Жалған ақпарат таратушылар жазалануы тиіс

Редакция таңдауы
view 240
news

«Блогерлердің 60-70 пайызы жалған ақпарат таратады, хайп қуғандар» дейді депутат. Парламент Мәжілістің жалпы отырысында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы фракциясы өкілі, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Анас Баққожаев блогерлер мәртебесі жайлы мәселе қозғап, кейбір жалған пікір айтып, қоғамның шырқын бұзатын адамдардың іс-әрекетіне шүйлікті. «Осыдан он шақты жыл бұрын «блогер» деген сөз қазақ қоғамына алғаш енгенде, біз оларды сапалы контент жасайтын жас мамандар деп қабылдаған едік. Алғашында бәлкім солай болған да шығар, бірақ қазір «блогер» деген кім? Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар. Өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі шын мәнінде блогтың не екенін түсініп жүр деп айта алмаймыз. Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі «хайп» ұйымдастырып әлек», - деді Анас Ахатұлы. Ол салауатты қоғамда тек журналистер мен блогерлер ғана емес, кез келген адам жауапкершілікті сезінуі тиіс. Өйткені абайсызда айтылған бір сөз басқа біреудің жанын жаралап, өміріне зиян тигізуі мүмкін екенін жеткізді. Депутат дәл осындай блогерлердің талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болғанын еске салды. Оның айтуынша, осындай алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасап, қаншамасы денсаулығынан айрылды, тағы қаншасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! «Олардың обалы кімге? – деп қынжылады депутат. – Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің әлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бәріңізге мәлім.Жеке азаматтардың ішкен-жегенін, киген киіміне дейін аңдып, қоғамда кибербуллинг жасап жүрген блогерлер тобы тағы бар.Өкінішке қарай, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады, олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Сондай-ақ, осы блогерлердің сөзіне сеніп, шетелге күңдікке түскен қыздарымыз қаншама?!». «Он күнәнің тоғызы тілден» демекші, көпшілік жерде айтылған, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған жаңсақ пікірлер мен жалған ақпараттардың зияны орасан. Мәжілісменнің мәлімдеуінше, бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де өте қауіпті құбылыс. Депутат мұның бәрі біздегі заңнамада блогер мәртебесі айқындалмағаннан көреді. «Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар әрине, ойына келгенін істейді.Көпке топырақ шашудан аулақпын. Халыққа шын жанашыр блогерлер де біздің елде жоқ емес. Көпбалалы жалғызбасты аналарға, мүгедек жандарға жәрдем беріп, әлеуметтік желі арқылы халыққа пайдасын тигізіп жүрген жерлестеріме тек бас иемін. Оқырманға қызықты әрі пайдалы ақпарат таратып, жеке блогын жүргізіп жүргендерге де айтар дауымыз жоқ. Бірақ әлеуметтік желілерін пайдаланып, азаматтар мен ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделеріне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін оларға қолданылатын шара қарастырылмаған. Сол себепті оларда ешқандай жауапкершілік жоқ. Артын зерттеп, шындық па, жоқ па, бас қатырмайды. Бастысы шу, бастысы сөз болса, болды», - деді ол. Анас Баққожаев атап өткендей, ондай блогерлер біреудің жеке басына тиісе кеткенді әдетке айналдырған. Көпе-көрнеу жалған ақпарат таратушыларды өзі де талай кездестірген екен. Мұндай адамдардың кесірі өз жұмысын сапалы атқарып жүрген, сауатты блогерлердің атына кір келтіретін көрінеді. «Сөз бостандығы деген осы ма? Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз жүр. Олардың білімі де, талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – әдепті, сондықтан да жұмыссыз. Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деп тапсырған болатын. Алайда бұл заңның әлі дайын еместігін көріп отырмыз. Сондықтан біріншіден, аталған заң жобасына жауаптылардың әрекетіне тиісті баға берілуі керек. Екіншіден, тез арада БАҚ туралы заңды пысықтап, Мәжілістің ашық талқылауына енгізу қажет», деп сөзін қортындылады. Депутат ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінетін уақыт жеткенін айта келіп, бұл мәселе БАҚ туралы заң жобасының аясында дереу қарастырылуы керектігін ескертті. Себебі жауапкершілікті түсіне алмайтын блогерлердің саны уақыт өткен сайын артып келеді. Егер жалған сөз таратушыларға заң бойынша тосқауыл қойылмаса, қоғамдағы бұл дерт асқынған үстіне асқына бермек.

Дәулет АСАУ 

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *