мақсатта жауапты істі қолға алып отырмыз. Халықтың мәңгі ғұмыры оның тілінде деген дана халқымыз сөзден жаңылған емес. Ендеше бұл басқосудың да ел ертеңі үшін титтей болсын үлесі тисе деген мақсат бар» деп ізгі тілегімен конференция қонақтарын таныстырды.

Ауқымды шараларды өткізіп жүрген қалалық Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбайқызы «Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында Қосшы қаласының өзінде кең ауқымды іс шаралар өткізілді. Біздің өңірдің біршама мамандары, қазақтілді блогері, балабақша меңгерушісі, өлең оқуда шеберлік танытқан оқушылар Ақмола облысы бойынша үздіктер қатарынан көрініп, елдің абыройын асқақтатып келген жайы бар. Мұның бәрі осы тіліміздің мәртебесін арттыру жолындағы игі жұмыстар деп білемін», деп тілдер күні аясындағы онкүндік қорытындысын тілге тиек етті.

Сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі «Тіл саясаты комитетінің» төрағасы Ербол Ердембекұлы «Тіл дегенде алдымен осы мерекенің дәл осы күнге белгіленудегі себебі еске оралады. Тарихтағы орны ерекше тұлғалардың бірі Ахмет Байтұрсынұлы туралы бұл күні айтпасқа болмайды. Қазақ тарихында Ахмет сияқты тілдің дамуына үлес қосқан адам жоқ. Бұл пікіріме толық жауап бере аламын. Сол кезеңде халыққа прагматизм керек болды. Ол дүниенің озып бара жатқанын, қазақтың қалып бара жатқанын, қазақтың есесінің кетіп бара жатқанын түсінді. Абай өлеңдері арқылы идеямен жауап берсе, Ахмет іс жүзінде, нақты жауап берді деуге болады. Халыққа алдымен тілдік тұтастық керек екенін түсінді ол. Тіл ауадағы дыбыс емес, жазуға айналды. Ахмет әліппе жасамағанда, қазақ ескіше татар жазуымен қалар ма еді. Бүгінгі күні 70 ғалым бас қосып, бір әліппе жасай алмай жүрміз. Содан-ақ оның нәтижелі іс тындырып кеткендігін аңғара беріңіз. Оның принципінің тұрақтылығы соншалық, оның әліппесін 2 млн Қытайдағы қазақ пайдаланып отыр. Өміршең әліппе болғаны. Ахметтің жасап кеткен дүниесінен ештеңе ала алмайсыз, ештеңе қоса алмайсыз. Данышпандығы осында жатыр. Ол күллі қазақты білім есігін ашып, кіргізіп жіберді деуге болады. Қазақта Отан, мемлекет деген сөздер болған емес. Ахмет парсы тіліндегі сөздерді өзімізге икемдеп қалдырды. Оның, тіпті басқа елден келгенін білмей де қалдық. Әдебиеттану ғылымының негізін қалады. Оның өлшеусіз еңбегі үшін Ұлт ұстазы деп атаймыз» деп бұл күннің мереке болып қалыптасуындағы себептерге тоқталып, қазақ тілінің дамуындағы орын алған маңызды жайттарды атап өтті. Көрермен арасында комитет төрағасына сұрақ қоюшылар да болды. Олар «латын әліппесіне ауысқанда не ұтамыз, бұл сауатсыздыққа әкелмей ме?» деген мәселені ортаға тастады. Осы тұрғыда Ербол Ердембекұлы

«Біздің тіліміздегі сөздердің 70 пайызы өзге тілдік орфографиядан құрылғандығы үлкен мәселе болып отыр. Егер 42 емес 28 таңбадан тұратын әліппе жасаған болсақ, қоғам қалай болады деген мәселеге сараптама жасап келе жатырмыз. Сауалнама жауабы әр қалай. Мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін алдағы уақытта көреміз. Сауатсыз болып қаламыз деген ойдан аулақ болыңыздар. Көрші мемлекеттерге қарап-ақ байқай беріңіздер жағдайды» деп нақты мысалдармен дөп жауап берді. Ол сондай – ақ «Шетелдік ғалымдар қазақ арасында Ахметтей азаматтың соншама құнды дүние қалдырғандығына таңғалады. Онда біздегідей 24 емес 48 сағат болған шығар дейді. Ол дем алмаған, тамақ ішпеген шығар. «Қазақ» газетін, «Масаны» шығарып, «40 мысалды» аударып қалай бір адам аз ғұмырында осының бәрін жасап үлгерген деп таңғалыстарын жасырған емес. Бұл қанша том еңбек? Ахметтің осы байлығын шетелдіктер өз тіліне аударып алуға асық. Сондықтан оның қалдырған өлшеусіз еңбегін елеусіз қалдырмай оқып, біле жүріңіздер. Бүгінгі қоғамда біз тек біліммен ғана оза аламыз» деп жастарға ізгі тілегін жеткізді.

Ұлтты күшейтудің тетігі саналған тіл төңірегіндегі баяндама кезегін Астана қаласы әкімдігінің “Руханият” КММ басшысы Әділ Орынбасарұлы алды. Ол «Тіл халықтың болмысы, бары, ең қымбат қазынасы, ұлттық намысымыз, рухымыз. Қазақ тілі түркі тілінің ішіндегі жауһары саналады. Елімізде тұрып жатқан әрбір жан тіліміздің жанашыры болуы керек. Мемлекеттік бағдарлама аясында да біршама жүйелі жұмыстар іске асты. Біздің мекеме арқылы бір жылда тіл үйренуге ниет еткен тыңдаушыға тегін 1 500 қазақ тілді курс өткізіледі. Осындай жүйелі жұмыс нәтижесінде қазақ тілін меңгеремін деген өзге ұлт өкілдерінің көп екендігін аңғарып жүрміз» деп заман талабына сай ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқандығын мысал етті. Мемлекеттік тіл мәселесінде маңызды қадамды қарапайым қолданыстағы құралдан бастау керек екенін сөз еткен филология ғылымдарының кандидаты, Тұран Астана университетінің доценті Жұпар Кенжетайқызы «баланы бастан» деген оймен негізгі ұсыныстарды атап өтті. Сөздік қорды кіші жастан қалыптастыру қажет екендігін алға тартты. «Осыдан екі жыл бұрын біз неге күнделікті қолданысқа қажетті құралымызды қазақтілді етпейміз деген оймен қарапайым «Асығың алшысынан түссін» деген атпен қойындәптер жасап шығартқан болатынмын. Сұраныс бар. Мұның ішінде еліміздің картасынан бастап, күнтізбе, апта күндері, төл мерекелеріміз, қазақ тілді кітаптар атауы, күнделікті жоспар, қала, аудан аттары бәрі-бәрі қазақ тілінде жазылған. Бұл көзді де, тілді де үйрететін дүние. Бастысы бізде ана тілімізге деген жанашырлық болуы маңызды. Сонда ғана елге аянбай қызмет ете аламыз» деп тілге қатысты оң ұсыныстарды атады. Бұдан кейін мектеп оқушысы Рухаят Бекжігітқызы Нәсіпбек Айтовтың «Отан» өлеңін нақышына келтіре оқып, көрерменнің көзайымына айналды. Мереке аясындағы онкүндікте маңызды іс-шараларда белсенділік танытқан қызметкерлер «Тілдің мәртебесін арттырып, қолданыс аясын кеңейтуге үлкен үлес, өлшеусіз еңбек сіңірген азаматтар» ретінде «Қосшы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ басшысы Шәди Бақытбай, бөлім маманы Толқын Саттарқызы, «Қосшы су» шаруашылық жүргізу құқығындағы МКК Сату бөлімінің басшысы Әлия Қабылбекқызы, «Қосшы қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы Әлкен Тлеукенұлы, «Қосшы қаласының Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ басшысы Аслан Исағалиұлы, Қосшы қаласы мәслихаты, маман Саруар Қасымқызы, Қосшы қаласы бойынша Қазынашылық басқарма басшысы Серік Қайырбекұлы, «Жанұя» емханасының меңгерушісі Бақытгүл Райымбекқызы, мектеп мұғалімі Гүлжанат Бадешқызы, «Дара» мектебінің мұғалімі Еркебұлан Асқарұлы, заңгер Альбина Юрьевна, Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі курсының тыңдаушысы Ковтун Валентина, Анна Бойко, Қосшы қалалық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасының қызметкері А.Кемелбекова, Тілдерді оқыту орталығы оқытушысы Маржан Әбілқасым, Ханифа Шералиқызы, әдіскер Саулет Төкен сахна төрінде марапатталап, алғыс хатқа ие болды. Конференция соңында Қосшы қаласының өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, маңызды басқосуды жоғары деңгейде аяқтады.

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *