Алты Алашқа аты мәлім Ақан серінің махаббаты Ақтоқтының тігін машинасы бүінде Ақмола облыстық «Әдебиет және өнер» музейінің құнды жәдігерлерінің бірі. Бүгін біз сол «Зингер» тігін машинасы жайында сөз қозғамақпыз. Олай болса, әуелгі сөзді «Зингер» тігін машинасының шығу тарихына бұрсақ. Әдеттегідей сөз тізгінін осы музейдің ғылыми қызметкері, ақын Бақытбек Бекмұратқа берелік.
«Зингер» сөзі ХІХ ғасырдың орта шенінен бастап адамзат санасына тігін мәшинесі атауымен қатар сіңісе бастапты. Тігін мәшинесінің «Зингер» деп аталуы оны жасаушы шебердің есімімен байланысты екенін өзіңіз де біліп отырған боларсыз.
Анығында, тігін мәшинасы Исаак Зингерге дейін ойлап табылыпты. Тіпті сонау XV ғасырдың өзінде Голландияда кемелердің желкендерін тігетін арнайы тігін станоктар болыпты. Ал, тігін машинасына патент алғаш рет 1790 жылы Ағылшын жерінде кейін Австрия, АҚШ, және Францияда беріліпті. Десек те патенттелген бұл құрылғылардың барлығы шамадан тыс үлкен әрі тым күрделі болса керек.
Бүгінгі күні қолданыста жүрген тігін машиналар ХІХ ғасырдан ғана пайда бола бастаған. Шамамен осы уақытта, яғни, 1811 жылы Нью-Йорк штатына Германиядан қоныс аударған отбасында Исаак Меррит Зингер дүиеге келеді. Кішкентай Исаак соншалықты бір тартымды тәрбиесімен не оқуға деген айырықша ынтасымен көзге түсе қоймаса керек. Сол себепті де оның мектеп табалдырығын аттаған алғашқы жылдары зымырап өте шығады. Ол 12 жасында-ақ мектепті тастап, Рочестердегі үлкен ағасына қашып кетіп, сол жақтағы механикалық шеберханаға жұмысқа орналасады. Санасында саңылауы бар жасөспірім жаңа мамандықтың қыр-сырына тез қанығады. Бірақ та өзінің мазасыз мінезінің кесірінен ол жерден де қашып шығып, қаңғыбас актерлердің труппасына қосылады. Ақыры Америка штаттарының біразын шарлаған Исаак 20 жасына шаңырақ көтеріп, орнықты болуды мақсат қылады. Бостандағы механикалық зауытардың біріне жұмысқа орналасады.
Сол жерде қызмет қылып жүріп өзінің өнертапқыштық талантын аңғартып, неше түрлі құылымдылық тұрғыда жетілдірілген жұмыстарын ұсынумен болады.
Сөйтіп жүріп Зингер 1839 жылы жер қыртысын бұрғылайтын машинаның патентіне қол жеткізеді. Ол патент пен құқықты сатып, сол кездің есебі бойынша қыруар қаражат болып саналатын екі мың доллор табыс табады.
Техника жасаудағы аса талантты инженерлік қабілеті бола тұра, Исаак Зингердің жүріс-тұрысы голливудтық бейнедегі іш пыстыратан «ботаникке» де, «оқу соққан ғалымға» да сай келмейтін еді. Ол театр мен әйелдерге аса қызығушылық танытатын, қуат-күші тасыған, алып тұлғалы адам болатын.
Зингер бірнеше рет үйленіп, 23 баланың әкесі атанады. Соған қарамастан ол өмірінің соңына дейін бала-шағасына қомқор болып өтеді.
Зингер күтпеген жерден тапқан қаржылық табысының арқасында, бір қарағанда ақылға сыйымсыз болып көрінетін, бірақ оның мінезін ескерсеңіз көңілге қонымды болып табылатын шешім қабылдайды. Ол актерлық труппа жинап, бес жылға созылған сапарға аттанады. Ақыры бұл сапарды айтарлықтай іс тындыра алмай, әйелі мен сегіз баласын алып, Нью-Йоркке оралады.
Бұл жерде тігін машиналарын құрастырып шығарушы Орсон Фелпспен танысып, оның шеберханасында жұмыс істей бастайды.
Фелпстің тігін машинкалары бәсекелестерінікіне қарағанда шағын және қарапайым құрылымдардан тұрса да, машинкада тігінен орналасқан қайықшада жіптер үнемі шатасып қала беруші еді.
Бір күні жұмысынан қысқа уақытқа демалыс алған Исаак Зингер, тігін машинкасы құрылымындағы осы бір кемшілікті жетілдірумен айналысады.
Бар-жоғы он күннен кейін таңданысын жасыра алмаған Орсон Фелпстің алдында өзі жасап шығарған тігін мәшинесінен көптеген параметрлерімен озық теникалық туынды тұрады.
Матаны молынан жайып, жылжытып отыратын үстел, көлденеңінен орналасқан қайықша, тесікті ине, матаны жазып отыратын табан және аяқпен басып, мәшнинаны іске қосатын басқыш тігіншінің бір уақытта қос қолмен ұзыннан-ұзақ үздіксіз тігін жасауына мүмкіндік берді.
Негізгі құрылымы үнемі жетілдіріліп, біренше жыл өткен соң мүлдем жаңа үлгідегі, электр қуатына қосу мүмкіндігіне ие, жетілдірілген машинканың түрі пайда болады.
1864 жылғы «Singer-12» тігін машинасы үлгісінің озық болғаны соншалықты – патенттік рұқсаты аяқталған соң да кейінгі тігін машинасын құрастырушылар сол үлгіні көшірумен болады.
Ал 1870 жылы Исаак Зингер АҚШ-та «Зингер» фирмасын ашады. 1900 жылы Ресейдің Подольск қаласында «Зингер» зауыты ашылады.
1917 жылы Кеңес елінде Подольск қаласында тұңғыш механикалық зауыт іске қосылады. Машинаның сыртқы дизаиндері жасалып, фирманың белгісін жазатын болды.
Ал, енді музей қорындағы Ақтоқтының тігін мәшинесіне оралайық. «Әдебиет және өнер» музейінің негізі құрыла бастаған жылдары ғылыми қызметкерлер ел арасына шығып жинақтау жұмыстарын белсенді жүргізеді. Сол жылдары музей қорына қазақтың әдебиеті мен өнеріне, тарихына қатысты көптеген жәдігерлер жинақталып, сұрыпталады. Музейдің сол кездегі ғылыми қызметкері болған Кәрім Ілиястегі Зеренді ауданы Қызылағаш ауылында тұратын Жалмұқанның ұрпақтарынан «Зингер» тігін машинасын алған екен. Ұрпақтары «Зингер» машинасын Ақтоқты әжеміздің көзі деп бергісі келмей біраз қиғылық та салған көрінеді. Ақыр соңында қазаққа құны ортақ жәдігерді халықтың рухани мұрасына айналдыруға көндіргенге ұқсайды. Бүгінгі күнге дейін бұл жәдігер көпшілік көзайымына айналып, музей төрінде тұр.
Пікірлер (0)