Қосшы қаласында «Ана – ғұмыр, ана – жыр, ана – өмір шуағы» атты салтанатты мерекелік концерт өтті

Қосшы жаңалықтары
view 358
news

Фотосурет: Қосшы қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінен

Бүгін Халықаралық әйелдер күніне орай Қосшы қаласының Мәдени-спорттық кешенінде «Ана – ғұмыр, ана – жыр, ана – өмір шуағы» атты салтанатты мерекелік шара өтті. Салтанатты шара басталардың алдында классикалық үлгіде ақ-қара түсті киім киген жігіттер мерекеге келген қонақтарға ізет көрсетіп, қарсы алып, орындарына жетектеп апарып, жайғастырып жатты. Мерекенің шымылдығы «Кәусар» би ансамблінің мың бұралған қазақ биімен ашылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.

 

Бұдан кейін сахна төріне көтерілген Қосшы қаласының әкімі Азамат Есімұлы жиылған қауымға мерекелік тілегін арнады. «Ақжаулықты әжелер, аналар, сұлу қарындас, қырмызы қыздар, баршаңызды көктемнің алғашқы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ қай заманнан ананы сыйлап, қызға құрмет көрсете білген. Жер бетіндегі жақсылық атаулының бәрі аналардың үлкен жүрегімен әрленеді десек, жылына бір тойланатын мерекеде олардың еңбектері бағаланып, сый-құрмет көрсету – біздің парызымыз! Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт, отбасыларыңызға бақ-береке, амандық тілеймін!» деді әкім. 

 

А. Қапышев құттықтау сөзінен кейін бір топ аналарды марапаттады: «Күміс алқа» төсбелгісін Назгүл Дәулетбайқызына, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін Майра Әсембайқызына табыс етті. Қала әкімі Қосшы қаласының дамуы сүбелі үлес қосқан әр саладағы нәзік жанды аруларды алғыс хатпен, гүл шоғымен құттықтап, ықылас танытты.

Салтанатты шараның ресми бөлігінен кейін, «Балдәурен» балабақшасының кішкентай бүлдіршіндері «Әже, әжетайым» әнін әдемі орындап, сахна көркін аша түскендей. Ал Мәдениет үйінің әншісі Нұрболат Сейітмұратов «Анаға сый» әнін орындаған сәтте жігіттер қауымы залда отырған аналарға гүл сыйлады. 

«AMANAT» партиясы Қосшы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Рақымжан Сейдахметов: «Қымбатты аналар және арулар! Сіздерді 8 наурыз  Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі мейрам – ізгіліктің, мейірімділіктің, әдеміліктің нышаны. Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз әркімнің жүрегінде сенімділік ұялатып, шуақ сыйлайды. Осы айрықша қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елге ырыс- құт дарысын. Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт, көтеріңкі көңіл - күй тілеймін!» деп ізгі тілегін арнады.

Сахна төріне көтерілген қазақ эстрадасының жас жұлдызы Мәди Қадыров «Сұлу қыз, ару аналарымызды, аяулы әпке-қарындастарымызды бүгінгі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Әрқашан бізді махаббат пен мейірімге бөлеп, жанымызда болыңыздар! Көңілдеріңіз көтеріңкі, дендеріңіз сау, жүректеріңіз махаббатқа толы болсын!» деп көпке танымал «Девочка из Караганда», «Махаббат апарады Гавайға» әндерін тарту етіп, жиылған жұрттың көңілін бір көтеріп тастады.

Мерекелік шарада әдемі ән, жанға жылу берер тәтті тілек, ырғақты би де болды. Бастысы аналар мен арулардың жүздерінде қуаныш, жанарларында от ойнап, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.
                                                                          
 Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *