Репродуктивті денсаулық апталығы несімен маңызды?
Сурет: Ашық дереккөзден
Қазақстанда 12–16 мамыр аралығында республикалық Репродуктивті денсаулық апталығы өтіп жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте Көкшетау қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Жұлдыз Алпылам мәлімдеді, деп хабарлайды janabastau.kz.
Оның айтуынша, апталықтың басты мақсаты – қазақстандықтарға болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін өз денсаулығына дер кезінде көңіл бөлу қаншалықты маңызды екенін еске салу.
«Репродуктивті денсаулық – бұл тек бала туу мүмкіндігі емес. Бұл – дені сау сәбиді дүниеге әкелу, жүктіліктің сәтті өтуіне сенімділік және түрлі инфекциялардан қорғану», – дейді маман.
Жұлдыз Алпыламның айтуынша, болашақ ана мен әкенің денсаулығы тікелей олардың өмір салтына байланысты. Әйелдер үшін бұл – зиянды әдеттер, бұрынғы аурулар мен жасанды түсіктер. Ал ер адамдарда – күйзеліс, темекі шегу, қозғалыссыз жұмыс және тар киімдер де кері әсер етуі мүмкін. Сифилис, гонорея секілді жұқпалы аурулар репродуктивті жүйеге айтарлықтай зиян келтіреді. Маман денсаулықты сақтау үшін профилактикалық шараларды уақытылы жүргізу маңызды екенін айтты.
«Дұрыс тамақтану, белсенді өмір салты, толыққанды ұйқы мен зиянды әдеттерден бас тарту – бәрімізге белгілі, бірақ көбісі бұл қарапайым қағидаларды елемейді», – дейді дәрігер.
Апталық аясында емханаларда тегін дәрігерлік кеңес, тексеру, дәрістер мен ақпараттық материалдар тарату ұйымдастырылады. Ерекше көңіл отбасын жоспарлау мәселесіне бөлінеді. Бұл – көп отбасына тікелей қатысты маңызды тақырып.
«Отбасын жоспарлау – бұл шектеу емес, бұл – жауапкершілік пен еркін таңдау. Қашан, қанша және қандай балалар дүниеге келетінін ата-ананың өзі саналы түрде шешуі керек», – деді Жұлдыз Алпылам.
Дәрігердің айтуынша, бала тууға ең қолайлы жас – 20 мен 35 жас аралығы. Өте ерте немесе тым кеш жүктілік жиі асқынулармен өтеді. Сондай-ақ, әр босанудан кейін кемінде екі жыл үзіліс болуы тиіс – бұл ананың ағзасының қалпына келуі үшін қажет.
Мамандар жастарға отбасын құрмас бұрын медициналық тексеруден өтуге кеңес береді: анализ тапсыру, денсаулықты тексеру, қажет болса емделу. Жүктілікке үш ай қалғанда фолий қышқылын қабылдап, зиянды әдеттерден бас тартып, дұрыс тамақтану мен ұйқы режимін орнату ұсынылады.
«Жас жұптар қабылдауға келіп, отбасылық өмірге дайындалғымыз келеді деп айтқанда, мен өте қуанып қаламын. Бұл – ересек әрі саналы шешім», – дейді дәрігер.
Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған отбасындағы әйелдерге тегін медициналық көмек көрсетіледі. Көрсетілім бойынша оларға гормональды препараттар мен жатырішілік құралдар тегін беріледі.
Дәрігерлер жасөспірімдер арасында жасанды түсік мәселесіне де ерекше тоқталды. Аборт – контрацепция тәсілі емес. Ол әсіресе психологиялық тұрғыдан қыз балаларға ауыр тиіп, ұзақ мерзімді қиындықтарға алып келуі мүмкін.
«Мұндай жағдайлар нәзік әрі мұқият қарым-қатынасты талап етеді. Қыз бала бұл қиындықпен жалғыз қалмауы керек», – деді Жұлдыз Алпылам.
Репродуктивті денсаулық апталығы – мамандардан кеңес алып, тексеруден өтуге, өз денсаулығы жайлы маңызды сұрақтарға жауап табуға тамаша мүмкіндік. Ең бастысы – ұялмай, ашық сөйлесу және болашақ денсаулыққа бүгіннен бастап қамқор болу.
Пікірлер (0)