Ең үздік бейнеролик дайындаған отбасы анықталды

Руханият
view 195
news

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Менің отбасым – менің байлығым» атты байқау өтті. Аталған шараға әрбір қатысушы өздерінің отбасындағы құндылық жайлы ерекше бейнеролик дайындап жолдау қажет болатын. Шартты толықтай орындап, әділ-қазылар алқасының көңілін дөп басқандар іріктеуден озып шықты. Орталық басшысы Ақылбек Данабекұлы «Отбасы құндылығы қай заманда да, қай елде де мемлекет саясатының темірқазығы, ардақ тұтар қазынасы. Қоғамдағы әр отбасының босағасының беріктігі мемлекет іргетасының мығым әрі кемелдігінің кепілі саналады. Бүгінгі шараға қатысушы қай-қайсысыңыздың да орныңыз ерекше. Ұрпаққа үлгі болар еңбектеріңіз елене берсін!» деп қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді.

Ұсынылған бейнероликтерді қазылар алқасы іріктеп, жүлдегерлер анықталды. Бас жүлде иегері ретінде Жақсыбаевтар отбасы болса, бірінші орын тұғырынан Махановтар отбасы көрінді. Ал Мейіржановтар екінші орынға лайықты деп танылса, Қайырбаевтар, Жайбосыновтар отбасы үшінші орынды қанағат тұтты. «Баянды» мейрамханасы Бас жүлде иегерлеріне отбасылық кешкі асқа демеушілік көрсетіп, қолдау танытты. Шараға бір кісідей ат салысып, қатысқандар бағалы сыйлық, диплом, кубокпен марапатталды.

Бас жүлде иегері атанған Жақсыбаевтар отбасының анасы Гүлшат Замзатқызы «Өмірдің бар маңызы отбасы емес пе? Ғұмырымыздың ең маңызды дейтін сәті шаңырақ астында өтеді. Бүгінгідей шараның қоғамда алар орны ерекше. Ұйымдастырушыларға тек алғыс айтамыз. Әр отбасында шаттық пен береке үйлесім тапсын деп тілелейміз» деп қуанышын жасырмай, қалған қатысушыларды да жеңіс тұғырынан көрінулерімен құттықтады.

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *