ШӘКІРТТЕРІ ТОП ЖАРҒАН ОРТАЛЫҚ
Сұхбат
1215
Деструктивті ағымдардың алдын алу жұмысы бағытында уағыз-насихат, ағарту жұмысымен қатар, мамандардың біліктілігі мен білімі де маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Қазір діни мамандар дайындау жөнінен елімізде толықтай мүмкіндік жасалған. Айталық, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты оннан астам медресе, 7 қарилар дайындау орталығы, мен Имамдардың біліктілігін жетілдіру институттары бар. Бұл мекемелер білікті діни кадрлар дайындау, халықтың діни сауаттылығын көтеру, дұрыс діни насихаттың үздіксіз жасалуы үшін өте маңызды діни оқу орындары болып табылады. Оның бірі - Қосшы қаласында 2010 жылы ашылған «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығы» болып табылады. Жас қалада орналасқан орталықта білім алған қарилар республикалық додада топ жарып жүр. Қуантарлығы, соңғы төрт жылдан бері Қосшыдағы республикалық қарилар дайындау орталығының шәкірттері дәстүрлі республикалық құран жаттау байқауында бас жүлдені иемденіп келеді. Биыл Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІ республикалық байқауы мәресіне жеткен еді. 80 үміткер қатысқан байқаудың жеңімпазы Қосшыдағы республикалық қарилар дайындау орталығының шәкірті Иманәлі Мырзагелді атанып, оған демеушілер есебінен автокөлік табысталған болатын. Ел ішінде Қарилар мектебі аталып, асыл дінге ден қойған білімді жастар арасында биік мәртебеге ие орталықтың жұмысы туралы ақпарат алу үшін, Қосшы қаласындағы Республикалық қариларды дайындау орталығының директоры, Садуахас қари Олжабай Сағындықұлымен сұқбат жүргіздік.
- Садуахас қари Олжабай аға, Қосшы қаласындағы қариларды дайындайтын орталықтың тарихыны шолу жасасақ. Мекеме өз жұмысын қашан бастады?
-Қосшыдағы республикалық Қарилар орталығы елімізде ресми түрде жұмысын бастаған алғашқы орталықтың бірі. Біздің мекеме, 2010 жылдың 30 қазаны күні ашылған болатын. Уақыт өте келе діни беру мекемесінің атауы ҚМДБ шешімі бойынша «Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Туркистани» республикалық қарилар дайындау орталығы» діни бірлестігі болып өзгертілді. Орталықтың бағытына сәйкес Құран, Құран тәпсірі, тәжуид, ақида, хадис секілді пәндер оқытылады. Барлық пәндер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен келісілген. Оқу бағдарламасына сәйкес 3 жыл болып бекітілген. Негізінде құранды толық жаттап шығып және оны тарауиx намазында құранға қарамастан бастан-аяқ оқып шыққан адам ғана толық қари атанады. Әрине, бұл оңай шаруа емес екендігі бесенеден белгілі. Әйтсе де әрекет бар жерде берекет бар.
- Республика көлемінде өтетін қарилар сайысында Қосшыдағы орталықтан білім алған шәкірттер топ жарып жүр? Жетістіктермен бөлісіп өтсеңіз?
- Расында, біздің шәкірттер үшін тағы бір мотивация – елімізде тұрақты түрде республикалық Құран жарысының ұйымдастырылуы деп атар едім. Аллаға шүкір, қарашаңырағымыз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен жыл сайын тұрақты түрде Құран жарысы өтеді. Аллаға сансыз шүкірлер болсын, осы республикалық жарыста соңғы 4 жыл бойы біздің шәкірттер бас жүлдеге ие болып жүр.. Әрине, қариларымыз марапат немесе қаржылай сый-сияпат үшін Құран жаттамайды. Десе де, оларға Құран жарысында автокөлік, қомақты қаржылай сыйлық беріледі. Бұл – үлкен қолдау. Әрине, республикалық сайыста бас жүлдеден бөлек, жүлделі 2-3 орын алған шәкірттеріміздің саны да көп. Бұдан өзге, қарилар сайысы Қосшы қаласында да өткізіледі. Құран 30 парадан тұрады ғой. Әр парада 20 бет болады. Қосшыдағы мешітте 1 парадан жастар арасында байқауды ұйымдастырып тұрамыз. Бұл іріктеу сайыстары десекте болады. Себебі Қосшыда өткен байқауда жеңімпаз болғандар облыстық, республикалық додаларда бағын сынайтын болады.
- Кітапқа қарамай, Құранды жатқа айта білу – қарилықтың басты шарты. Жалпы бұл қалай игеріледі?
-Түркия, Пәкістан, Араб елдері, Орта Азияның Құран жаттаудың мектептері бар. Мысалы, біздің Орта Азия мектебінде Құранды әуелі бір рет жаттап шығады. Одан кейін екінші рет 5, 10, 20 беттен пысықтап, жаттаған аяттарды толық есте сақтауға күш салады. Қасиетті кітаптың 20 бетін жаттап, пысықтап шыққан адам бір параны толық біледі деген сөз. Орта Азия мектебінде жаттаған беттерді шетінен ұстазға тапсырып отырады. Біздің қарилар орталығында оқитын шәкірттеріміз жаттаған Құранын осы әдіспен ұстаздарына тапсырады. Бұл кейде таңнан кешке дейін уақыт алады. Ал Түркия мектебі бойынша, шәкірт әр параның соңғы бетінен бастап жаттайды да екінші айналымда бет санын қосып, бір параға толтырып отырады. Бұл да жақсы тәсілдің бірі. Кім қандай тәсілмен жаттаса да өз еркі. Ең бастысы Құранға деген махаббаты, оны жаттауға деген ынты-ықыласы болса жеткілікті. Біздің оқыту жүйемізде құранды жаттағанын қайталап отырады.
- Жамағат мешітке жиналып, ізгі әрі сауапты амалдардың бірі Құран Кәрімнің хатым дұғасы жасалады. Рамазан айында Құранды жатқа білетін қариларға үлкен міндет жүктелетіні белгілі. Осы тұста орталықтан түлеп ұшқан ең жас қари нешеде?
- Жыл сайын Қосшыдағы қариларды дайындайтын орталықтан білім алған 10-ға жуық шәкірт қари атанып шығады. Жалпы оқыту жүйесіне орай бағдарлама 3 жылды қамтиды. Дегенмен, Құранды толық жаттау әр шәкірттің өзінің ынтасына, қабілетіне байланысты болады. Біздің орталыққа 6 жаста келген шәкіртіміз, биыл республикалық байқауда бас жүлде иегері атанған болатын.
- Сонда қариларды дайындау орталығына шәкірттерді неше жастан бастап қабылдайсыздар?
- Орталық мамандары осыған дейін, мектеп оқушыларын, яғни 1 сыныптан бастап шәкірттерді қабылдап, білім берген. Әрине, Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, мектеп жасындағы шәкірттер міндетті түрде мектеп оқулары тиіс жəне сонымен қоса құранды жаттауға мүмкіндік алған. Мектеп оқушылары мектеп сабағынан босаған уақытта құран жаттауға кірісетін. Оларға үй сабақтарын дайындайтын арнайы мұғалімдер де тағайындалған болатын. Алайда қазір ереже өзгерді. Жаңа нұсқамаға сәйкес, қазір қариларды дайындайтын орталықта мектеп оқушыларын емес, білім ұясын аяқтаған азаматтарды оқытуды қолға қалған.
-Қазақ халқының игі дәстүрінде қариға деген құрмет ерекше. Жалпы біздің қоғам қариын қаншалықты қадірлеп жүр деп ойласыз?
– Аллаға шүкір, біз имамын, қариын қолдаған, оған құрмет көрсетіп, төрін ұсынған мұсылман халықпыз. Жиын-кездесулерге барсаң, жамағат ерекше құрмет көрсетіп, ілтипат білдіріп жатады. Бұл – Құранға деген құрмет. Біздің ата-бабаларымыз Құран үйрететін ұстазды арнайы алдырып, балаларына дәріс беруді дәстүрге айналдырған. Осы тұста айта кететін жайт, елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен «Әр мешітке – бір қари» деген керемет жоба жүзеге асып келеді. Бұл дегеніміз кез-келген мешітте бір қари болу керек деген сөз. Сол қариларымыз мешітке келген жамағатқа Құран оқуды үйретіп, сауапты амалдарға үлес қосуда. Біздің орталықтағы мамандар да Құран жаттаған шәкірттердің қатарын көбейтуге ат салысып келеді. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда баласын қарилар орталығына бергісі келетін ата-аналардың саны артуда. Бұл жағдай бізді де қуантады. Себебі орталықтан білім алған шәкірттеріміз дәстүрлі дінді насихаттап, жастардың жат ағымның жетегінде кетпеуіне өз септігін тигізеді. Ендеше сөз соңында, Құранмен өмір сүрген, оған амал еткен, екі дүние бақытына кенелген пенделерінен еткей деп тіледім. Әмин!
– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет!
Азиза Өтеулиева
Пікірлер (0)