Ата-анаға артылған жүк басым

Сұхбат
view 2513
news

Мәулет отбасы

Отбасылық құндылықты қалыптастырып, оның мәртебесін арттыруды көздеген «Мерейлі отбасы 2023» байқауының орны бөлек. Мұнда сапалы тәрбие беріп, саналы ұрпақ қалыптастыру жолында аянбаған әулеттер іріктеуден өтті. Облыстық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 7 жеңімпаз отбасы анықталған болатын. Соның бірі – жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлаған Мәулет отбасы. Әулеттің абыройын арттырып, Қосшы қаласының оң имиджінің қалыптасуына сүбелі үлес қосып жүрген Ардаби Мәулетұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының бөлім жетекшісі, «Өнертану» ғылымының докторы, күйші, зерттеуші.  

– Отбасында ынтымақ пен берекені сақтау үшін не маңызды?

– Шаңырақтағы шаттық пен берекені сақтау үшін ата-ананың балаларымен болған қарым-қатынасы, тәлім-тәрбиесі өте маңызды. Отбасында ата-ана қандай, дастарқан басындағы әңгімесінен бастап, іс-әрекетіне дейін қандай болса бала сондай болып қалыптасады. Қарапайым ғана «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қағида бұл. Ұрпағымызды берекеге шақырсақ, берекелі болады, керісінше берекесіздікке тәрбиелесек, берекесіз болып қалыптасады. Отбасының ынтымағы ер мен әйелдің түп негізінен алған тәрбиесімен де тікелей байланысты. Ата-анаға артылған жүк басым. Ер адам қанша жерден миллиондап қаржы тапқанымен, үйдегі әйел оның берекесін келтіре алмаса бәрі бекер. Дүниені айнадай етіп, ұқсатып, тиянақтап отыратын әйел бола білу де шеберлік. Менің жеке басыма келер болсақ, мүмкіндігінше сырттан тамақ ішпеуге тырысамын. Бұл ақшаның жоқтығынан емес, мәселе отбасында дайындалған астың, үйде қайнаған қазаннан ішкен астың бойға қуатпен қатар қуаныш, береке сыйлайтындығында. Дастарқан басында шүйіркелесіп отырып ішкен астың орны тым бөлек. Осы жағдайға да баса мән беру маңызды. Қазір сырттан, қымбат мейрамханадан ас ішуді мақтан тұту сәнге айналып барады. Бұл сырт көзге әдемі болып көрінгенімен, ішіміз қуыс, босап бара жатқандай. Мұның өзі отбасындағы берекені сирететіндей. Біздің жанұядағы бұзылмайтын заңдылық - үйде ас ішу. Жолдасымның анасының қағидасы сондай болған екен. Бұл әрі үнемшілдік, әрі жанұяны жақындастырар тетік деуге болады.    

– Саналы ұрпақ тәрбиесі үшін нені ескеруіміз керек?

– Бұл жерде ең басты құндылық ретінде имандылықты ескеруіміз керек. Иман дегенді мешітке жиі барып, намаз оқуды елестету қателік. Иман дегеннің өзі жүректен болатын асыл қасиет. Қоғамда болып жатқан үлкен мәселелердің негізгі себебі ұлттық құндылық, ұлттық тәрбие мен иманның әлсіздігінен сияқты. Біз отбасында орыс тілінде сөйлемейміз. Ұлттық құндылықты шағын мемлекетімізде қалыптасыру керек деген пікірдеміз. Бұл басқа тілге қарсылық емес. Тілді білу керек. Бірақ отбасында өзіміздің ана тілімізде қалыптасуымыз керек. Тілімізде ойлап, тілімізде баланың буыны қатуы маңызды. Ұлттық құндылық, салт-дәстрүрімізді бала көріп өссе дейміз. Ет ассақ, мүшесімен асамыз, әңгіме айтсақ, өнер мен руханият төңірегінде айтып, сыртқа шықсақ, қазақы болмысымызды қалыптастырар дүниені көрсетуге барымызды салып келеміз. Біздің үйде ұлттық аспаптармен күй тартып, ән шырқау әдетке айналған дүние. Көлігімде де халық композиторларының шығармалары, «Қазақ радиосы» қосылып тұрады. Біз осылайша ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықты бала бойына жастайынан сіңіріп, еліне жанашыр, саналы ұрпақты қалыптастыра аламыз деген пікірдемін. Тәрбие тек сөз жүзінде емес, нақты іс әрекеттерден көрінуі керек.  

– Өзіңіздің өмір жолыңыз... Асыл жарыңызбен қалай таныстыңыз? Отбасыңыз туралы кеңінен айта отырсаңыз...

– Жастайымнан руханиятта жүрген адаммын. Мен өнер жолын колледжден бастап докторантураға дейін оқып, қорғадым. Колледж бен университетті «домбыра, күйшіліктен» оқысам, магистратура мен доктарантураны ғылыми зерттеу бағытында оқып, қорғадым. Қазақтың көшпелі тұрмысын көріп, қалыптасқан қазақтың қарапайым баласымын. Мен үшін ұлттық, рухани құндылық деген дүние мақсатты түрде үйренген , білген нәрсе емес, бұл менімен туып, менімен жасасып келе жатқан болмыс, қасиет. Бала кезден ұлттық құндылыққа жарымай өсіп, орысша тәрбиеленгендер кейін соны үйреніп, құлшынатындар болады. Мендегі жағдай басқаша. Мен көз ашқаннан қазақтың рухани құндылығымен қалыптастым. Жолдасым Пәкизат Нұрдәулетқызы 2009 жылы Астанада Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түскеннен кейін үйлендік. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жайымыз бар. Үлкен ұлым Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында «Домбыра» мамандығында оқиды. Талантты домбырашы деп айта аламын. Оның да бұл салаға келуі отбасындағы үздіксіз рухани, ұлттық құндылықтардың дәріптеліп, іс жүзінде көрсетілуінен деп білемін. Қазір Қазақстан Республикасы ұлттық мұражайының мәдени мұраны ғылыми зерттеу институтының «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» деген бөлімнің жетекшілігі қызметін атқарамын. Ғылым докторымын. Әкем – Мәулет, анамның аты –Райхан. Отбасында сегіз ағайындымыз. Бес ұл, үш қыздың арасындағы алтыншы баламын. Бауырларым Қытайда, Алматыда, Астанада тұрады. Атам халық арасындағы өнер иесі. Өскен ортамда атамды көрген кісілер оның да өнерден құралақан еместігін айтып отырады. Күйші болған дейді. Өзімнің әкем де аккордеон, баян, домбыраны жақсы тартқан. Құсбегілікті де жақсы меңгерген кісі. Бүркіт, қаршыға ұстаған. Жүйрік аттар ұстады, жорға мінді. Қазірге дейін бұл салт, ата дәстүр әулетімізде сақталған. Шешем қазір қатты науқастанып жатыр. Бірақ күні кешеге дейін қолөнерді дәріптеп жүрген, қолдан сырмақ тоқу, тақия, кимешек, киім тігу, жүн түтіп, жіп иіру, киіз басу деген дүниелердің шебері еді.  

 – Жанұяның құндылығын насихаттайтын байқау туралы пікіріңіз...

– «Мерейлі отбасы» соңғы жылдары пайда болған ұтымды бас- тама деп айтар едім. Бұл ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген, қазақы болмысымызды аша түсер жақсы байқау. Ауызда бар, істе жоқ емес, шынайы отбасылық құндылықты насихаттап жүрген отбасылар үшін үлкен қолдау деп есептеймін. Олардың ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегін жалпы халыққа насихаттайтын мән маңызы, міндеті бар, құны жоғары байқау деп қараймын өз басым. Болашақта мұндай дүниелерді көбейтсек игі. Бұл талай отбасының ұрпақ тәрбиелеу жолындағы қызметінің жақсара түсуіне себеп болар еді. 

   – Отбасы күні қарсаңында оқырмандарға айтар тілегіңіз болса...

 – Ақмола ежелден қазақтың салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарының тамыры тереңде жатқан өңір. Кешегі сал-серілік өнердің алтын қазығы деп айтсақ артық емес. Қала ретінде енді ғана қалыптасып келе жатқан Қосшының әлеуметтік, экономикалық, мәдени мәселесі айтар ауызға оңай болғанымен,оның іс жүзінде орындалуы тек ресми мекемелердің ғана емес, жалпы халықтың атсалысуымен бітетін шаруа. Осы жердің тұрғыны ретінде, зиялы қауым өкілі ретінде қолымыздан келген істен аянып қалмауға тырысамыз. Қосшымыз өсіп-өркендеп, дами берсін. Өлкеміздің өркендегені елдің өскені. Қосшымыздың қазақтың гүлденген шаһарына айналуына тілектеспін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Берекесі артып, бақыты еселенген отбасылардың қатары көбейсін!

– Аға, мерейі тасыған мерейлі отбасына айналуларыңызға тілектеспіз!

Сұхбаттасқан Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *