Әнуарбек Сағитов бүгінгі саясатты қолдайды
– Тәжірибелі де, білікті, білімді, өз ісінің шебері болған Галина Вернадская деген кісі мені көп нәрсеге үйретті, бар білгенімен бөлісті. Ұзақ жылдар бойы шаруашылықты басқарды. Әлі күнге дейін алғысым шексіз. Кейін №47 ат зауытының директоры болып қызмет атқарып жүргенімде КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігіне тікелей есеп беретінмін. Мен істеген жылдары екі жаңа сүт кешені, жемшөп өңдейтін зауыт, омарта салынды. Ең бастысы, бізде Қазақстанның ғана емес, бүкіл Одақтың алтын қорына айналған асыл тұқымды жылқылары болды. Ұзын сөздің қысқасы, көп жұмыс атқардық. Нәтижесінде шаруашылығымыз бірінші орынға шықты, мен «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталдым. Содан партияның облыстық комитетінің бірінші хатшысы еңбегімді бағалап, маған бір ауданды атап, «аудандық атқару комитетінің төрағасы болып барасыз» деді. Мен «бармаймын, осында істеймін» деп келіспедім. Үш-төрт айдан кейін қайта шақырып алып, совхоздың директорынан мені Рузай ауданының бірінші хатшысы қылып тағайындады. Одан соң әкімдердің ротациясын жасап, мені Есіл ауданына жіберді, Анатолий Смирнов деген облыс әкімінің орынбасары да болдым. Ол маған «Сізге көңілім түсті, Ғабит Мүсірепов ауданына барасыз» деді. Аудан 466 мың гектер бидай егетін. Уақыт өте келе Көкшетауға Табиғи ресурстар басқармасының директоры болып ауыстым, сол жақтан зейнеткерлікке шықтым, – дейді Әнуарбек Сағитов.
– «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, дана халқымыз тегін айтып отырған жоқ. Орысша айтқанда, баяғы Совет үкіметі кезінде «один был сошкой, а семеро вокруг него были с ложками». Ашығын айтқанда, көп адам жұмыс істеген жоқ. Әрқайсының үйіне барып: «Әй, жұмысқа неге шықпайсың, жұмыс істеу керек қой, саған күнкөріс керек қой» деп үгіттейтінбіз. Үнемі кадр тапшылығы болатын. Қазіргі заманда демократия, бостандық бар. Жұмыс істегің келсе, істе, тап, әлеуметтік тұрмысыңды жақсартып, жақсы үй саламын десең, жұмыс істеп сал. Жаңа машина мінемін десең, мін. Демаламын, шетелге шығамын десең, шық, барып кел. Бәріне де рұқсат бар ғой. Ал Совет үкіметі кезінде ондай болған жоқ. Халық бақылаушысы деген болатын. Қазіргі заманда 5 теңгенің нәрсесін 10 теңгеге сатса, ол – кәсіпкер, ал бұрын оларды «спикулянт» дейтін, – деген естелігімен бөліскен Әнуарбек Мамырұлы сыбайлас жемқорлық жайлы да сөз қозғады.
– Жалпы, адам баласын мектепте, отбасында «біреудікін алма, біреудікін ұрлама, адал жұмыс істе» деп үйретіп отыру керек. Екіншіден, сот жүйесі Ата заңымыз бойынша халықты соған үйретуі керек. Кезінде аудан басқару үшін, ең алдымен, маман, содан кейін басқарма басшысы болуы керек еді, кейін ғана райисполком төрағасы лауазымына тағайындауы мүмкін, – дейді Құрметті Еңбек ардагері Әнуарбек Сағитов.
Жанар АХМЕТОВА
Пікірлер (0)