Тіс дәрігеріне үнемі бару тістің сау болуын қамтамасыз ететіні баршаға мәлім. Бірақ әрқайсымыз тәжірибелі де, білікті маманға барғанды жөн көреміз. Оған қоса, тіс дәрігерінен қорқу балалардың ғана емес, ересектер арасында да көп кездеседі десек, артық айтқанымыз емес. Алайда бүгінгі күні стоматологиялық кабинеттерде емдеу үрдісін жеңілдететін әртүрлі жабдықтар мен дәрі-дәрмектер бар.
«Тәні саудың – жаны сау» демекші, бұл дүниеде денсаулықтан асқан байлық жоқ. Дегенмен оны екінші орынға ысырып қойып, немқұрайлы қарайтындар да жеткілікті. Қазіргі таңда адамдардың арасында өзекті мәселеге айналған дерттің бірі – тіс ауруы. Дер кезінде дәрігердің қажет емін қабылдамаса, іс насырға шабуы әбден мүмкін.
Жанына шипа іздеп жүргендер жақсы маманға тап болса, қалада мұндай хабар тез тарайды. Соңғы кезде Қосшы қаласының тұрғындары арасында жаңадан келген тіс дәрігері жайлы әңгімені бір емес, бірнеше мәрте естіген болатынбыз. Ол «Лесная поляна» шағын ауданындағы «Жанұя» емханасында жұмыс істейді екен.
Таңғы уақыт. Стоматология кабинетінің алдында адам көп. Кезекте отырғандардың басым бөлігі қабылдауға алдын ала жазылған. Бірақ арасында тіс ауруынан қиналып отырған науқастар да болды. Ажар есімді келіншектің айтуынша, ол мұнда екінші рет келген екен. «Шынымды айтсам, ұлым енді келмейтін шығар деп ойладым. Бір аптадай тісін емдетіп жүрміз. Дәрігерден жыламай шықаннына таңғалғанымды жасырмаймын. Осы жолы «Тағы да тісіңді көрсетуге барамыз. Қорықпайсың ба?» деп сұрағанымда, керісінше «Жоқ, анашым. Барайық» деді.
Ажар ғана емес, өзге адамдар да жаңадан келген стоматолог туралы жақсы пікірлерімен бөлісті. Сол екі ортада емхана меңгерушісімен де тілдесіп қайтқан едік. Ол да соңғы кезде тіс дәрігеріне деген сұраныстың артқанын растап, айдың соңына дейін тұрғындардың қабылдауға алдын ала жазылып қойғанын айтты.
Дәрігерлер күніне 18-20 адамды қабылдауы керек, ал Болат Жармағамбетов бір күнде 30-ға жуық науқастың тісін емдейді. «Ешқашан ешкімге «ертең келіңіз» деп айтпайды. Мейірімділігі соншалық, тіпті түскі уақытында да үлкенді де, кішіні де қабылдауға дайын» дейді әріптестері. Иә, дана халқымызда «тісі ауырғанның көңілін сұрамайды» деген сөз бар. Өзін қоярға жер таппайтындардың бірден ем-дом шарасын жасай кететін тіс дәрігеріне алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдіріп жататындығына өзіміз де куә болдық.
Болат Климұлының бұл салада еңбек етіп жүргеніне 34 жыл болды. 1988 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының стоматология факультетін бітірген жас жігіт Балхаш қаласына жолдама алған көрінеді. Бір жылдай интернатурадан өткеннен кейін сол жаққа стоматолог болып жұмысқа орналасады. Зейнеткерлікке шыққанға дейін білікті маман атанып, ел арасында сый-құрметке ие болады.
– Қалада балаларым тұрады, соларға жақындайын деп осында көшіп келдім. «Жанұя» емханасында қызмет етіп жүргеніме екі айдай болды. Біз сағат 8.00-ден 13.00-ге дейін 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді, ал сағат 13.00-14.00 аралығында жүкті әйелдерді тегін қабылдаймыз. Жазылмай, кезекте тұратындар да бар. Ешкімді қайтармаймын. Мүмкіндігімше бәрін қабылдауға тырысамын. Мен ешкімді бөліп жармаймын, – дейді стоматолог.
Болат Жармағамбетовтің айтуынша, медициналық көмекке жүгінетін адамдардың 60-70 пайызында тісжегі ауруы жиі кездеседі. Айта кету керек, тіс гигиенасын сақтай білу – өте маңызды. Түрлі ауру болмас үшін таңертең және кешкі уақытта кем дегенде 5 минутыңызды арнауыңыз қажет.
– Мен балаларын жетектеп әкелген ата-аналарға «тісті «чупа-чупс», тас кәмпит сияқты тәтті нәрселер құртады» деп айтып отырамын. Шамадан асырмай, белгілі мөлшерде ғана беруге кеңес беремін. Жалпы, тісті жылына кем дегенде екі рет тексертіп тұру қажет. Сонда ғана аурудың алдын алуға немесе емдеуге болады. Ал бос тұрған тісті уақытында алдырған дұрыс. Сонда астында шығып келе жатқан тіс өз орнында болады. «Өзі түседі» деп жүре берсек, әлгі тіс ішке немесе ерінге қарай шығады, – деп толықтырды Болат Жармағамбетов.
Тіс ауруының көзге көрінетіні де, көрінбейтіні де болады. Мысалы, егер кариес асқынып кетсе, ол пульпитке айналады. Ерте ме, кеш пе, тістеріңізді құтқарып қалу үшін дәрігерге барасыз. Сол себепті мүмкіндігіңіз болса, оны кейінге қалдырмағаныңыз абзал. «Мүмкіндік» демекші, қаржы жағын да ескеру керек. Себебі көпшілік «тіс емдету арзан емес» деп жатады. Болат Климұлының сөзіне қарағанда, тіс емінің бағасы таңдалған материалға байланысты екен.
– Бүгінгі медицина бұрынғыдай емес, стоматология саласындағы инновация қарқынды дамып, жаңа технологиялар көптеп қолданысқа еніп жатыр. Осыдан 30 жыл бұрын біз новокоинмен жұмыс жасайтынбыз, кейін ледокоин шықты. Бүгінде сапалы дәрілермен, заманауи аппараттармен жұмыс істеп жүрміз. Емдеу процесінде жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін елімізде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда, – дейді сұхбат беруші дәрігер.
Айтпақшы, стоматолог Болат Жармағамбетов пациенттерді «Жанұя» емханасында ғана емес, жеке кабинетінде де қабылдайды. Өздеріңіз де білесіздер, ересек адамдарға тегін көмек көрсетілмейді. Әр адамның жағдайы әртүрлі ғой. Сондықтан алдымен бағасын біліп, ақылдассаңыз болады.
Жанар АХМЕТОВА
Пікірлер (0)