ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ-ҮЛКЕН ЖАУАПТЫЛЫҚ

Сұхбат
view 1137
news

Азаматтар құқықтық сауаттылығының төмендігінен аляқатрға алданып, тиісті емес төлемдерді төлеп, сан соғып қалып жатады. Мамандардың сөзінше, тіпті кейбір тұрғындар көшедегі жолдың бойына өз көлігін қойғаны үшін ешкімге ақша төлеуге міндетті емес екенін білмейді. Арнайы униформадағы жігіттер келсе бірден, 50-100 теңгесін ұстата салатыны тағы бар. Мұнан өзге, кейбір тұрғындар алимент өндіруге арыз жазу үшін де осы қызметті ақысына ұсынатын желідегі маман көмегіне жүгінеді. Бұл қаражатты текке жұмсау. Себебі құқықтық білімін жетілдіріп, мұндай қызметті өз бетінше алуға да болады. Расында, бүгінде Қосшылық тұрғындар арасында ақылы заңгер кеңесіне жүгінетіндер қатары көп. Заң кеңесіне жүгінген қала тұрғындарының көбі алаяқтардың құрбанына айналғандар екен. Оның ішінде жер, баспана алып беремін, үйдің кезегін жылжытып беремін, ұлыңды оқуға түсіремін, қызыңды жұмысқа тұрғызамын деп ақшасын алып, алдап соғатындар азаймай тұр. Сонымен қатар, біреудің жеке мәліметтерін пайдаланып, екінші деңгейлі банктерден несие алатындар да көп.   Қосшы тұрғындарына құқықтық мәселеге қатысты ақпараттар мен кеңес беру мақсатында Халықаралық құқық магистрі, тәжірибелі заңгер Бағдат Амандосұлымен сұхбат жүргіздік: - Бағдат Амандосұлы, тәжірибелі заңгер ретінде азаматтардың құқықтық сауаттылығының деңгейін қандай деңгейде деп бағалайсыз? -Әрбір азамат өз құқықтары мен бостандықтарын білуі керек. Егер адамдар құқықтық сауаттылығы төмен болса, онда заңдар тиімсіз жұмыс істейді. Сондықтан, азаматтарының азаматтық-құқықтық позициясын қалыптастыратын құқықтық сауаттылықтың деңгейін белсенді түрде көтеру керек. Ол үшін Республикалық БАҚ арқылы заң көмегін көрсетелін көптеген жобалар тұрақты түрде көрсетілуде. - Жалпы сіздің заңгерлік қызметіңізге Қосшы қаласының тұрғындары жиі жүгінеді ме? - Әрине. Қазір ақпараттық технологиялар дамыған заманы. Сондықтан, Қосшылық тұрғындар әлеуметтік желі арқылы құқықтық кеңес алған. - Сізге көбінесе қандай өтінішпен жүгінеді? Өз құқығын білмегендіктен алаяқтарға жиі алданатындар саны көп пе? - Әртүрлі мәселелермен құқықтық кеңес алу үшін жүгінеді. Оның ішінде әйелдер алиментті борышкерден мәжбүрлеп өндіру, банктен немесе микроқаржы ұйымдардан алынған қарызды өтеу үшін арнайы бөлек өтеу кесте жасау, жеке сот орындаушымен қойылған түрлі бұғаттарды шешу, жәрдем ақыларды рәсімдеу мәселесі де бар. Сонымен қатар, алаяқтарға алданған адамдарда өте жиі құқықтық кеңес алады. Мәселен, күні кеше ғана бір бойжеткен, Астана қаласынан шетелге 10.000 теңге салып жібергенін айтып, менен құқықтық кеңес алды. - Қазір әлеуметтік желіде счетті арестен шығарамын, алиментке өтініш жазып беремемін деп ақысына қызмет көрсететін азаматтар көп. Тіпті олардың басым бөлігі заңгер де емес. Арыз жазуды сауаттылығын арттырып біреуге ақша бермей ақ жасауға болады емеспе? Осы тұста сауаттылықты қалай арттыруға болады? Кеңесіңіз? -Иә, өкінішке орай ондай фактілер кездесіп жатыр. Алайда құқықтық қызметке жүгіну үшін алдын-ала ол тұлғаның кім екенін әлеуметтік желілерден жан-жақты ақпараттар мен пікірлер жинап зерттеген абзал. Әрине біреулерге мекеменің қабырғасында тиісті формада ілулі тұрған толтырулы арызды көшіріп алу оңай. Дегенмен, талап арызбен сотқа жүгіну ол үлкен шығармашылықты қажет етеді. Сол үшін қандайда болмасын жазбаша арыз, өтініш немесе шағым жазу үшін бірнеше тәжірибелі заңгерден құқықтық кеңес алған дұрыс. Осылайша, өзіңіздің құқытық сауаттылығыңызды көтеруге де болады. - Қазір адвокаттар қызметінің бағасы өте жоғары. Ал заңгерлер қызметін алуға қарапайым халықтың қалтасы көтере ме? - Кез- келген маман өзінің қызметін өзі бағалайды. Оған шектеу жоқ. Дегенмен, адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы Қазақстан Республикасының заңының 26-бабына сәйкес құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін алуға барлық жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқығы бар. Яғни Құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі: 1) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға; 2) мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға; 3) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға; 4) жұмысына байланыс- ты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға; 5) Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға; 6) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға; 7) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі. - Сауатты, кәсіби білікті заңгерді қалай білуге болады? Кейде азаматтар берген ақшасына сай қызмет ала алмағанын айтып ренжіп жатады. -Қазір әлеуметтік желілерде адвокаттармен заңгерлер өздерінің қызметтерін жан-жақты жарнамалауда. Сол заңгерлердің жұмысына жазылған пікірлерді мұқият оқып алған соң, ғана заңгерді таңдау жасау қажет, Айтпақшы, ескертетін жайт, егер адвокат немесе заңгер өз тарапынан қандайда бір істің оң нәтижесіне, яғни ұтып беруіне жүз пайыз кепілдік беретін болса, онда ондай мамандардан сақ болу қажет. Себебі, мұндай уәделер сенім білдірушіні негізсіз тәуекелге ұшыратады. Сол үшін, заңгер істің ықтимал нәтижесін болжауға ғана құқылы екенін назарға алған жөн. Сонымен қатар, Адвокаттар көрсететін заң көмегіне істің нәтижесіне немесе адвокаттық қызметтің табысты болуына қарай ақы төлеу мөлшерін белгілейтін шарттарға немесе ұйғарылған соманың бір бөлігін адвокат алатын шарттарға жол берілмейді. Сонымен қатар, Адвокаттың немесе адвокаттық кеңсенің тиісті қаржы құжатын бермей, заң көмегіне, оның ішінде ауызша заң консультацияларына ақы төлеу және тапсырманы орындауға байланысты шығыстар есебіне қолма-қол ақша алуына жол берілмейді. - Құқықтық мәдениетті қалай қалыптастыруға болады? - Бұл мәселе мектеп табалдырығынан басталады. Атап айтқанда жеке тұлғаның жалпы “құқық” ұғымына деген объективті түсінік қалыптаствру қажет. Ұстаздар азаматтардың құқықтық тұрғыдан санасына оңды әсер ететін мәліметтерді үнемі қызықтырып оқытса, онда оның белгілі бір қоғамдық қарым-қатынасқа түсу барысындағы мінез-құлқынан оңды өзгерістерді байқауға болады. - Құқықтық сауаттылықты арттыру ісінде қандай олқылық бар? - Бұл сұраққа қысқа жауап беріп өтейін. Заңның тілі қарапайым халыққа түсінікті тілмен жазылу керек деп есептеймін. - Ал бұл ағаттықтарды жою үшін мемлекет тарапынан жаңа бағдарлама іске асыру қажет деп есептейсізбе? -Ия, отандық адвокаттар мен заңгерлер туралы кино фильмдер түсіру керек, мемлекет тарапынан тұжырымдамалық аппараты құру қажет. Сол кезде ғана халыққа заңның тілі түсінікті болады. - «Қосшылық тұрғындардың құқықтық тұрғыда сауатты болуы, жұмыскерге дұрыс талап қойып, заң аясында әділеттілікке жету қай кезде де маңызды. Әсіресе соңғы жылдары жұмыс берушінің тарапынан әрқилы заңсыз әрекеттер орын алып, жұмысшы қауымның зардап шегіп жатқанын жиі көрудеміз. Жұмыс ақысын ала алмай жүргендер қаншама? Бұл азаматтардың құқықтық сауатсыздығынан туындаған мәселеме? -Өкінішке орай, тиісті жазбаша шарт жасаспай еңбек қатынастарына түсу ол азаматтардың құқықтық сауатсыздығын білдіреді. Себебі, қолданыстағы Еңбек кодексінде жұмыс беруші мен жұмыскер арасындаға қатынастар тек еңбек шартымен ғана реттеледі деп айқындалған. Сонымен қатар, ол екі данада жасалған еңбек шартында жұмыс берушінің және жұмыскердің нақты құқықтары мен міндеттері, жұмыстың уақыты, ұлттық валютада еңбек ақының мөлшері т.б. көрсетілуі тиіс. Егер жұмыс беруші еңбек ақыны жұмыскерге өз уақытында толық көлемде бермесе онда жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады. Жұмыс беруші жұмыскерге берешек және төлем кідіртілген кезең үшін өсімпұл төлейтінін де айта кеткен жөн. - Жалпы, қазіргі кезде сот жүйесіне деген халық тарапынан сенімсіздік те жоқ емес. Осы тұрғыдан Қазақстанда әділ сот жүйесінің барын және әрбір азамат өзінің құқығын талап етуіне мүмкіндігі барын қалай насихаттап, түсіндірген жөн? - АҚШ өзінің әділ сотымен қабылданатын шешімдерімен бүкіл әлемге мақтанады. Бірақ ҚР соттармен қабылданатын шешімдер әділ болуы тиісті емес. Демек, ол шешім заңды болуы міндетті. Дегенмен,әр істің мәні бойынша бір тараптың пайдасына қабылданған соттың шешімі екінші тарап үшін әрқашан әділетсіз болуы мүмкін. Әлбетте, бұл адамның табиғатына тән құбылыс екенін естен шығармау керек. Қазіргі уақытта сот мекемелері заманауи техникалармен жабдықталған, яғни азаматтар өзінің құқықтары мен бостандықтарын сот тәртібі арқылы қорғауға толық құқығы бар екенін түсіну қажет. Сонымен қатар, заң мамандығы саласындағы жоғарғы оқу орындары сотпен қабылданған актілерді міндетті түрде студенттермен талқылап, оған профессорлық оқытушы құрам тарапынан пікірлер мен сындар білдірілсе, сот шешімдері дұрыс болар еді деген ойымды қосқым келеді.. -Сіздің тәжірибеңізде болған құқықтық, заң саласындағы ең даулы мәселені атап өтсеңіз? - Мемлекетпен соттасу мәселелері өте қиын. Алайда осы тұста, Алматыдағы бір мемлекеттік жоғарғы оқу орнының тиісті бұйрығымен шығарылған студентті сот арқылы қайта сол оқуға қабылдатқан болатынмын. 14 жыл бойы туу туралы куәлігі жоқ қыздың тиісті жеке басын растайтын құжаттарын алып беру бойынша көрсеткен құқықтық көмегім де есіме түсіп отыр. -Қосшылық жастардың құқықтық сауатын арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізген дұрыс? -Тиісті оқу орнындағы басшылықтың қолдауымен, арнайы өзекті құқықтық тақырыптар аясында жастарды білікті, кәсіби заңгерлермен кездестіру қажет. Осындай шараларды жиі ұйымдастырған жөн. -Ал жалпы қоғамның құқықтық сауаттылығын жоғары дәрежеге жеткізуде заңгерлердің атқаратын рөлі қандай? - Қазақстанның Конституциясындағы әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы барын басшылыққа алсақ, әрине заңгерлердің атқаратын рөлі зор деп айтар едім. Себебі,барлық қоғамдық қатынастар заңға келіп тіреледі. Осы орайда, әр саланы арнайы оқып, тоқып меңгерген мамандар бар, яғни бір сөзбен айтқанда, қоғамда әрбір саланың жетекші,білікті маманы өз орнын тапса, кез-келген мәселенің шешімін тауып, алдын алуға болады. - Қалай ойлайсыз, мектеп бағдарламасына құқықтық сауатты меңгеру сабақтарын енгізген дұрыс па? - Бұл ақылға қонымды өте дұрыс бағдарлама болушы еді. Сонымен қатар, ол сабақты тек ғана заң мамандығы бар маман жүргізуі тиі. Сол кезде жастардың құқықтық сауаттылығы әлде қайда көтерілетін еді. Сәйкесінше, қоғамда құқықтық мәдениеттіліктің орын алуына септігін тигізеді деп есептеймін. - Сұхбатыңызға рақмет.

Азиза Өтеулиева

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *