Айдын Төребаев: Қосшының дамуы және басты мәселелер

Қосшы жаңалықтары
view 613
news

Фотосурет Қосшы қаласының әкімдігінен алынды

Қосшы қаласының сегізінші шақырылған мәслихатының отыз тоғызыншы кезекті сессиясында Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Айдын Төребаев 2024 жылы жасалған жұмыстары туралы есеп берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ

Былтыр Ақмола облыстық мәслихатының 8 отырысына, оның ішінде 4 кезектен тыс отырысқа қатыстым. Менің бастамам бойынша облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының алғашқы отырысы 2024 жылдың ақпанында Қосшы қаласында өтті.
Бұл маңызды кезең болды, себебі осы отырыста жас қаладағы мәселелер қаралып, Қосшының проблемаларына назар аударуға және облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлуге ықпал етілді. Облыстық мәслихаттың жұмысы нәтижесінде өңіріміздің өмірінің маңызды аспектілерін қамтитын 79 шешім қабылданды.
Қосшы қаласындағы жұмысымның негізгі бағыттары:
Білім. 2024 жылы Қосшы қаласындағы Абай көшесінде жаңа № 4 мектеп ашылды. Бұл білім ордасы бұрынғы мектептердегі жүктемені айтарлықтай азайтып, балалар үшін сапалы білімге қолжетімділікті жақсартты. Мектептің уақытылы ашылуын қамтамасыз ету мақсатында облыстық Құрылыс басқармасына бірнеше рет сұраныс жіберіліп, жиналыстар өткізілді. 
Сонымен қатар халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жаңа мектептер мен балабақшалар құрылысы талқыланды. 2025 жылғы бюджетте 280 орындық балабақшаның құрылысын аяқтауға қаржы бөлу қарастырылған.
Денсаулық сақтау. 2024 жылы Қосшы қаласындағы медициналық мекемелердің жұмысын жақсарту үшін 4 жедел жәрдем автокөлігі бөлінді.
Емханаларда кейбір дәрі-дәрмектердің болмауына байланысты олардың ақшасын қайтару мәселесін көтердім. Бұл тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселені назарға алды.
Қалалық №1 емхананың жабдықталуы мәселесін көтердім. Нәтижесінде, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тиісті шаралар қабылдады. Алайда емхананы МРТ және КТ аппаратымен жабдықтау мәселесі әлі де менің бақылауымда.
Ветеринария. Ветеринария басқармасымен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, Тайтөбе ауылында ветеринарлық пункт ашылды. Бұл жергілікті тұрғындарға сапалы ветеринарлық қызмет көрсетуге және өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға ықпал етеді.
Көлік. Қосшы қаласындағы жолдардың жағдайын жақсарту үшін 1,8 миллиард теңге бөлінуіне ықпал еттім. Бұл қаражат қала инфрақұрылымын дамытуға және қыс мезгілінде қар тазалау жұмыстарына арналды. Бұрын мұндай көлемде қаржы бөлінбеген еді.
Газдандыру. Қазіргі уақытта қалада газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін барлық үйлер мен әлеуметтік нысандар газ желісіне толық қосылады, бұл тұрғындардың өмір сүру жағдайларын айтарлықтай жақсартады.
Өрт сөндіру саласы. Қаладағы өрт сөндіру депосы құрылысының аяқталуына ерекше назар аударудамын. Бұл төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге және жалпы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Электр энергиясы. Қаланың электрмен қамту мәселесінде бірнеше проблема бар, оның ішінде шамадан тыс жүктемеге байланысты желілерде апаттар жиі орын алады. Негізгі себеп – инфрақұрылымның тозуы: 215 трансформаторлық станция мен 385 км электр желісі мемлекеттік орган балансына жатады және оларды жаңарту қажет.

Осыған байланысты менің бастамаммен келесі жобалар қарастырылуда: 


1. 2025–2026 жылдарға арналған жаңа электр желілерінің құрылысы (4-кезек).
2. 2025–2027 жылдары 63 МВт қуаттылығы бар 220/110/10 кВ станциясын салу.
3. 2025 жылы Солтүстік 110/10 кВ станциясын 40 МВт-тан 63 МВт-қа дейін кеңейту.
4. Желілер мен станцияларды «Ақмола-РЭК» АҚ басқаруына беру.

Әлеуметтік мәселелер және тұрғын үй. 45 пәтерлік үйдің құрылысын аяқтауға қаржы бөлу мәселесін көтердім. Қазіргі таңда қаражат бөлініп, нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер, көпбалалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға тұрғын үй бөлу мүмкіндіктері қарастырылуда.
Инфрақұрылым. Қаладағы су қамтамасыз ету жүйесін жақсарту және кәріз тазарту қондырғылары (КОС) мәселелерін шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
 Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатында колледж және мәдениет үйінің құрылысын жүргізу. Бұл нысандар өңірдің мәдени-әлеуметтік дамуына маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және сот органдары үшін жаңа ғимараттар салу мәселесін қарастыру қажет.
Бюджет жоспарлауы. 2024 жылы бюджетке 7 рет өзгеріс енгізілді. Бұл қаражаттарды қайта бөлу арқылы шұғыл мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Аудандық және қалалық бюджеттерді үш жылға жоспарлау жүйесі енгізілді. Бұл бюджет қаражатын тиімді жұмсауды бақылауға мүмкіндік береді.
Су тасқыны.  Былтыр облыс күрделі су тасқыны жағдайымен бетпе-бет келді. Барлық қызметтер, белсенділер, кәсіпкерлер және депутаттар зардап шеккендерге көмек көрсетуге жұмылдырылды. Алайда осындай табиғи апаттарға дайындық деңгейін арттыру қажет.
Сөзімді қорытындылай келе айтарым, 2024 жылы атқарылған жұмыстар Қосшы қаласы мен бүкіл өңірдің тұрақты дамуына бағытталды. Әлеуметтік қолдау шаралары, өзекті мәселелерді шешу, инфрақұрылымды жаңғырту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізді. Облыстық мәслихат депутаты ретінде өңірдің басқа да аймақтарындағы жағдайды бақылап отырамын. Құрылыс, медицина және әлеуметтік нысандардың сапасын қадағалап, тұрғындардың сұраныстарына жауап беруге тырысамын. Алдағы уақытта өңіріміздің одан әрі дамуына үлес қосу үшін өзекті мәселелер бойынша жұмысымды жалғастырамын.

Айдын Төребаев,
Ақмола облыстық 
мәслихатының депутаты 

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *