Ұлттық өнердің хас шебері

Редакция таңдауы
view 325
news

Бүгінге дейін жалпы саны 8 мыңнан аса 52 түрлі музыкалық аспап жасаған

Қазақ, ұлттық құндылық десе, ойымызға ең бірінші келетіні – қара домбыра. Ұлттық аспапты жасау шеберлігін ерте кезден меңгерген, қабілеті атадан балаға мирас болып келе жатқан Ділмановтар әулеті күллі қазақ жұртына таныс. Осы кәсіпті жалғаушы Нұржан Қыдырбайұлы Ділманов – Қосшы қаласында үлкен шеберхана ісін жүргізіп отырған кәсіпкер, ұста. – Аға, домбыра жасау ептілікті, тиянақтылықты қажет ететін қызмет қой. Ұсталыққа қалай келдіңіз? – Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Досбол би ауылында 1983 жылы 12 қыркүйекте дүниеге келдім. Отбасында алты ағайындымыз. Біз – Ділмановтар әулеті елге белгілі шеберлерміз. Бұл атадан келе жатқан кәсібіміз. Алматыда әкемнің марқұм інісі Сапарбек Ділманов ағамыз ашқан «Шертер» компаниясында елуге жуық азамат жұмыс істейді. Одан кейін Қызылордада «Алуа» фирмасын ашты. Сол жерден еңбек жолым басталған еді. Одан кейін әскерде болып, азаматтық борышымды өтеп келіп, арман қуып, Алматыға бардым. Өнерімді, қабілетімді қалыптастыру үшін біраз уақыт Бақытжан, Мейірбек Ділманов ағаларымыздың жанында жүрдім. Осылайша, ғұмырымның 15 жылын ұсталықты барынша меңгеруге, шеберлігімді шыңдауға арнадым. – Алғашқы домбыраны неше жасыңызда жасадыңыз сонда? – Ең бірінші домбыраны 10-сыныпта оқып жүргенімде «Алуа» фирмасында жүріп жасағанмын. Қиялға ерік беріп, өз бетіммен дара домбыра жасамақшы болдым. Өз домбырамның әр шанағын әртүрлі етіп, қызыл ағаш, жаңғақтан келтірдім. Сөйтсем, сапалы домбыра олай жасалмайды екен. Балалығым, шалалығым ғой сол. – Домбыра жасау шеберлерінің музыкалық қабілетінің болуы, нота білуі маңызды ма? – Мен білетін көп шебер домбыра тарту білмейді, бірақ мықты ұста. Көпшілігі домбыра шертуден қашқақтайды. Бірақ жан-жақты болғанға не жетсін. Өз басым домбыра тартпаймын. Жаныма келген әнші-күйшілер болса, жаңа домбыраны шерттіріп, дыбысын тексертіп алатыным бар. – Әр шебердің өзіндік дара қолтаңбасы болатын шығар… – Алдымызға келген домбыраны Қазақстан бойынша қай шебердің қолынан шыққан дүние екенін жазбай танимыз. Әр шебердің өзіндік қолтаңбасы бар. Бірақ жастардың арасында кімнің домбырасы сұранысқа ие болса, соның дизайнын көшіріп жасай салу үрдісі қалыптасып барады. Алдыңғы буын ағаларымыз ондай дүниені сынмен қабылдайтын еді. Бірақ өкініштісі сол, нарық заманында көшіріп жасай салу дегенді ұят көрмейтіндер көбейді. – Домбырамызды ұлттық бренд ретінде қалыптастыру жолында жасалып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма? – Бренд ету үшін алдымен ұлттық құндылығымызды патенттеп алуымыз керек. Ертеңгі күні бұл біздің дүние деп шетелдік біреу меншіктеп алса, қалай болмақ? Сол жағы алаңдатады мені. Одан кейін мемлекет тарапынан шеберлердің жұмысына, дамуына қолдау болса екен. Субсидия бөлінсе екен. Шеберлер тапқан ағашымыздан домбыра жасауға мәжбүрміз. Бізде орман шаруашылығы дамымаған. Ағаш жоқ, көбіне Ресейден алдырамыз. Екі ортадағы делдал жақсы пайда көріп отыр. Ақшасы бары алдырады, жоғы арзанқол материалдан жасайды. Сосын сапасы сын көтермейді. Шетелден алған ағашпен жасасақ, алушылар «домбыра қымбат!» деп уәжін айтады. – Домбыраның бастан аяқ дайын болуы үшін қанша уақыт жұмсалады? – Бір домбыраның дайындалуына бір аптаға жуық уақыт кетеді. Ағашымызды таңдауға барамыз, кесеміз, сүргілейміз, қалыпқа келтіреміз, желімдейміз, ою-өрнегі бар. Осылайша, бір аптада бір дүние дайын болады. Қанша уақыт көз майымызды тауысып жасаған дүниені саудаласып алғысы келетіндер көп. Саудаласу – саудагермен жасалатын әдет, ал шебердің еңбегі бөлек әңгіме. Оның жасаған туындысы саудаға түспеуі керек. Саудаласудың жөн-жосығын, орнын білу де маңызды. Қолымыздан шыққан сапалы аспапты көріп, іздеп, сұрастыратын тұтынушылардың бар екендігі қуантады. Біз таяу мемлекеттердің біразына музыкалық аспап жасап беріппіз. Сондай жағдайдың бірі неше жылдан бері тек сырттай танып, бізді сұрастырып жүрген кісі жақында жетігенге тапсырыс берді. Біздің еңбегімізбен сырттай таныс екен. Бәсекелестік мықты, тек алдыңғы орыннан көрінуге тырысатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бұрынғы дағды, бұрынғы үлгіде аспап жасау ескілік болып қалды. – Қолыңыздан шыққан домбыраның ең арзаны қанша, ең қымбаты қаншаға бағаланды? – Жасалып жатқан домбыраның ең арзаны 50 мың теңгеге сатылды, ең қымбаты 300 мың теңгеге бағаланған болатын. Екеуінің бар айырмашылығы дыбыс беретін бет қақпағы мен шанағында ғана. Қымбат домбыраның шанағын, жабынын шетелден алдырамыз. Шетелден алдырған ағаштың сапасы жоғары, қатты, мықты, одан жасалған аспаптың дыбысы да жақсы шығады. Өз еліміздегі қайың ағашы арзан, жұмсақ болады. Соған қарай дыбысы да әлсіз шығады. – Домбырадан басқа тағы не жасайсыз? – Қазаққа тән музыкалық аспаптың 52 түрін жасайды екенмін. Ең көп сұраныстағысы – домбыра. Астана қаласының музыкалық мектеп, оркестрларының 80%-ға жуығының домбырасы біздің шеберханада жасалды десем, артық айтпаған болармын. Осы кезге дейін 8 мыңға жуық аспаптың дайындалуына мұрындық болыппын. Бұл біреуге көп, енді біреуге аз көрсеткіш шығар. Бірақ мен үшін сапалы дүние жасау алдыңғы орында тұрады. – Домбыра жасаушылардың ел бойынша ортақ ұйым, қауымдастығы бар ма? Сіздерде тәжірибе алмасу алаңы қалыптасқан ба? – Қарап отырсақ күйшілер, айтыскерлер, домбырашылар одағы бар екен. Ал біз сияқты шеберлердің ұйымы, одағы жоқ, өкінішке орай. Соны үкімет басындағылар қолға алса, түйінді біраз мәселе шешімін табар еді. Бір жағынан білген-білмегенімізді толықтырып отырар алаң болар еді. Бізді марапаттаудың өзі назардан тыс жерде, ақпарат құралдарына жарияланбай, тыныш, елеусіз өтетіні қынжылтады. Әнші, күйшілер де жүрген жерінде аспаптарының кімнің қолынан шыққан дүние екенін айта жүрсе екен. Ол да болсын ата кәсіптің дамуына үлкен қолдау болар еді. – Ұсталығыңызды үйретіп, шеберлікке баулыған шәкірттеріңіз бар ма? – Шеберлердің біразы үлкен қала – Алматыда ғана шоғырланған. Неге Астанаға келмейсіңдер деп біраз тапсырыс берушілер ұсыныс жасап, шақырған. Содан тәуекелге бел буып, 2017 жылы «Шертер» компаниясының филиалын аштық. Қазір жанымда айтыскер ақын Еркебұлан Қайназар бар. Жетіген соның қолынан шығады. Дастан деген інім бар. Ұсталықты жан-жақты меңгеріп жүр. Жігітке жеті өнер де аздық етеді. Ата кәсіпті меңгерем деген азаматтар болса үйрету міндетім деп білемін. Шеберлік – қашанда өлмейтін кәсіп қой.

– Домбыраны қалай таңдаған дұрыс? Мән беретін тұстары бар ма? – Таңдау кезінде мән беретін жері – домбыраның бетқақпағы мен ішегінің арасы 7 мм-ден аспауы керек. Ішегі биік болса баланың ойнауына ауыр болады. Дыбысының тазалығына, ең соңынан әдемілігіне қараңыз. Әйтпесе алдымен түрінің тартымдылығына қарап, ұрынып қалатындар көп. Сапалы домбыраның дыбысы қанық, ойнауға жеңіл болуы – басты шарт. Дүкен, базар сөрелерінде осындай арзанқол аспаптар көп болады. Содан сақтанған жөн. – Аға, мәнді-мағыналы сұхбатыңыз үшін рақмет! Шеберлігіңізді бағалайтын тұтынушы көп болсын!

Сұхбаттасқан Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *