Емдік музыка жан-жарақатын алған пациенттерге арналған

Сұхбат
view 3344
news

Музыканың құдіретін ұлы Абай Құнанбаев: «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй», деп дөп басып айтқан. Шындығында да музыка адам жан-дүниесіне әсер етіп, ерекше көңіл-күй сыйлайды. Ұлы Абай музыканың құдыретін, оның емдік қасиетін сол кезде көрсете білген. Ал Әл-Фараби бабамыздың музыка туралы мұрасы педагогикалық жағынан да, психологиялық жағынан да көптеген зерттеулерге негіз болатыны айқын. Осы ретте №1 қалалық емхананың психологы Балжан Қанапияева пациенттермен жұмыс істегенде музыкатерапия әдісін, соның ішінде фонды музыкатерапияға қобыздың үнін қолданады. – Балжан Нұрғалиқызы, қобыздың үні адамға қандай әсер етеді? Неліктен дәл осы аспапты таңдадыңыз? – Бұл аспаптың 4 000 жылдық тарихы бар. Осыдан-ақ оның өте ертеде пайда болғанын аңғару қиынға соқпайды. Осы музыкалық аспап туралы сөз болғанда, Қорқыт ата ойға оралады. Аңыз-әңгімелерде ол әулие, қобыз күйінің атасы, мәңгілік өмір іздеген адам болып суреттеледі. Бізге жеткен деректерге көз жіберсек, оны алғаш жасаған және күй тартқан адам болған деп айтылады. Қобыз үні пациенттерге психологиялық сауығуға ықпал етеді. Қобыздың үнінен кейінгі пациенттің бойынан психологиялық жеңілдікті, тынысының ашылғандығын,ұйқысының жақсарғандығын, өзінің жан дүниесіне үңілетіндігін, рухани дамуына ықпал жасайтындығын байқадым. – Көбінде психологтар медитация кезінде шетелдің классикалық музыкасын,үндінің мантрасын қолданады. Сіз оған қалай қарайсыз? – Мен оған қарсы емеспін. Десе де, әр халықтың тұрғылықты мекенжайына, этнографиясына байланысты өзіндік музыкасы бар. Біздің қобыз аспабын мықты практик қобызшылар оны жақсы біледі. Тіпті осы туарлы Күмісжан Мукашева деген қобызшы психолог өз пациенттеріне қолданған. Бұл таңғаларлық жағдай емес десе де, қазіргі таңда қобыз тыңдайтын, қобыз терапиясын жүргізіп жүрген мамандарды жын соққан болмаса, шаман деп қарайды. Баяғы заманда психолог дәрігер болмаған уақытта бақсы осы екі маманның рөлін атқарған. Біз шет елдің музыкасын, шетелдің идеясын көшіруден шаршадық, өзіміздің жаңа идеямызды денсаулық, психология саласында үздіктер қатарында болуға неге талпынбасқа, осы мақсатта қобыз терапиясын қарапайым пациенттерге қолдану туралы айтылды. – Неліктен адам музыкадан ләззат алады? Жалпы, аталмыш құбылыс туралы нақты түсінік қалыптас тыру үшін осыған тоқталсаңыз... – Пациент диванға жатады, жеңіл тыныстаймыз, бөлме іші тыныш қауіпсіз болуы шарт. Телефон, басқа да бөгде заттар алыс тұруы шарт. Фонды музыкатерапияның ұзақтығы 15-20 минут. Не үшін мен пациентке диванға жатуға ұсыныс айтамын? Себебі тыныштықта жасалған музыкатерапия әдісінен соң пациент өзін еркін жайлы сезінеді, ойы бір арнаға ұшатасады, ішкі жан дүниесіне үңіледі.Ұйқысы қашып жүрген пациентке бірінші сеанста сөйлесу терапиясынан кейін қолдандым, олар ұйықтап қалды. Ұйқыдан оянған соң «ұйықтай алмай жүрген едім, балбырап ұйықтадым», дейді. Мысалы, қобыздың үнінде тылсым күші бар. Пациенттер өздерін жепжеңіл сезініп, балаша мәз болады. Музыкатерапия әдісінен кейінгі пациенттің жағдайы жайлы айтар болсам, оның тынысы ашылады, бойынан жеңілдік сезімі болады, сондай-ақ ауыр, шаршаңқы мазасыз ойлардан арылады, әрі рухы кемелденіп рухтана түседі. – Балжан Нұрғалиқызы, қобыздың қасиеттілігі жайлы айтып кетсеңіз. Сондай-ақ қарапайым батыстың музыкасын музыкатерапияға қолданып жүрген психолог-тренерлер қаншама. Бізге олар не берді? – Ойланып қарасам, қобыздың қасиеттілігі сондай, жан дүниеңде жиналған мұң мен зарды қобыздың үні арқылы шығаруға болады. Республикаға танымал дәрігер-психиатр Марат Юнусов: «Қобыз ішектерінен төгілген мантралардың жүйке ауруына шалдыққан сырқаттарға аутогендік терапия курстарын өткізу барысында тигізетін ықпалының зор екендігіне еш күмәнданбаймын» дейді. Ендеше, осы қасиетті қобыздың көпшіліктің біз білмейтін беймәлім сырлары да көп. Музыка тыңдаушының ой-санасын өткен шаққа оралтып, уақыт салған ескі психологиялық жарақаттардың біртіндеп жазылып, жан дүниесі қазіргі уақытпен үйлесім табуына әсер етеді. Емдік ән, емдік музыка, музыкалық терапияның адам денсаулығын түзеуге және күйзеліс, стресс, жан-жарақатын алған пациенттерге арналған. Музыканы тыңдау барысында адамның биологиялық жасына қарамастан, оның интелектісінде, жадында, түйсігінде және шығармашылық бастауында даму үрдісі жүреді. Туындылар науқастарға рухани тазаруы үшін күш-жігер беріп, ағзаның жан мен тән сырқаттарын жеңіп шығуына жәрдемдеседі. – Рақмет! Балжан Нұрғалиқызы, еңбегіңіздің жемісін көріп, елге сыйлы ақ халатты жандардың бірі болуыңызға тілектеспіз.

Жанар АХМЕТОВА

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *