ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ - ТӘУЕЛСІЗДІК БАСТАУЫ

Сұхбат
view 1239
news

Биыл ұлт тарихының айшықты сәті Тәуелсіздігіміздің 31 жылдығы мерекесі мен желтоқсан оқиғасының 36 жылдығы. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Бар бақытымыздың бастауы, тыныш ұйқы мен уайымсыз күлкі тәуелсіздікпен байланысты екені даусыз. Осы тұста, егемен ел болып, еңсемізді биік ұстап жүруімізге мүмкіндік жасаған Желтоқсан құрбандары мәңгілік жадымызда. Қосшы қаласындада Тәуелсіздік мерекесі - желтоқсан оқиғасы кезінде тәуелсіздік алуға ықпал еткен ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуде. Осы орайда, аталған бағыттағы жұмысты қолға алған,Желтоқсан көтерілісінің куәгері, Қосшы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Даметкен Бекова Мұхамедияқызымен сұхбаттастық. - Дәметкен Мұхамедияқызы, әңгімені желтоқсан көтерілісінің қалай өткергеніңізден бастасақ? Оқиғаны баяндап берсеңіз. - Мен сол кезде 30 жаста болатынмын. Жас депутаттың бірі едім. Желтоқсан оқиғасы орын алған күні Мәскеу- Минск ағытындағы поезда болдым. Ол купенің ішінде Ресей, Украина, Өзбекстан елдерінің азаматтарыда болды. Желтоқсан көтерілісі туралы поезда кезде хабарламадан естідік. Бастапқыда әуен ойнап тұрдыда, кенеттен музыка тоқтап қалды. Сонда хабарламада, биліктің ауысқанын біліп, Алматы қаласындағы көтеріліс жайлы ақпаратты естідік. Купенің ішінде отырған жастардың барлығы наразылық білдірді. Бірін-бірі танымайтын қыздар мен жігіттер бір әке-шешеден туғандай бірін-бірі жанын беріп қорғаған оқиғаларды естідік. - Ресми деректер бойынша Желтоқсан көтерілісіне 30 мыңнан аса қазақ жастары қатысқан. Қазір көзі тірі желтоқсаншылармен бас қосып тұрасыздарма? - Елім, жерім деп бас көтеріп, қайсарлық танытқан ержүрек жастарымыздың, қаракөз қыздарымыздың біршамасы сол уақытта оқудан шығып қалды. Жұмысқа орналаса алмай жүргендері де көп болды. Мен 2002 жылы республика бойынша желтоқсаншылармен кездесу шарасын мұражайда өткізген болатынмын. Содан бері бұл шара игі дәстүрге айналып кетті. Әрине, бүгінгі таңда желтоқсан көтерілісіне қатысқан көптеген азаматтармен арласып тұрамын. - Желтоқсанның ашылмаған қандай шындығы бар? Біз бір нәрсені мойындауымыз керек, желтоқсан оқиғасы емес, ол көтеріліс болды. Бұл жерде басты талап билікті орнынан кетіру мақсаты болды. «Әр халыққа өз басшысы» – ең алғашқы тәуелсіздік идеясы деп есептеймін. 2016 жылы Астанада «Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» деп аталатын халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткен болатын. Конференцияда бірқатар айтылмаған шындықтар айтылды. Польшалық ғалым Владислав Соколовский Польшаның оппозицияшыл топтары Желтоқсан оқиғасына қолдау көрсетіп, Қайрат Рысқұлбековке арналған астыртын марка шығарғанын жеткізді. Мондай-ақ олар, халықаралық ұйымдарға Рысқұлбековті өлім жазасына кеспеуге ықпал етуді сұрап хат жолдаған. Қырғызстандық студенттер өз елінде бізді қолдап, бейбіт шеру ұйымдастырды. - Бүгінде желтоқсаншыларға нақты қандай көмек көрсетіліп жатыр? - Желтоқсан көтерілісінен кейін 36 жыл өтті. Тәуелсіз елімізде барлығы өзгерді. Сотталған желтоқсаншылар ақталды. Содан кейі, олар қазір жұмысқа да орналаса бастады. Деседе, оларға моральдық-материалдық тұрғыда әліде көмек көрсетілу қажет деп есептеймін. Қателеспесем,қазір желтоқсан оқиғасының қатысушыларына санаторлық-шипажайға арнайы жолдама беріліп жатыр деп естідім. - Биылдан бастап 16 желтоқсан — құрбан болғандарды еске алу, тағзым ету күні болып бекітілді. Сіз мұны қолдайсызба? Әрине қолдаймын. Біздің жас буын 36 жыл бұрын болған оқиғаны білуі қажет. Себебі Желтоқсан көтерілісі - Тәуелсіздіктің бастауы болды деп айта аламын. Біз батырларымызбен мақтанамыз. - 16 - желтоқсан Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, Қосшыда қандай іс-шаралар өтті? - ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында, 13 желтоқсан, Қосшы қаласының № 2 орта мектебінің тарих пәні мұғалімдері мен орталық кітапхана ұйымдастырған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушылармен бірлескен іс - шара өтті. Біз «Тәуелсіздік - елімнің еркіндігі» атты кездесу өткіздік. Кездесуге Астанадан белгілі тұлғалар, желтоқсан көтерілісінің қатысушылары, мүсінші Тоқтар Ермеков және ақын Сағнаев Асқар Шаяхметұлы келді. Шараға 9,10,11 сынып оқушылары арнайы қатысты. Желтоқсаншылар тағылымды, жастарға ой саларлық тарих парақтарынан сыр шертіп, тарихи шындықты қайта түлетті. Сондай-ақ, ұлттық рух, ұлттық тіл, ұлттық тарих пен намыс мәселесін кеңінен қозғап, өскелең ұрпаққа құндылық етер дүниелерді жіктеп берді. Қонақтар мен көрермендер назарына қаза тапқан желтоқсаншылар - халық Кахарманы Қайрат Рысқұлбеков пен Ләззат Асанованың өмірінен алынған көріністерді тамашалады. Мұндай тағылымды шаралар Қосшы қаласында жалғасын табатын болады. - Бізге уақыт тауып сұбат бергеніңізге рақмет, аман жүріңіз! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Желтоқсан оқиғасының басты жеңісі һәм жемісі – Тәуелсіздік. Ал желтоқсаншылар – сол майданның маңдайы жарқыраған сарбаздары. Желтоқсан дарытқан ірі ұлттық мінезді қазіргі жастардың бойынан көру үшін Қосшы қаласының орта мектептері мен ЖОО-да патриоттық тәрбиені нақты осы тарихи оқиғамен ұштастыратын іс шара легі ұйымдастырылады.

Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *