Софы Сматаевқа "халтурщик" деген әкім – тарих алдында кім болады?
Фотосурет ашық дереккөзден
Софы Сматаев: «Менің атымды естімесеңіз, “халтурщик” екенімді қайдан білдіңіз, әкім мырза?»
Қазақ әдебиетінің ардагері, Қазақстанның халық жазушысы Софы Сматаев Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа ашық реніш хатын жария етті. Жазушы әкім тарапынан елемеушілік пен “халтурщик” деген ауыр сөзге қатысты үнсіз қалмады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
4 шілде, 2025 жыл.
Софы Сматаевтың әлеуметтік желіде жарияланған хатынан:
«Жасыңыз баламнан да кіші болса да, туған облысымның әкімі болып отырған соң, "сіз" деп сызылуға мәжбүрмін. Бірақ "халтурщик" деп мені атауға қандай құқығыңыз бар еді?»
Софы Сматаевтың айтуынша, 25 маусым мен 2 шілде аралығында әкіммен байланысуға тырысқанымен, еш жауап болмаған. Бұған қосымша, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жолдаған ресми хатқа әкімнің: «Сматаев дейтін жазушыны естісем, құлағым керең болсын. Ондай халтурщикке төлейтін бюджетімізде 1 тиын жоқ!» деп жауап бергені де жазушыны бей-жай қалдырмаған.
“Халтурщик” деп кімге айтып отырсыз?
Жазушы әкімнің мұндай сөзін өз еңбегіне ғана емес, бүкіл қазақ руханиятына тіл тигізу деп бағалайды:

57 кітап, 27 том шығарған қаламгер;
«Елім-ай» тарихи эпопеясының авторы;
19 пьеса, бірнеше либретто, киносценарийлер жазған драматург;
Философиялық эсселер, афоризмдер, рубаят жанрын жаңғыртқан ақын;
5 мәрте инфаркт, 2 инсульт, қылтамақ дертін бастан кешірген адам;
40 жыл бойы қаламақы алмаған еңбек иесі.
«Сыдық Мұхамеджанов, Еркеғали Рахмадиев, Латиф Хамиди сынды классик композиторлармен жұмыс істеп, операларға либретто жаздым. Біржан сал, Жаяу Мұса туралы повестер мен поэмаларым елге тарады. Театрлар мен экрандарда туындыларым қойылды. Бұл еңбекті көрмей, мені “халтурщик” деу – барып тұрған рухани масқара», – дейді қаламгер.
Елім дегендер “халтурщикті” қалай құрметтеген?
Жазушы бұл тұста тек мәдени саладан емес, ел басқарған ірі тұлғалардан көрген қолдауды мысал етеді:
Димаш Қонаев жер берген;
Нұрсұлтан Назарбаев үй салуға көмектескен;
Заманбек Нұрқаділов пәтер сыйлаған;
Бердібек Сапарбаев, Қырымбек Көшербаев, Иманғали Тасмағамбетов, Бақытжан Сағынтаев сынды шенеуніктер кітаптарына демеуші болған.
«Бәрі менің “халтурщик” екенімді сізбен кеңеспей білмей қалғаны ма?» – деп ашына сұрайды жазушы.
“Өз елінде өгей...”
Хат соңында Софы Сматаев қазіргі тағайындалып жатқан жас әкімдерге де тоқталады:
«Тоқаев тағайындап жатқан облыстардың орыс тілді әкімдері Сматаевты оқымақ түгілі, танымайды да. Бұл – елдің рухани түпқазығы мен тарихына деген көзқарасты көрсетеді.»
Қорытынды
Бұл хат – бір қаламгердің ғана емес, тұтас рухани ұрпақтың мәдениетке, адамгершілікке, сыйластыққа деген жанайқайы. Мәдениет пен әдебиет – бюджеттік есептің құрбаны емес, ұлттың ар-намысы екенін ұмытпаған жөн.
P.S. Қарағанды облысының әкімдігінен бұл хатқа ресми жауап әзірге берілген жоқ.
Пікірлер (0)