«Қосшы Аруы – 2026»: сұлулық пен парасат тоғысқан кеш

Қосшы жаңалықтары
view 38
news

Фотосурет: дереккөз

4 наурыз күні Қосшы қаласында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында дәстүрлі «Қосшы Аруы – 2026» қалалық сұлулық байқауы өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Іс-шара Қосшы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

«Қосшы Аруы» – бұл тек сұлулық бәсекесі ғана емес, парасат пен пайымның, өнер мен өрелі ойдың тоғысқан алаңы. Биыл бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылған байқау қаламыздың дарынды, білімді, өнерлі және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген аруларын анықтауды мақсат етеді.

Осы уақыт аралығында жоба жастар арасында өзіндік беделі мен маңызын айқындап, тағылымды дәстүрлі жобаға айналды. Биылғы байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Арулар алдымен таныстыру кезеңінде өздерін көпшілікке таныстырып, кейін шығармашылық өнерлерін көрсетті.

Сонымен қатар зияткерлік сұрақ-жауап кезеңінде өз білімдері мен ой-өрістерін дәлелдеді.

«Ұлы дала ханымдары» атты арнайы кезеңде қатысушылар ұлттық образдарды дәріптеп, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін сахна арқылы әсерлі жеткізе білді. Жалпы байқауға тоғыз ару қатысып, өзара бақ сынасты.

Қатысушылар сахна мәдениетін, шығармашылық қабілеттерін, білім деңгейін және ұлттық құндылықтарға деген құрметін жан-жақты көрсете білді. Көрермендер үшін бұл кеш ерекше әсерлі әрі есте қаларлық сәттерге толы болды.

Байқау қорытындысы бойынша қатысушылар түрлі номинациялар мен жүлделі орындарға ие болды. Номинациялар:

• «Парасатты ару» – Аида Ақылбекқызы

• «Инабатты ару» – Жұматай Мерей

• «Өнерлі ару» – Сельма Серікқызы 

• «Желі жұлдызы» – Аяулым Айдарқызы

• «Сымбатты ару» – Таратқан Інжу Жүлделі орындар:

• III орын – Орынбасар Махаббат • II орын – Сымбат Ерболқызы

• I орын – Дильназ Жанатқызы

Ал Бас жүлдені Марал Ерназарқызы иеленді. Жеңімпазға Дубай қаласына жолдама табысталды.

Сонымен қатар жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Қосшы Аруы – 2026» – сұлулық пен сананы, дәстүр мен заманауилықты үйлестірген жарқын жоба. Мұндай бастамалар жастардың өнерін шыңдап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлкен үлес қосады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *