Бала кездегі әдеті болашақ мамандығына жетеледі
Сұхбат
3117
Ұлттық дәстүр мен салт-сананы бала бойына ерте жастан сіңіруді мақсат еткен домбыра үйірмесінің маңыздылығы зор. Аспапта шебер ойнау техникасымен қатар, есту, музыканы қабылдау қабілетін арттыратын домбыра – ән-күй арқылы ой-өрісті де дамыта алатын құдіретке ие. Ұлттық аспап арқылы елін, жерін сүйер ұлтжанды, салиқалы, пайым-парасаты биік азаматтарды қалыптастыруға да мүмкіндік бар. Қосшы қаласы Мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі, «Домбыра» үйірмесінің жетекшісі Нұрдәулет Қауланбекұлының редакция тілшісіне үйірме маңыздылығына тоқталып, сұхбат берген еді.
– Әңгімені туған жер, өскен орта, қалыптастырған ұстазыңыздан бастасақ?
– Абай облысы, Тарбағатай ауданы, Үштөбе ауылында туып-өстім. Өнердегі алғашқы ұстазым – Бекболат Құнафин. Жайдары, жайлы мінезімен шәкірт тәрбиелеуге аса ынталы азаматтардың бірі десем артық айтпағаным. Домбыраның әліппесінен бастап, сахна мәдениетіне дейін үйретіп, бой түзеткен ұстазымның есімін әрдайым үлкен мәртебе, мақтанышпен еске аламын. Әншіліктің қыр-сырын үйреткен ұстазым «Сенен артық, сенен мықты әнші жоқ» деп сенім білдіріп, талай бәйгеде оза шауып, лауреат, жүлдегер атанып жүрдік. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген нақыл сөз жақсы шәкірт қалыптастыру жолында өзін аямайтын осындай жандар туралы айтылған шығар. 2015 жылы Мұқан Төлебаев атындайғы Семей қаласының колледжіне оқуға түстім, төрт жыл білім алып, «Дәстүрлі ән» мамандығын меңгеріп шықтым. 2019 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» мамандығына түсіп, биыл дипломымды қолға алдым. Қазір Қосшы қаласының Мәдениет үйінде дәстүрлі әншімін, әрі ұстаздық етуді мақсат еттім.
– Домбыра үйірмесінің маңыздылығына тоқталсаңыз. Балалармен жұмыс істеуде ұстаз бойында қандай қабілет болуы шарт?
– Домбыра үйірмесінің әрбір сабағы ұлттық құндылықты бала бойына сіңіруді мақсат етуі керек. Өйткені домбыра қазақтың жаны, ертеден, көшпелі заманнан бері келе жатқан музыкалық аспабы. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейтініміз де тегін болмаса керек. Үйірмедегі әрбір сабақ ұлттық дәстүр, салт-сана тағылымын оқушылар сезіне білуі маңызды. Ғасырлар бойы қалыптасқан күй, ән өнерін қызыға меңгерсе екен дейміз. Бойында дарыны бар, қабілеті байқалған баланың шығармашылығын шыңдап, өнердің биігіне шығуға жағдай жасай алсақ мұның өзі үлкен жеңіс. Бұған дейін мен екі жыл бұрын жеке мектепте үйірмеде ұстаздық еткенмін. Содан білетінім, балада қабілетпен қатар қызығушылық болуы керек. Шын ынтасы бар бала қарап отырып-ақ меңгеріп алады. Ал қызығушылығы болмаса қанша уақытыңды жұмсап, үйретсең де сол күйі өзгермейтін балалар да болады. Әр бала өзінше тұлға. Бір методикамен бәріне бірдей домбыра үйрету мүмкін емес. Бұл жерде ұстаз баланың тілін, тетігін таба білуі маңызды дер едім. Сабырлы, қажырлы болу да ұстаздың еңбегін нәтижелі етеді.
– Бәйгеге баптап қосып, оза шапқан шәкірттеріңіз туралы айтып өтсеңіз...
– Мен кіші сыныптарға дәріс беретін болғандықтан, оларды бірден ауқымды жоба, конкурстарға алып шығу қиындау. Алдыңа келген он баланың екеуі ғана іріктеліп, байқауға, жарысқа қатысуға ынталуы мүмкін. Сондай ерекше қабілетті балаларым – Абдуали мен Ибрагим. Олар «Арайлы Астана» байқауына қатысып, біреуі бас жүлдені, екіншісі екінші орынды қанжығаларына байлап қайтты. Ұстаз үшін бұл мәртебе, қуаныш. Қазірдің өзінде олар түрлі концерт, жоғары дәрежелі байқауларға қатысып жүр. Ата-аналарымен үнемі байланысты болып, қажет кезде ұстаздық кеңесімді білдіріп, қолдап отырамын.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз? Ерекше хоббиіңіз бар ма?
– Бос уақытым бола қалса, той-жиындарда дәстүрлі ән айтамын. Кітап оқып, сауатымды ашамын, рухани көкжиегімді кеңейтемін. Сурет салғанды да жақсы көремін. Басты хоббиім – атқа мініп, аңға шығу. Ауылға барып атпен серуен құрғанды ұнатамын. Ұзақ уақытқа демалысқа шықсам бірден ауылдың кеңдігін, таза ауасын, жайдары адамдарын сағынып ауылға тартып кететінім бар. Қанша жерден есейіп, ер жетсек те, «ауылдан адам кетсе де, адамнан ауыл кеткен бе» деп аңсарымыз сол жаққа ауып тұратыны жасырын емес.
– Отбасыңыз туралы кеңінен айтып өтсеңіз, өнерге қатысы бар ма?
– Отбасында бес ағайындымыз. Алдымда ағам, үш әпкем бар. Мен үйдің кенжесімін. Әулетіміз өнерден құр алақан емес. Ата-анам бала кезімізден бәрімізге домбыра шертуді үйреткен. Біздің кезімізде ауылдық жерде жарық жиі өшіп қалатын еді. Сондай кездері үйдегілер домбыра тартып, ән айтып уақыттың қалай өткенін аңғармай қалатынбыз. Адамның бала кезіндегі бойына сіңген әдет, болашақ мамандығына да жетелей алатынына осы кездері анық көз жеткізген сияқ-
тымын. Жоғары деңгейде білмесе де, бойымызға қазақы құндылық, дәстүрлі ән-күй құдіретін сіңірген ата-анама айтар алғысым шексіз. «Баланың жақсысы нағашыдан» деген сөз түйіні тегін айтылмаса керек. Нағашыларым елге белгілі әнші, күйші.
– Мақтан етер шәкірттеріңіз көп болсын! Әңгімеңізге рақмет!
Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)