Салық заңнамасында қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Қосшы жаңалықтары
view 275
news

Өздеріңіз білетіндей, мүгедектігі бар адамдар халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады, ал мемлекет өз кезегінде оларға түрлі жеңілдіктер береді. Еңбек заңнамасындағы жеңілдіктер: Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ҚР ЕК) 69–бабының 3- бөлігіне сәйкес I және II топтардағы мүгедектігі бар жұмыскерлерге аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді. ҚР ЕК-нің 89-бабының 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес I және II топтардағы мүгедектігі бар адамдарға ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары беріледі

ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінде (бұдан әрі – ҚР ӘҚБтК) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын не оның бір бөлігін қатарынан екі жыл бойы бермегені үшін (ҚР ӘҚБтК 88-бабы) және жұмыс уақытының қалыпты және қысқартылған ұзақтығын заңсыз асырғаны үшін (ҚР ӘҚБтК 89-бабы) жұмыс берушінің жауапкершілігі көзделген.

Жоғарыда көрсетілген жеңілдіктерді беруден бас тартқан жағдайда, Сіз Ақмола облысының еңбек инспекциясы басқармасына жұмыс берушіні әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қойып жүгіне аласыз. Салық заңнамасындағы жеңілдіктер: ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (бұдан әрі – ҚР СК) 490-бабының 3-бөлігінің 6-тармақшасына, 526-бабының 2-бөлігінің 2-тармақшасына сәйкес мүгедектігі бар адамдар көлік құралдарына (меншіктегі мотоколяскалар мен автомобильдер бойынша – салық салу объектісі болып табылатын бір автокөлік құралы бойынша) және жеке тұлғалардың мүлкіне (тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жер учаскелері бойынша; үй жанындағы жер учаскелері бойынша; құрылыс алып жатқан жерлерді қоса алғанда, жеке үй (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, бағбандық және саяжай құрылысы үшін берілген жер учаскелері бойынша; гараждар алып жатқан жер учаскелері бойынша) салық төлеушілер болып табылмайды. ҚР СК-нің 616-бабының 13-тармақшасына, 617-бабының 4-тармақшасына, 622- бабының 4, 5-тармақшаларына сәйкес мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі соттарда (барлық істер мен құжаттар бойынша), нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде, паспорттар мен жеке куәліктер берген кезде, автокөлікке мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін беру кезінде мемлекеттік баж төлеуден босатылады. ҚР СК 346-бабының 1-бөлігінің 2, 3-тармақшасына сәйкес стандартты шегерімдер АЕК-тің 882 еселенген мөлшері (күнтізбелік жыл үшін) болып табылады, бұл адамның бірінші, екінші немесе үшінші топтағы мүгедектігі бар адам, сондай-ақ мүгедектігі бар баланың ата-аналарының бірі болып табылады (яғни егер сіздің жылдық табысыңыз 882 АЕК-тен аспаса, онда сіз ЖТС төлеуден босатыласыз). Өзіңізге және жақындарыңызға қамқорлық жасаңыз!

Ақмола облысының прокуратурасы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *