Мектеп оқушылары арасында болашағын журналистикамен байланыстырғысы келетін дарынды жастар өте көп. Тілші мамандығын таңдайтын оқушылардың арманын жүзеге асыру мақсатында «Бонус» шығармашылық-бастамалар орталығы журналистика үйірмесін ашқан болатын.
Қазіргі таңда 30-ға жуық оқушы медиасауаттылықтарын арттыру бойынша білім алуда. Қатысушылардың жас ерекшеліктері 8-14 жас аралығында. Үйірменің негізгі мақсаты – журналист кәсібінің әдебін терең біліп, жан-жақты түсінуге, сөйлеу және жазу мәдениетін тануға ықпал жасау.
Үйірмеге қатысушылардың журналист мамандығын меңгеруге деген құштарлығы өте зор. Сондықтан да олардың сабаққа деген қызығушылықтары жоғары. «Бонус» шығармашылық-бастамалар орталығында біз мерзімдік басылымдардың мақалаларын, хабар-ошарларын талдап қана қоймай, болашақ кәсібімізбен байланысты басқа да көптеген жаттығулар жасаймыз.
Жақында балалардың коммуникативтік дағдыларын дамыту мақсатында үйірме қатысушылары Қосшы қаласының Jana Bastau газет редакциясына барып қайтты. Басылымның тыныс-тіршілігімен танысты. Басылымның бас редакторы Даулетқали Асауов пен бас редактордың орынбасары, веб-редактор Жанар Ахметова болашақ тілшілердің сұрақтарына жауап беріп, жоспарлары жайлы ой бөлісті. Газет редакторының айтуынша, жаза білетін мамандар әрдайым сұранысқа ие екенін айтып, тілші болатын балалардың қазірден бастап сөз өнерін игеруге мейлінші ден қоюлары керектігін айтты. Сондай-ақ тілшілік машықтарын дамытып, жазуға неғұрылым бейімделе түсу үшін естіген-көрген нәрсесін бұлжытпай қағазға түсіре білуді үйренулері тиіс екенін жеткізді.
– Журналистика мамандығында ең қиыны әңгімелесушіге сауатты сұрақ қою білуде. Сондықтан да тілші адам кіммен сұхбат жасаса да, қай тақырыпты қаузаса да оған іштей дайындалып баруы тиіс. Мәселен, сендер ғарышкер туралы жаздыңдар дейік, әйтпесе шахтер, болмаса өздерің үшін беймәлім басқа бір мәселені көтердіңдер, ал оған әзірлік керек. Жазатын тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеп, ол жөнінде ең құрығанда жалпылама мағлұматтарды білгеніңіз жөн. Әйтпесе, не сұрайтынын өзі білмейтін, ішкі дайындығы жоқ журналист жартып жаза алмайды да, – деді Дәулетқали Асауов.
Сондай-ақ газеттің бас редакторы мақалаға тақырып қоюдың маңыздылығын да атап өтті. «Жақсы тақырып жарты мақаланың жүгін көтереді», деді ол.
Бас редактордың орынбасары, веб-редактор Жанар Ахметова болашақ тілшілерді сайттың жұмысымен таныстырып, ақпараттар қалай жасалатынын, олардың қалай іріктеліп, қалай өңделетінін көрсетті.
«Бонус» шығармашылық-бастамалар орталығы журналистика үйірмесінің үйренушілері Jana Bastau газет редакциясында болып, журналистермен кездескендеріне, басылымның қалай жасалатынын өз көздерімен көргендеріне қуанды.
«Өнер алды – қызыл тіл» деп бабаларымыз тегін айтпаған. Халқымыз сөз өнерін басқа барлық өнерден басым санаған, сондықтан да топ алдына шығып қол бастағаннан, сөз бастаған қиын деп бағалаған. Жалғыз қазақ қана емес, сөз өнері барлық елдерде де құнды. «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» дейді қазақ.
Бұл сөздің маңыздылығы қазіргі ақпарат заманында, тіпті арта түсті. «Кім ақпаратты иеленсе, сол әлемге ие болады» деген де тәмсілді осы жерде естеріңізге сала кеткен де артық болмас. Сондықтан үйірмеге қатысушылардың редакция қызметкерлерімен кездесуі жас талапкерлер үшін өз алдына бір сабақ болды.
Кездесуден кейін болашақ тілшілер газеттің өндірістік-шығармашылық өндірісімен, сайт жұмысымен жақын танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Диана Қаражанова,
«Бонус» шығармашылық-бастамалар орталығының журналистика үйірмесіне қатысушы
Пікірлер (0)