"мемлекеттен ақша беріңдер, істеп көрейін. Болса болды, болмаса қойды" деген бала да сенбейтін фарс
Сурет: Ашық дереккөзден
Журналист Тоқтар Жақаш Аралға "қолдан жаңбыр жауғызған" климаттық технологиялар маманы, инженер, өнертапқыш Алтай Айнабектің әрекетіне күмәнмен қарады, деп хабарлайды janabastau.kz.
Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Аралды жаңбырмен толтырам" деген сөз "мемлекеттен ақша беріңдер, істеп көрейін. Болса болды, болмаса қойды" деген бала да сенбейтін фарс қой! Бұрнағы кезеңде Арал кемерінен асып жатқанда - Каспийдің суы құйғанын тарихтан білеміз. Тіпті, одан да бұрын геологтардың зерттеуінше, Қаратау жотасы шөккенде, теңізге Әму мен Сырдан бөлек, Шудың суы да құйып отырған.
Қазір Сыр мен Әмудің жағдайы белгілі. Шу - Мойынқұмның құмына сіңіп жоғалады. Меніңше, Аралды толтыру үшін Сыр мен Әмудің суы толып ақса да шамасы жетпейді. Екі дарияның суын толтырып, үшінші бір үлкен өзенді қоспаса болмайды! Ал жаңбыр деген әшейін, себелеп өтіп, жер асты суына да жете алмай, кеуіп кететін жеңіл нәр ғана ғой! Ғаламдық климатты өзгерту үшін ғаламдық жұмыстар қажет!
Ол дегенің - 68 000 шаршы шақырым теңіздің үстіне шілдеге қарамай, қуаңшылық болжанғанына қарамай, кемі 100 миллиметр су жауын түрінде түсті деген сөз. Сонда ол - шамамен 6-7 текше шақырым су. Ал жұмыстар басталар алдын мен парақшамдағы бір видеомда ескерткендей, периферияда да жауын болады, өйткені жауынды Арал теңізінің үстіне локализациялау этапына өткен жоқпыз. Ол кезде нәтижелер бұйырса тіпті керемет болайын деп тұр. Біздің жағдайда периферия деген Аралға су беретін Сырдария мен Амудария өзендері және басқа аймақтар. Жер асты су деңгейі де артып жатыр. Көрші елдер бұрынғыдай Аралға суды қысып беруге мүмкіндігі де болмай отыр. Яғни, амалсыз суды Аралға "сброс" жасап жатыр, Аралға қайтарып жатыр, барлығына су жетіп артылып жатыр", - дейді журналист.
Ерекше технология авторының айтуынша, су саласына жауапты министр Қызылорда облысына сапарында Солтүстік Аралға құйылатын су көлемі 12,5 есе артқанын мәлімдеді.
"Ол әлі де аз көрсеткіш. Бұйырса су одан да көп келеді, өйткені соңғы жауындардың сулары әлі Аралға жетіп үлгерген жоқ. Осы постпен сіздерге бірнәрсені айтқым келеді, жобаның басталу уақытын біз белгілеген жоқпыз. СуШар министірлігі (Су ресурстары және ирригация министрлігі - еск.) болжам бойынша жауын аз болатын кезеңді таңдады және де бірінші этаптың аяқталу уақытын да аталмыш министрлік шешеді. Біздің ойымыз бен әрекетіміздің барлығы бұлт және жаңбырмен Аралға су құю ғана", - деп жазды ол.
Пікірлер (0)