Қосшы қаласында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік концерт өткізілді. Шараға қаланың барлық ардагер ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары қатысты. Есік алдынан бастап әр салада еңбек етіп, қадірлі жасқа жеткен қарттарды аса құрметпен күтіп, орнына жайғастыруы ерекше құрмет болды.
Салтанатты шараның алғысөзін Берген Жұмкейұлы алды.
Ол «Ардақты ардагерлер, құрметті аға буын өкілдері, сіздерді бүгінгі Қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!Біз – әрқашан үлкенге құрмет, кішіге ізет деген аталы сөзді ұрпақ бойына сіңіріп өскен, қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті ұлттың ұрпағымыз. Ардагерлер еліміздің алтын қоры, сіздердің өмір жолдарыңыз бізге аса құнды. Сіздер сабыр мен қарапайымдылық дейтін асыл қасиеттеріңізбен бізді мейірімділік, адалдық пен еңбексүйгіштікке тәрбиелеп келесіздер. Сіздерді шын жүректен қала әкімі Гайдар Қабдоллаұлының атынан құттықтаймын! "Қариялы ел – дариялы ел" дейді. Сіздермен мақтанамыз! Сіздерге қарап, бой түзейміз. Мерекеден мерекеге аман-есен жете беріңіздер!» деп ыстық ықыласын жеткізді.
Қазыналы қарттарға арналған концерттік бағдарламаны халық әндерінің поппуримен «Мұра» тобы ашты. «Күндіз түні бір тынбай, ағып жатқан ақ бұлақ» деп көңілді басталған ән жиылған жұртқа тамаша көңіл-күй сыйлады.
Ұлттық киім, ұлттық аспаптағы жігіттер құлақтан кіріп бойды алар есті, ескі әндерімен аға буынның жас күнін еске салғандай. Бұдан кейінгі Парасат Отан орындаған «Аяулым» әні тіпті ерекше еді.
Ал Айжан Құрақ пен Айгерім Елемесованың жетіген аспабында шебер ойнаған «Алтыныма» күйінің әсері бөлек. Еліткен ерекше музыка тыңдарманды тамсандырды, сүйсіндірді. Азамат Бақия бастаған «Қосшы» этнофольклорлық ансамблі орындаған «Толғау» шығармасының айтары бар.
Халықтың салт-санасы мен тарихының тереңінен сыр шертетіндей әсерлі. Салтанатты шараға таңдалған әр музыкалық нөмір жоғары талғаммен іріктеліп, мықты дайындалғаны анық білінеді.
Артық даңғаза жоқ. Көңілдің нүктесін дөп басардай. Жиынды ары қарай Қайрат Игембаев халық әні «Ақбақаймен» жалғаса, Кенесары Мизамов «Мен сіздерді жақсы көремін деп» сезімнен сыр шертті.
Ал қаламыздың жас өнерпаздарының жұлдыздарын жарқыратуға мол үлес қосып жүрген «Сауран club» орталығынан шыққан «Еркетай» тобы жарқ-жұрқ еткен биімен шараны тіпті қыздыра түсті. Бүлдіршіндердің майыса билеген биі көрерменнің көңілінен шықты.
Бұл жиында тіпті саксафон да болды. «Golden sax» тобы романтикалық аспапта «Сұлу қыз» шығармасын әдемі орындады. «Ән қанат» вокалдық тобының «Ата-әже» әні үлкендердің сезім қылын дөп шерткендей.
Халықтың қазынасы саналар ардагерлерге арналған әдемі басқосуды Біржан Айтахмет пен Диана Алтайқызы «Рахмет, әке!», «Қыр қазағы» әндерімен аяқтады.
Концерт соңында сөз сөйлеген Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы «Баршаңызды ағаш отырғызу шарасына шақырамыз. Осы бір керемет күннің естелігі болып, балаларыңыз бен немерелеріңіз суарып жүретін саялы орман болсын деген ниетпен тал отырғызайық!» деп қарттарға тамаша ұсыныс қалдырды.
Әдемі әсерге бөленген аға буын өкілдерінің бірі қолына күрек алып ағаш отырғызса, екіншісі суарып «Атадан мал қалғанша, тал қалсын! Ізгіліктің амалы болсын!» деп бата берді.
«Бүгін сондай ерекше әсер алдық. Жастардың жақсы дайындалғандығы білініп тұр. Кішкентай бүлдіршіндердің биі, халық әндері, ұлттық аспапта ойнаған ұл-қыздар қандай тамаша. Қазыналы қарттарымыз аман болсын! Ұл-қыздарының ортасында жадырап-жайнап, аман- есен отыра берсін! Ауырмай, құрдас- қатарларымен ойнап-күліп жүре берсін!»,- дейді кеш қонағы Рабиға Нақыпбаева.
«Жас келсе іске» деп ғұмырының басым бөлігін еңбекке арнаған қарттардың қоғамдағы орны бөлек. Олардың даналығы мен даралығы бір төбе. Әрқайсысының бір-бір кітапқа бергісіз өмір тарихы мен қым-қиғаш тағдыры бар. Бірақ бәрін біріқтірген бұл мерекенің өскелең ұрпаққа өсиет болары сөзсіз.
Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)