Қарттарымызға қолдау көрсетіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына қарайласу үшін, сондай-ақ олардың уақыттарын пайдалы әрі қызықты өткізуді ұйымдастыру мақсатында Қосшы қаласында Ардагерлер орталығы құрылған болатын. Келешек ұрпағымыздың санасына ұлттық рухты ұялатып, патриоттық сезімді сіңіруде ұйым зейнеткерлерінің еңбегі зор. Сондай-ақ қоғамдық бірлестік Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларын ел арасында насихаттап, көпшілікке түсіндіруде көп жұмыстар атқарып келеді.
Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт нұры тассын» деп бекер айтпаған, бүгінде қаланың мәдени-қоғамдық ісіне белсене араласып, жас ұрпақпен өмір жолындағы іс-тәжірибиесімен бөлісіп жүрген аға-апаларымыз, жолдас-жораларымыз аз емес. Қарттар мерекесінде олардың бірқатарының аты-жөндерін атай кетуді жөн көрдік: Ділдабеков Бауыржан, Сағитов Әнуарбек, Кемешов Өмірбек, Досаев Сансызбай, Қазанғапов Ыбырайқажы, Шәріпжұмаш қария, Мұхамметқали Баймұқанов, Валентина Шаймерденова, Сағидолла Жәнділдәұлы, т.б.
Қосшы қаласында және Сарқырама шағын ауданында ардагерлерге арнап ашылған демалыс орындарында қарттардың көңіл көтеріп, уақыттарын қызықты өткізуге барлық жағдай жасалған. Орталық шахмат, дойбы, нарды сынды спорт құралдарымен қамтамасыз етілген.
Орталықта қарттарымыз мемлекеттік мерекелер мен өздерінің туған күндерін де атап өтуді дәстүрге айналдыра бастаған. Жастарымызды елін сүйер азамат етіп тәрбиелеу, еңбексүйгіштікке баулу мақсатында қаладағы орта мектептердің оқушыларымен жиі кездесулер ұйымдастырылып тұрады. №2 мектепте Ата-аналар академиясы құрылып, оның құрамына Ардагерлер ұйымының да өкілдері кірді. Алдағы уақытта осындай тәрбиелік ұйымдарды барлық оқу орындарында ұйымдастыру ойы бар.
Ардагерлер орталығы жанынан көркемөнерпаздар ұйымы жұмыс істейді. Жылы да жарық, керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген бөлмелер қариялардың бас қосуына ыңғайлы, жайлы орын. Ақсақалдар мұнда шахмат, дойбы ойнап, өзара пікірталас клубын құрып, шығармашылықпен айналыса алады. «Замандас» әжелер хоры мен «Есіл-Нұра» аталар ансамблі репетиция жасайды.
Өнерпаздардың ішінде Райгүл Гайнулинна, Баян Темірбаева, Сәуле Жайбосынова, Бахыт Құсайынова, Күлән Жетпісова, Майра Шәкімбаева, Ұлболсын Қуанғалива, Төлен Исағұлова, Бақыт Әбенова, Төлеу Меткелбаева, Қарашаш Құсайнова, Нұрила Омарова,Сәуле Мәзімова, Райса Есенова, дәстүрлі әнші-композитор Қадырхан Қизатұлы , Жаңбыршы Қожағұлов, Ахметхан Алпысов, Өміртай Айтжанов, Амангелді Ыдырысов, Әбілхайыр Айнабев, Таңатхан Елубаев, т.б. атап өтуге болады. Қоғамдық жұмысқа белсенді араласқан ардагерлерге республикалық, облыстық, қала деңгейінде Құрмет грамоталары, алғыс хаттар және төсбелгі табысталып тұрады.
Ардагерлер ұйымы қарттардың денсаулығына да әрдайым көңіл бөліп отырады. Жыл сайын зейтнеткерлеріміздің 60-70 пайызы дәрігерлік тексерістен өтіп, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Қарттарға деген қамқорлығы үшін біз ақ халатты абзал жандарға ардагерлердің атынан үлкен алғысымызды білдіреміз
Қосшы қаласында ардагерлерге арналған осындай орталықтың ашылуына және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне қолдау көрсетіп жүрген Сайран Әйтенқызы мен Динара Райхановаға алғысымыз зор. Қарттарға әрдайым қамқор болып жүрген қала әкімі Ғайдар Қасеновке алғысымыз шексіз. Сондай-ақ Орталықтың жұмыстарының ұйымдастырылуына көп еңбек сіңіріп келе жатқан Ардагерлер бірлестігінің Алқа төрағасы Абақов Қабділбар мен Айнабаев Әбілхайырдың еңбегі зор.
Сөз соңында айтарым, қай кезде де адам өмірі бәрінен де құнды. Сондықтан қарттар ұйымының атқарып жатқан жұмыстары еріккенің ермегі емес, ардагерлердің қоғам өмірін жақсартуға қосып жатқан үлесі деп дұрыс түсінген абзал. Және бұл жұмыстар жылдан жылға жандана береді, дами береді деп сенеміз.
Өңір тарихының алтын қазығы, сыр сандықтың шексіз шежіресі болып табылатын аға ұрпақтың қай жерде болсын орны бөлек. Ақыл айта білетін, жөн сілтей алатын қазыналы қарттардың арамызда жүргені ғанибет. Өмірдің талай сынағынан сүрінбей өтіп келе жатқан олардың өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Еліміздің ертеңін қолға алатын жас ұрпақ соны біліп өссе, орта буын иелерінің оларға деген құрметін көрсе, ұрпақтар үндестігінің бағасын біледі.
Сағидолла Жәнділдәұлы,
Ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің комиссия мүшесі
Пікірлер (0)