Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза бір жыл бұрынғы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында саяси жүйе мен елдің әкімшілік-аумақтық құрылымына ауқымды өзгерістер енгізу керектігін айтқан болатын. Енді уақыт өте келе осы реформалардың ел өміріне қаншалықты жаңашылдық әкелгенін сараптап көрейік.
Ең алдымен еліміздің басты құқықтық құжаты – Ата Заңымызға түзетулер мен толықтырулар енгізілгенін атап өткен жөн. Аталған өзгерту жалпыхалықтық референдум арқылы бүкіл қазақстандықтардың талқысына салынды. Осыдан кейін 5 маусымда еліміздегі дауыс беру құқына ие 8 миллионға тарта отандастарымыз өздерінің тағдыршешті таңдауын жасады. Дауыс берушілердің 77 пайыздан астамы Конституцияға енгізілген түзетулерді қолдады. Соның нәтижесінде, Ата заңымыздың үштен бір бөлігі жаңартылды.
Президент саяси реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру үшін «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын ұсынды. Ол заң шығарушы орган ретінде Парламенттің рөлін күшейте түсті. Парламенттің ықпалын арттыра отырып, сонымен қатар Президент өзінің өкілеттігін біртіндеп қысқартты. Сөйтіп, жоғары палатаның дербестігін кеңейтілді. Мемлекет басшысы Сенаттағы Президент квотасын 15 депутаттан 10-ға дейін кемітті. Одан бөлек, 5 сенатордың кандидатурасын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынатын болды. Бұрындары Ассамблея Мәжіліс депутаттарын ұсынып келген еді, енді ол квота Сенатқа ауысты. Енді Ассамблеяның депутаттарды сайлау құқығы шектеліп, тек ұсынатын ғана болды. Сондай-ақ Сенатқа Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Сот Кеңесі төрағасы ұсыну өкілеттігі берілді. Бұл құқық Конституцияның жаңа мәтінінде жазылып көрсетілді.
Президенттің саяси реформалау ісі сайлау жүйесін жетілдіруде де айрықша көрініс тапты. Бұл жерде қазақстандықтардың мемлекетті басқару ісіне белсене араласуына баса назар аударылды. Жаңадан сайланған Мәжілістің құрамы 70 пайыз жаңарып, Жоғарғы заң шығарушы органға жаңа тұлғалар келді. Аралас сайлау жүйесі арқылы жасақталған депутаттық корпустың 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсіл арқылы мандатқа ие болды. Бұл тәсіл жұртшылықтың қызығушылығын тудырып, саяси додаға жаңа партиялар қатысты. Бұрындары кез келген саяси науқанда «Аmanat» жеке дара қара үзіп келуші еді, енді сайлауға 7 партия түсіп, бәсекені қыздырды. Мұндағы 2 партия сайлаудың алдында ғана тіркелгенін де айта кету маңызды.
Президент былтырғы Жолдауында Жаңа Қазақстанды құру ісі әділетті әрі еркін саяси бәсекеден басталатынын айтқан еді. Сол себептен партиялық жүйені дамытуға ден қойды. Президенттің нұсқауы бойынша жаңа партияларды тіркеу ресімі оңайлатылып, ендігі кезде саяси ұйымдарды тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың дауыс берушіге дейін кемітілді. Өңірлік жерлердегі өкілдер 600-ден 200 адамға азайды. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны да 1 000-нан 700 адамға дейін қысқарды.
Президент сайлау үрдісін жетілдіру үшін де біршама тың бастамаларды қолға алды. Ең алдымен, сайлауалды үгіт-насихатын онлайн платформада жүргізуге мүмкіндік берілді. Одан бөлек, сайлау заңнамасына да бірқатар толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Мұның бәрі сайлау процесін жетілдіруге септігін тигізіп, дауыс берушілердің бірыңғай электронды базасын құруға жол ашты. Сол арқылы сайлаушылар екі рет дауыс бере алмайтын болды және азаматтардың кез келген учаскеде дауыс беруіне жағдай жасады.
Тағы бір айта кететіндігі, облыс әкімдерін тағайындауда мәслихаттардың рөлі күшейтілді. Бұған дейін мәслихат депутаттары республикалық және облыстық мәртебесі бар қала әкімдерін тағайындауда мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатқа дауыс беретін болса, ендігі жерде президент пәрменімен тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілген соң, әкім лауазымына кемінде екі кандидат ұсынылатын болды. Оларды таңдау құқы мәслихатқа жүктеледі.
Жыл басынан бастап Конституциялық Кеңес Конституциялық Сот болып алмастырылды. Бұдан былайғы уақытта жаңа құқықтық институт қызметіне қарапайым азаматтар, Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл жүгіне алатын болды. Құқықтық мемлекет құру ісіндегі тағы бір тың бастама сот төрелігін жүзеге асыруға алқа би ретінде қоғам өкілдері де қатысу мүмкіндігін алды. Сондай-ақ алқабилердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейтіліп, сот жүйесін демократияландыруға басты қадам жасалды. Бұл сот төрелігіне деген қоғам сенімін арттыра түсті.
Президент тапсырмасымен Ұлттық құрылтай құрылды. Оның құрамына барлық өңірлердің өкілдері кірді. Сондай-ақ әкімшілік аумақтық құрылымға ауқымды өзгерістер енгізілді. Жаңа бөліністер өңірлердің әлеуметтік-экономикалық факторлар мен демографиялық ахуалын ескере отырып жасалды. Қарағанды, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарын бөлу арқылы Ұлытау, Жетісу, Абай облыстары құрылды. Бұл өңірлердегі мәселелерді оңтайлы шешуге септігін тигізді. Біз санамалап шыққан жаңашылдықтар мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық өміріне елеулі өзгерістер әкеліп, халықтың тұрмысын жақсартуға көп септігін тигізе бастады. Бұл тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де Жаңа Қазақстанды құрудың тың бастамасы болды.
Дәулет АСАУ
Пікірлер (0)